Түркияның солтүстік бөлігінде толассыз жауған нөсер салдарынан су тасқыны болды. Апат Қара теңіз жағалауы маңындағы елді мекендерге зиян келтірген.
Нөсерлеп құйған жауын салдарынан көпір құлап, ауыл тұрғындары жарықсыз қалған. TRT Haber арнасының хабарлауынша, Бартин провинциясында бір адам тасқыннан кейін жүрек талмасынан қайтыс болыпты. Бұдан бөлек, Кастамону аймағында 4 адам бақиға аттанып, бір адам хабар-ошарсыз кеткен.
Су тасқыны Синоп, Бартын, Қарабюк және Кастамону провинцияларына зиянын тигізді. Төтенше жағдай салдарынан 13 адам зардап шеккен. Құтқару қызметкерлері жоғалған 80 жастағы әйелді іздестіріп жатыр.
Премьер‐министр жанындағы төтенше жағдайлар және апаттар басқармасы (AFAD) мәліметіне сүйенсек, 12 ауылда электр жарығы сөнген. Сондай-ақ ғимараттардың бірінші қабаттары су астында қалған.
Бартыннан 240 шақырым жерде орналасқан Синоп провинциясында су тасқыны салдарынан бір үй құлаған. Өңірде көптеген тұрғын үй мен кәсіпорынды су басқан. Аймақтағы мемлекеттік аурухана сақтық жасау мақсатында басқа жерге көшірілген.
Синоптиктер нөсер жауын әлі де жалғаса беруі мүмкін екенін айтып отыр. Сонымен қатар жаңбырдың тоқтаусыз жауғанының кесірінен Кастамону провинциясындағы өзен арнасынан тасып, жақын маңдағы елді мекендерге қауіп төндірген. Мәселен, TRT арнасы таратқан бейнежазбада лай судың көліктер мен қоқысты жөңкілте әкетіп бара жатқаны айқын көрінеді.
Бұдан бөлек, нөсердің кесірінен су электр стансасы да тасқын астында қалды. Бұл маңдағы тұрғындарды құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Жергілікті билік тасқыннан қашып, үйдің төбесіне өрмелеген адамдарды құтқару мақсатында тікұшақтың көмегіне жүгінген.
«Метеорологиялық тұрғыдан алғанда, 50, тіпті 100 жылда кездеспеген апатқа тап болып отырмыз», дейді Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы министрі Бекир Пакдемирли.
Су тасқынынан Кастамону қаласы ең көп зардап шекті. Аймақтағы Бозкурт қаласы су астында қалды, ондаған көлікті тасқын алып кетті. Кастамону губернаторлығының хабарлауынша, әлеуметтік желідегі су тасқынына бөгеттің жарылуы себеп болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Әзірге бұл өңірде зардап шеккендер туралы хабар жоқ.
Су тасқыны жергілікті тұрғындарды таңғалдырып отыр. The Guardian агенттігіне пікір білдірген, осы аймақта мейрамхана қызметімен айналысатын Нури Ерсоз тасқынға куә болғанын, 10 минуттың ішінде лай су бәрін қопарып кеткенін жеткізді. Ол немере ағасының жағдайына алаңдайтынын айтады.
Кастамонуға барған ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу су тасқынынан зардап шеккен кейбір аудандарда су деңгейі «үш-төрт метрге көтерілгенін» алға тартып, көптеген адам шатырға шығып, құтқарушыларды күтіп отырғанын айтты.
«Эвакуация және іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасады. Жандармерия, сарбаздар бүкіл күш-жігерін салып, аймақтағы барлық тікұшақтар құтқару ісіне жұмылдырылады», дейді С.Сойлу.
Түркия кейінгі айларда табиғат апатына жиі ұшырап отыр. Бұған дейін шілде айының соңынан бастап орманнан шыққан өртпен күрескен еді. Тілсіз жау елді мекендерді шарпып, енді үлкен курорттарға жеткен. Ел билігі азаматтарды эвакуациялауға мәжбүр болған.
Қатты желдің әсері мен ауа температурасының жоғарылауынан тілсіз жаудың бақылауға көнуі қиынға соқты. Манавгат қаласында 5 кісі, ал Мармаристе 1 адамды өртке күйіп өлген. Екі қала да – Жерорта теңізіне жақын орналасқан туристік мекендер.
Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожа бір ғана Манавгаттағы өрттен 400 адам зардап шекті деп хабарлады. Олардың 10-ы әлі де ем қабылдап жатыр. Ал Мармаристе 159 адамның денсаулығына зақым келген. 1 адамды күйік шалып, ауруханаға жатқызылған.
Естеріңізге салсақ, шілденің соңынан бастап Түркияда орман өрттері өршіп тұр. Танымал курорттар 13 провинциядағы орман өрті салдарынан туристік маусымның ортасында от пен түтінге оранды. Кейбір жерлерде жалын тұрғын үйлер мен қонақүйлерге жақындады, туристер мен жергілікті тұрғындар эвакуацияланды.
Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Түркияға өрт сөндіретін екі тікұшақ пен 16 құтқарушы жіберді. Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияда болған алапат өрт салдарынан елдің экономикасы мен туристік базасына орасан зор шығын келгеніне және азаматтардың денсаулығына ауыр зардабын тигізгеніне байланысты Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоғанға ниеттестік білдірген жеделхатын жолдады. Сонымен қатар бауырлас халыққа гуманитарлық көмек көрсетуге дайын екенін атап өтті.