Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауын зор ықыласпен тыңдадық. Алған әсеріміз бөлекше. Барша Қазақстан азаматтары аса зор ықыласпен қабыл алған биылғы Жолдау «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты кең ауқымды тақырыпты қамтыды.
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауын зор ықыласпен тыңдадық. Алған әсеріміз бөлекше. Барша Қазақстан азаматтары аса зор ықыласпен қабыл алған биылғы Жолдау «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты кең ауқымды тақырыпты қамтыды.
Терең мағынаға ие әрбір жаңа Жолдау – ең алдымен егемен еліміздің ертеңгі жарқын болашағына бастар басты бағыт. Сөз жоқ, Елбасының бұған дейінгі әрбір Жолдауының өзі –құнды да маңызды стратегиялық құжат. Биылғы Жолдаудың өзегі «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға негізделгендіктен, қоғамдағы әр салаға аса жоғары міндеттер жүктеліп отыр. Бұл жолы да Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықты толғандырып жүрген түйткілді проблемаларға айрықша мән беріп, келелі мәселелерге ерекше тоқталды. Елбасының индустриялық-инновациялық бағдарламаларды жүзеге асыру арқылы халықты еңбекпен қамту, заманға лайық сапалы білім беру, ғылым мен экономиканы дамыту, ұлттық патриотизмге серпін беру, жаңа технологияларды игеру сынды маңызды мәселелерді көздеген нақты тапсырмалары көптің көкейіндегі ойды дөп басты.
Экономикалық мәселелерге басымдық берілген Елбасы Жолдауында алдағы уақытта ішкі жалпы өнімдегі инвестиция ауқымын бүгінгі 8-18 пайыздан 30 пайызға дейін жеткізу қажеттілігі айтылды. Осы орайда Елбасы экономиканың жаңа жоғары технологиялық салаларын құру мен ғылымды қаржыландыруды арттыру қажеттілігін де нақтылады. Президент еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағытын экономикалық әлеуетімізді арттыруға негіздеу барысын жетілдіре отырып, Үкіметке ауыл шаруашылығын мейлінше жандандыруды және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында құрғақшылыққа төзімді, гендік модификацияланған дақылдарды енгізу, тәжірибелік агроинновациялық кластерлер құру мәселесін қарастыруды, жалпы, аграрлық ғылымды дамытуды тапсырды.
Жолдауда айтылғандай, Елбасы Үкіметке 2015 жылдың 1 шілдесінен азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа моделін жасап, енгізуді тапсырды. Осы орайда алдағы уақытта білім беру саласы қызметкерлерінің жалақысын – 29 пайызға дейін арттыру көзделді. Бұған қоса 2050 жылға дейін Қазақстанға білім берудің барлық буындарын жақсарту бойынша елеулі жұмыстар бар. Мемлекет басшысының айтуынша, 2050 жылға дейін Қазақстанға білім берудің барлық буындарын жақсарту бойынша елеулі жұмыс атқарылмақ. Сондықтан да жастардың орта техникалық білім алуының мемлекетпен кепілдендірілген ұлттық жүйесіне көшу қарастырылмақ.
Президент Жолдауында жастар саясаты мәселесі мен олардың озық білім алуын қамтамасыз ету жайы да назардан тыс қалған жоқ. Елбасы жоғары үлгерімі бар студенттерді қолдаудың тиімді жүйесін құру қажеттілігіне тоқталып, Үкіметке 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап шәкіртақы көлемін 25 пайызға арттыруды қамтамасыз етуді тапсырды.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруы Қазақстан дамуының ең басты бағыты саналады. Ал адами капиталға қатысты сапаның артуы, оның ішінде білім сапасы мен ғылыми ізденіс нәтижелерін жоғарылату – Президент Жолдауының басты өзегі. Жолдауда жүктелген міндеттер, негізінен, жаһандық дағдарыс салдарынан туындап отырған түрлі қауіптерден Қазақстанның мүддесін қорғау жолын аңғартады. Бір айта кетерлігі, Елбасы анықтап берген мемлекеттік бағдарламалар мен аясы кең мегажобалар өзіміздің ішкі жағдайымызға ғана емес, белгілі бір дәрежеде өзге де әріптес елдермен қарым-қатынасымыздың дамуына серпін берері сөзсіз.
Жолдау барысында 2050 жылға дейін Қазақстан өмір сүру үшін қауіпсіз, қолайлы және қауіпсіз ел болуы тиіс деп мәлімдеген Елбасы: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Қазақ тілін даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. «Қазақстан-2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол», деп атап өтті. Осы орайда Президент «Қазақстан-2050» Стратегиясы жол сілтейтін шамшырақ ретінде еліміздің негізгі мақсаттарын жоғалтпай, адамдардың күнделікті өмірінің проблемаларын шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұл тұрғыда жыл сайын ел азаматтарының әл-ауқатын арттыруға ықпал жасайтындығын жеткізді.
Жолдауда көтерілген ауқымды мәселелер Қазақ ұлттық аграрлық университет ұжымының алдында жаңа міндеттерді айқындайды. Бүгінде мемлекеттің берген жаңа мүмкіндіктерін пайдалана отырып, университетіміз әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне трансформациялануға жұмылуда. Бұл орайда ғылымға негізделген инновациялық іс-шараларды жүзеге асыру білікті ғалымдар мен ізденімпаз студенттерімізге жүктеліп отырғаны белгілі. Қазіргі күні біздің университетіміз еліміздегі аграрлық сала мамандарын даярлайтын алдыңғы қатарлы жоғары оқу орны саналады. Сондықтан да Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы Елбасының агрокешеннің алдына қойған міндеттерін өте жақсы түсініп отыр.
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректораты, профессор-оқытушылар, студенттер, магистранттар және қызметкерлер ұжымы ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында айтылған өзекті мәселелерге кеңінен қолдау білдіріп, ондағы нақтыланған міндеттемелер мен тапсырмалардың жүзеге асырылу жолында аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізеді.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,
ҚР ҰҒА вице-президенті, академик.