Жуырда Жалағаш ауданында тұратын оқырманымыздан хат алдық. Зейнеткер ұстаз Мәрия Ханзадақызы өз хатында ірі өндіріс орындары жоқтың қасы саналатын аудандағы жұмыссыздық мәселесін көтеріпті. Ауданда мамандық алып келген қаншама жас үйінде отыр немесе Жұмыспен қамту орталықтары тауып берген уақытша жұмысты малданып жүр.
Солардың бірі – хат авторының ұлы Бақдәулет Ханзадаев. Ол осыдан екі жыл бұрын облыс орталығындағы медициналық колледжді бітіріп, тәжірибеден де өткен. Бірақ қазір дипломды сандыққа салып қойып, орталық берген маусымдық жұмыста жүр.
«Сондағы алатын айлығы бір аяқкиімге жетпейді. Жұмыспен қамту орталығы өз мамандығы бойынша жіберуге құзырлы емес. Жап-жас білімі бар қыз-жігіттердің көшеде қоқыс тазалап жүргеніне қарным ашады. Емхана бас дәрігеріне бірнеше рет жұмыс сұрап бардым. Мені «Бір орынға үш-төрт адамнан келеді, жұмыс жоқ» деп шығарып салып, артынша талай адамды қабылдағанын көріп отырмын. Балам екеуміз ғана тұрамыз, асыраушымыз жоқ, яғни әлеуметтік жағдайы төмен отбасымыз. Сайлаулардың қарсаңында «Біз біргеміз!» деп ұрандайтын партиялардан да көңілім қалды», дейді хат иесі.
Хат иесі көтеріп отырған мәселе – жастарды жұмыспен қамту қазір облыстағы өзекті мәселелердің біріне айналғаны рас. Жуырда облыс әкімдігі жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңес отырысында аймақта Қазақстан Республикасы жастарын қолдау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспардың іске асырылу барысы баяндалды. Бүгінде аймақта 14 пен 28 жас аралығындағылардың саны 176 300 адам. Жұмыссыздық деңгейі 4,2% болса, NEET санатындағы жастар 8,3%-ды құрайды. Жиында мамандарды мұқият тыңдаған облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова тиісті басқармаларға Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарын бітіруші түлектерді мамандықтарына сәйкес жұмысқа орналастыруға тапсырма берді.
Жалпы, Сыр бойы жастарын Ресейдегі жетекші оқу орындарында оқыту тәжірибесі 2014 жылдан бері бар. Осы күні облыс әкімдігі мен Ресей Федерациясының жоғары оқу орындары арасындағы меморандумға сәйкес Мәскеу мен Санкт-Петербургтің 4 жоғары оқу орнында 212 жас білім алып жатыр. Ресей Үкіметінің гранты негізінде сол елдің техникалық жоғары оқу орындарын тәмамдағандардың алғашқы легі «СКЗ-У», «Қызылорда жарығы», «Ансар Сервис», «Теплотехник» серіктестіктері мен мамандандырылған мемлекеттік мекемелерге жұмысқа орналасқан. Одан кейінгілер де жергілікті кәсіпорындарға орналасып, маман атанып жатты.
– Былтыр 20-25 баланы жұмысқа орналастырдық. Биыл диплом алған 77 түлектің 17-сі магистратураға түсіруді жоспарлағаны анықталды. Жиырма шақты жастың жұмыс тапқаны, үйленгені, басқа аймаққа көшіп кеткені белгілі болып отыр. Қалған 40 түлекті жергілікті мекемелерге орналастыру үшін келісімдер жасалып жатыр, – дейді облыстық ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Нұркен Мықбасов.
Биыл оқу бітірген түлектерді жұмысқа орналастыру бойынша облыстағы мұнай, уран өндіретін компанияларға, басқа да ірі кәсіпорындарға ұсыныс хат жолданыпты. Жуырда 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында біздің аймаққа насихат жұмыстарын жүргізуге солтүстік өңірден келгендер де осы жастарға назар аударыпты.
Кейбір мамандық иелеріне сай жұмыстың облыс тұрмақ, республикада сирек кездесетіні де қиындық туғызып отыр. Табылған жұмысты місе тұтпайтындардың кездесіп қалатынын да жасыруға болмас. Бірақ мамандардың сөзінен аңғарғанымыз, тәп-тәуір бастаманың жалғасып кетуіне басты кедергі осы мәселемен нақты айналысатындардың анықталмағанынан болып отырған сияқты. Бірнеше басқармаға тең бөлінген міндеттің соңы «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім саларға» айналып кеткендей әсер қалдырып отыр.
Осыдан да облыс әкімі Жастар істері жөніндегі кеңес отырысында осы мәселеге баса назар аударып, Ресейден оқу бітіріп келген жастарды жұмыспен қамтудың жол картасын әзірлеп, бекітуге енгізуді тапсырды. Сонымен бірге жоғары және орта арнаулы оқу орындарын тәмамдағандарды тиімді жұмыспен қамту мақсатында техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру ұйымдарының мамандықтары бөлінісіне талдау жүргізіп, еңбек нарығына қажетті мамандықтар тізбесін қайта жасақтау қажеттігі басқарма басшыларының назарына салды.
Әкім берген тапсырманың межелі мерзімі де өтіп барады. Есітуімізше, көрші мемлекеттен оқу бітіріп келген жастарды жұмыспен қамтудың жол картасы жасалып та қойыпты. Бірақ бұл бастама оқуын бітіріп келгенімен, жұмысқа орналаса алмай талай жерде меселі қайтқан жастарға жол аша ма?
ҚЫЗЫЛОРДА