• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Тарих 13 Тамыз, 2021

Абылай ханның қылышы

1258 рет
көрсетілді

Елбасы кітапханасында қазақ тарихындағы бірегей тұлға – ұлы Абылай ханның қылышының бөлігі сақталған.

 Бұл жәдігерді Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Абылай хан­ның ұрпақтары атынан 2003 жыл­ы 30 желтоқсанда көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы Ермұ­хан Бекмахановтың қызы Нәйлә Бек­маханова табыс еткен.

Зерттеушілердің мәліметінше 1758 жылы Бүкілресейлік патшайым Ели­завета I Орта жүз ханы Абылайға сый­лық­тар мен хандықтың белгілерін, оның ішінде әшекейленген қылышты жолдаған екен.

Кейіннен Абылай ханның немересі Шыңғыс сұлтан Санкт-Петербургтегі III халықаралық шығыстанушылар конгресінің көрмесіне қазақ қолөне­рінің этнографиялық бұйымдарын береді. Олардың арасында Абылай хан мен әкесі Уәлидің жеке заттары, соның ішінде Елизавета сыйлаған қылыш та болған.

Бұл заттың одан әрі тағдыры бұлың­ғыр: қылыш бөлігінің қайтадан Орталық Азиядан табылғаны және неге сынғаны белгісіз.

Нәйлә Бекмаханова өзінің «Миф­тер. Сиқыр. Ғылым» кітабында қы­лыштың бө­лігін Түркістан қала­сын­дағы Қожа Ахмет Ясауи кесене­сін­дегі Абылай ханның қа­біріне барған кез­де алғанын жазады.

Қылыштың жүзі мен сабының жо­ғарғы бөлігі сақталған. Төменгі жағы сынған. Қылыштың бір жақ жү­зінде «Божіею милостію Елисавета Первая Імператрица и Самодержица Все­россіиская пожаловала сею саблею подданного своего Киргисъ Касац­кого Аблай Солтана за его върную служ­бу въ Санкт Петербургъ 1758 го­да» деп алтын белгімен ойылып жа­зылған.

Екінші жағында араб графикасына ұқсас мазмұндағы «шағатай тілінде» жазу бар. Жазбалар жоғарыдан төмен сап жағына қарай оқылады. Жазуы бар ме­талл жұқа алтын сымтемірмен ойыл­ған. Алайда оның ұшқыны да сақ­талмаған.

Қазіргі таңда Абылай хан қылы­шының бөлігі Елбасы кітапханасының ең бағалы жәдігерлерінің бірі саналады. Музейге келушілер атадан мұра болып қалған құнды дүниеге қызыға қарайды.