• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 12 Тамыз, 2021

Қайталанбас қолтаңба

450 рет
көрсетілді

Осы суретке қараған сайын, одан бір жылылық көрем. Ата мен әже алдарына немересін алып, соның қызығына тоймай, тамашалап отыр. Бала күнімізде осы көріністі ауылда жиі көрдік. Ата-әжеміз бізді де осылай алдарына алып, қызықтап отыратын. Жалпы, бұл туындының маңызы зор, қараған жанға мазмұнды ой салады. Автор осы суреті арқылы әке-шеше мен баланың арасындағы байланыс, ұрпақ жалғастығы деген өмірлік қағиданы көркем жеткізеді. Мұны суретші 1968 жылы қарындашпен салыпты. Оның иесі ұлттық бейнелеу өнерінде қайталанбас қолтаңбасын қалдырған көрнекті қылқалам шебері Шаймардан Сариев.

Шаймардан ағамыз бейнелеу өнеріне өткен ғасырдың алпысыншы жылдары келген талантты толқынның өкілі. Осы буынды өнертанушылар «қатаң стиль өкілдері» деп айтады. Өйткені олар­дың шығармалары эпикалық сарын­мен, тарихи тақырыптарға барған батылдығымен және композициялық құрылымымен жұрт­шылықты жалт қаратты. Осы буын­ның арасынан Сариев өзінің ешкімге ұқсамайтын дарынымен дараланды.

Айталық, суретшінің форма мен түс­тің үйлесімін үндестіре білген «Арал балықшылары», «Мұнайшылар», «Асан қайғы» атты картиналарынан ұлттық бояу­ға толы ерекшелікті көресіз. Бір ғана «Шопан» туындысындағы шопанның ала­­қанымен жас төлді мейірлене ұстаған сәтін қандай бейнелі жеткізген. Автор осы еңбегі арқылы қазақтың мейірімділігі мен тыныс-тіршілігін таза бедерлеген.

Өнертанушы Сандуғаш Мырзабекова Сариев шығармашылығында түстердің қайталанбас қуаты мен әсері ерекше екендігін айтады. «Суретшінің пейзаждары мен натюрморттарына қарасаңыз тылсым табиғат әлемімен астасқан сырлы саз бен дала үнін бірден байқаймыз. Ол кеңістік пен түстің заңдылықтарын жетік меңгерген шебер», дейді.

Қылқалам шебері портрет жанрында да өнімді еңбек етіп, тамаша туындыларды өмірге әкелді. Айталық, «Лебіз ұлының портреті» (1987), «Құлпытас портреті» (1986), «Шопанның әйелі» (1980), «Тұрар­дың портреті» (1967), «Әйелдің портреті» (1968), «Автопортрет» (1986) және тағы басқа еңбектерінде әр қырынан алын­ған жеке бейнелердің образы арқылы адам­ның жан-дүниесін бояу сырымен шынайы аша білген. Бұларды бейнелеу өнеріміздің қазынасына қосылған сүбелі дүниелер деп айтуға болады.

Шаймардан Сариев – Атырау өлкесін­де өмірге келіп, орта мектепті тәмамдағаннан кейін жолдамамен Қарағандыға ке­ліп, шахтада жұмыс істеген. Cодан соң Ал­маты көркем сурет училищесінде бі­лім алып, Харьковтегі суретшілер инсти­тутына оқуға түседі. Одан кейін сурет­шінің шығармашылық жолы, талай таланттар тоғысқан Алматыда жалғасады. «Жазушы», «Жалын» баспасында қызмет атқарып, кітап көркемдеудің майталманына айналды. 1982 жылы «Өнер» бас­пасынан «Табиғат аясында» атты кітабы жарық көрді. Елімізден басқа, Өзбекстан, Ресей, Украина және т.б. елдерде өткен көрмелерге жұмыстары қойылды.

Жалпы, талантты тұлғаның жолы өмір­де жеңіл болып көрген емес. Шаймардан аға да тіршілікте біраз теперіш көрді. Ол жа­йында Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Мәлік Қайдаров: «Тіршіліктің ұлы кеңістігінде маңдайына жазылған талантты, жүрегін шымырлатып, жан-дүниесін өксіткен мұңды еншілеп, өзінің әнтек, өлшемге сыймайтын мінезімен, пі­шім қалпымен ғұмыр кешкен суретші өмірді, өмірдің шыншыл шырайын, тынысын тылсымы бөлек бояулардан тапты. Бұл – шын мәнінде суретшінің шарқ ұрып іздеп, кедергі, тосқауылдардан тай­сақтамай өтіп, өмірден, өнерден өзін өзі табуы еді. Сондықтан да болар, жылдар бойы сезім зердесінде оянып, қия­лын тербеп, көңіл сарайында жинақталған ой ұшқындарының топтамасына – «Сурет туралы толғаныстарына» ол ұлы Пикас­соның: «Мен іздеймін, табамын!» деген әйгілі сөзін эпиграф етіп алған», деп жазады.

Дарынды суреткер 1988 жылы туған жерінде ауыр науқастан қайтыс болды. Қазір Атыраудағы облыстық көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі Шаймардан Сариевтің есімімен аталады.