Жыл басында Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев халықтың банктер алдындағы қарызы шектен асып бара жатқанын, сондай-ақ оның көлемін азайтудың тетіктерін қарастыруға кірісетінін айтқанда, сарапшылар халықтың несиесіз өмір сүре алмайтынын жеткізіп, дабыл қаққан еді. Демек, халықтың несиеге тәуелділігі Үкіметтің қалауымен емес, жеке басының қажеттілігіне тәуелді болып қалғанын аңғартады.
2019 жылғы несие рақымшылығының нәтижесінде заңды тұлғалардың қайтарылуы күмәнді несиесі 9,68 пайызға азайса да микро қаржы ұйымдары алдындағы берешегі 26,8 пайызға көбейіп кеткен еді. Сол себепті сарапшылар халықтың банктерден несие алу мүмкіндігін шектеу айналып келгенде проблемалы несие деңгейін 50 пайыздан асырып жіберу мүмкін екенін ашып айтты. Басқа елдермен салыстырсақ, 2017 жылы Ресейде мерзімі өткен несиелердің үлесі 8 пайыз болса, биыл 4,65 пайызға азайған. Мамырда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейлі банктер активтерінің сапасын бағалау үшін жыл сайын аудит жүргізетінін, несие берудің жаңартылған процестерін іс жүзінде жүзеге асыратынын және кепіл құнын дұрыс бағалау мен қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін талдауға баса назар аударылатынын айтқаны есімізде. Енді сарапшылар сол аудитте активтердің сапасы ғана емес, өтелмеген несие үлесі туралы мәліметтер де қамтылатын шығар деп үміттеніп отыр.
Moody’s агенттігінің Қазақстан бойынша банк секторының жетекші талдаушысы Семен Исаковтың айтуынша, мұндай несиелердің қазіргі деңгейі 18 пайыздан асады. Жыл аяғына дейін ол 2 пайызға төмендеп, 16 пайызбен тоқталуы мүмкін. Fitch Ratings рейтинг агенттігінің тағы бір бағалауына сәйкес, 2020 жылдың аяғында Қазақстанда үшінші сатыдағы (қайтарымсыз) несиелердің орташа деңгейі шамамен 15 пайызды құраған болатын. Мамырдың соңында Fitch вебинарында агенттіктің өкілі Дмитрий Васильев «Қазақстандық банктердегі проблемалық несиелердің едәуір жоғары деңгейі пандемиямен емес, ұзақ уақыт бойы жинақталғанымен байланысты» деген пікірін жеткізген-ді. Оның сөзіне сенсек, пандемия және ІЖӨ төмендеуі жағдайында банктер, керісінше өз теңгеріміндегі осы проблемалық несиелердің көлемін, негізінен активтерді ішінара сатып алу есебінен азайтуға мүмкіндік алған. Д.Васильев айтқандай, Қазақстанның банк секторындағы активтер сапасының негізгі проблемалары дәл осы корпоративтік несиелермен байланысты. Заңды тұлғалардың алған несиесі де кепілсіз берілгендіктен проблемалы несиелердің қатарында тұр.
Бизнеске несие алу әлі қалыптаса қойған жоқ
Еліміздегі шағын және орта бизнес ең алдымен мемлекеттің қолдауына сүйенетінін ескерсек, бізде бизнестің банктерден несие алу және банктердің бизнесті қаржыландыру бәсекесі әлі қалыптаспағанын байқау қиын емес. Сарапшылар экономикадағы мемлекеттің үлесі кемімей, бұл құбылыстың қайталана беретінін айтады. Мемлекет банктерді де, бизнесті де қажет деп тапса қолдап, қаржыландырады. Бірақ соған қарамастан несие пайызы өзгерген жоқ. Ұлттық банктен 9-10 пайызбен несие алған ЕДБ халыққа оны 25 пайызбен береді.
Биыл екінші тоқсанның қорытындысы бойынша әрбір қазақстандықтың орта есеппен 450 мың теңге көлемінде несиесі бар екені анықталды. Несиелендірудің ең жоғары динамикасы мамырда байқалып, жеке тұлғаларға берілген жалпы несие портфелінің (7,9 трлн теңге) үштен бірі тұрғын үй заемдарына тиесілі болса, жартысынан көбі тұтынушылық несиелердің үлесіне тиген.
Қаржыгер Ерлан Ибрагимнің пікіріне сүйенсек, қоғамдық пікірталастардағы саясаткерлердің, экономистердің, кәсіпкерлер мен қаржыгерлердің адамдарды өз қалауын басқара алмағаны үшін жиі айыптауы жалпы әлемдік үрдіске тән. Кейбір адамдар әл-ауқаты неге жететінін бағамдай алмай, несие арқылы қымбат көлікті тізгіндеп, зәулім үйлерде тұрғысы келеді. Мамандардың пайымдауынша, несиелік тәуелділікке әкелетін бірден-бір фактор осында жатыр.
«Дамыған елдерде жылжымайтын мүлікті, автокөліктерді, электр энергиясын, азық-түлік өнімдерін сатудан және медициналық сақтандырудан түскен ақша капиталы қор нарығына қатысушыларға үлкен пайда әкеледі. Бұл халықаралық нарықтағы қаржы айналымының еселеп көбеюіне алып келген. 1983 жылдарға дейін халықаралық нарықтағы қаржы айналымы 2,3 млрд доллар болса, 2001 жылы 130 млрд доллар, 2020 жылдың аяғында 72 трлн долларға дейін жетіпті. 2007-2021 жылдар аралығындағы әлем бойынша несиелендіру 51 трлн долларға жетті. Мұның 80 пайызы банк пен салымшылар арасындағы несилендіру интеграциясы арқылы жүзеге асты», деді Е.Ибрагим.
Несиемен тұрмысты жақсартуға болады дейтіндер жетерлік
Е.Ибрагим әлеуметтанушы, философ Маурицио Лаццараттоның: «Әлемдік экономиканың күретамырына қан жүгіртіп тұрған сала – қарыз экономикасы» теориясын келтіріп, адамдар көлікті, пәтерді, тұрмысқа қажетті заттарды банктерден несие алу арқылы қол жеткізіп, бұл құрылыс компанияларының да, сол технологияларды айналымға шығарып отырған зауыттардың да жұмысын жүргізетінін айтады. Қарыз экономикасы қоғамды несие берушілер мен қарыз алушыларға бөліп, әлеуметтік қатынастардың жаңа моделін қалыптастырды. Яғни біздің қаржы саясатындағы ұстанымымыз М.Лаццараттоның тұжырымдамасымен үйлеседі. Былтырдан бастап төлем қабілеті төмен резиденттерді несие алудан шеттету қажеттілігі туралы шешім шығарылды.
«Қазір банк саласына ғана емес, экономикаға жаңа саясат керек екенін, оның тұрғындардың табысын көтеруге бағытталуы тиіс екенін көріп отырмыз. Банктен несие алудан шеттетілгендер микро қаржы ұйымдарының көмегіне жүгінуге мәжбүр. Адамдардың несиеге деген тәбетін енді тежеу мүмкін емес. Біз халықты бұл дерттен айлық табысын көтеру арқылы ғана құтқара аламыз», деді қаржыгер.
Сарапшының ойына құлақ түрсек, еліміздің қаржы секторындағы несиелендіру мәдениеті – Батыстағы тәжірибенің сауатсыз жаңғырығы. 90-шы жылдардағы Батыс елдері, оның ішінде АҚШ-тағы қаржы дағдарысына проблемалы несие себеп болды. Адамдар тұрмысын жақсартып, әдемі өмір сүруді еңбегі мен табысы арқылы емес, банктің несиесімен шешуге тәуелді болып қалды. Батыстың қаржы жүйесін құрдымға алып келе жаздаған жүйенің себеп-салдарын зерттемей, қолданысқа енгізіп жібердік. Бұл жүйе сырттан қарағанда жас баланы жасанды бөтелкедегі сүтпен тамақтандырумен бірдей.
Алдағы уақыт қаржы секторына да, халыққа да сын болғалы тұр. Себебі елімізде айлық табысының 70 пайызын несиеге салып, қалған 30 пайызын коммуналдық төлем мен нан-сүтіне жұмсап отырған отбасылар жетерлік. Таяу арада ЕДБ ғана емес, шағын қаржы ұйымдары да проблемалы несиесі арқылы Үкімет пен Ұлттық банктің мойнына мініп ала ма деген қауіп бар дейді сарапшылар. Мемлекет экономикадан да, банктен де алдағы екі-үш жыл кетем десе де кете алмайды. Неге десеңіз, банк тығырыққа тірелсе, экономика құрдымға кетеді.
«Мемлекеттің экономикадағы үлесі ІЖӨ-ге қандай әсер етті?» деген сауал – жеке-дара талдауды керек ететін күрделі мәселе. Себебі барлығы үкімет күткендей болса, банктердің экономиканы қаржыландыру деңгейі, несие пайызы қазіргідей болмас еді», деді сарапшы.
Қаржыгер халықаралық тәжірибеде несиенің ықпалы көп жағдайда дамудың қозғалтқышы саналатынын айтты. Ал Қазақстанда банктер экономикаға емес, жекелеген тұлғаларға несие беруге мүдделі. Себебі Ұлттық банкте монетарлық саясаттың түпқазығы – бағаны ұстап тұрумен байланыстыратын ұстаным басым.
«Инфляция шектен тыс тұтынудан туады» деген ұстанымға басымдық беретіндердің қарасы көп. Мұндай көзқарасты Ұлттық банк те құп көреді. Несиемен өмір сүру кейбір замандастарымыз үшін хоббиге айналып кетті. Тіпті өзі о дүниелік болып, артында қалған несиесін әйеліне немесе 10 жастағы баласына мұраға қалдырып кеткендер де бар», деді Е.Ибрагим.
Кедейлік несиеге әкеліп соқтырды
TeleTrade ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі Сергей Лысаковтың сөзіне сенсек, отбасылық кірістің басым бөлігін несиені төлеуге жұмсау – біздің қоғам үшін қалыпты жағдай. Бұл құбылыс тереңдеген сайын несиеге деген тәуелділік те артып, жалқылық сипаттан жалпылық сипатқа айналып барады. 2020 жылдың соңында халықтың мойнындағы несие ІЖӨ-нің 10,9 пайызын құраған. Былай қарағанда бұл үлес – тым қорқынышты емес, қалыпты жағдай. Ресейде бұл көрсеткіш 20,2 пайыз, Қырғызстанда 5,7 пайыз, ал Өзбекстанда 3,2 пайызбен шегеріліп тұр.
С.Лысаков осы тұста ІЖӨ-дегі несиенің үлесіне емес, отбасылық табыстың қанша пайызының несиеге кететініне назар аудару қажеттігін ескертті. Халықтың төлем қабілеті де нақ осы көрсеткішке қарап бағаланады. Ресейде бұл көрсеткіш орта есеппен 22 пайыз болса, Қырғызстанда – 18 пайыз. Демек, көршілес елдер көрпеге қарап көсілу қажеттігін бізден бұрын түсініп алған.
Ал еліміздегі ресми дерек әлі нақтыланған жоқ. Республикада тұтынушылық несиелердің өсімі халықтың номиналды табысынан 15 пайызға артық екенін Есеп комитеті ашық мәлімдеп отыр. Түйіндеп айтсақ, біз әлі де банк несиесі арқылы әдемі өмір сүру иллюзиясынан арылып біткен жоқпыз.
АЛМАТЫ