Қостанай облысында Ashyq жүйесінің көмегімен қоғамдық орындарда, көпшілік ортада еркін қыдырып жүрген «қызыл» мәртебелі – 175, «сары» мәртебелі 146 адам анықталды. Олардың ішінде Лисаков, Рудный, Қостанай қалаларының, сондай-ақ Қостанай және Алтынсарин аудандарының тұрғындары бар екені анықталып отыр.
– Ол азаматтар айналасындағы адамдарға қауіп төндіретінін жақсы біледі. Бірақ, өкінішке қарай, үй карантинінде жатқандардың кейбірі дәрігерлер қойған талапқа жауапкершілік танытпай, көпшілік орындарға шығуын тоқтатар емес. Оларды біз Ashyq қосымшасы арқылы анықтаймыз. Оң нәтиже көрсеткендердің бәрі осы қосымшаға енгізіледі, – деді облыстың бас санитарлық дәрігері Ермұханбет Дәулетбаев.
Ресми мәліметтер бойынша, өткен аптада облыста үй карантині тәртібін бұзған 10 адамға хаттама толтырылып, олардың бәрі 30 АЕК көлемінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бас санитардың сөзінше, дәл қазір қалған тәртіп бұзушыларды жауапкершілікке тарту мүмкін болмай тұр, өйткені олар әлі карантинде жатыр.
– Тәртіп бұзушылардың көбі қазір үй карантинінде жатыр. Оларды жауапкершілікке тарту үшін біз шақырту жіберуіміз керек. Бұл карантин мерзімі аяқталған соң ғана мүмкін болады. Үй карантинін бұзғандардың бәріне әкімшілік іс қозғалды. Жауапкершілікке тартылғандардың біразы өз мәртебелерін тексеріп көру үшін смартфондарын біреулер арқылы беріп жібергенін айтып жатыр. Мұндай жағдайлардың бәрі тексеріледі, – деді бас санитарлық дәрігер.
Ashyq арқылы анықталған жалпы саны 321 «қызылдың» 55-і өзге өңірлердің тұрғындары екен. Санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің мамандары олардың ісін өздері тұратын мекендердегі құзырлы мекемелерге жіберген. Ал сырқаттармен байланыста болғаны үшін «сары» мәртебесіне ие болғандарға, қазірше, айыппұл салынбайды, құзырлы органдар оларға ескерту берумен ғана шектеліп отыр.
Үй карантинін бұзғандардың аты-жөні жалпыға қолжетімді санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің ресми сайтына енгізілді.
Қостанай облысы