• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
16 Тамыз, 2021

Билік «Талибанның» қолына көшті

2719 рет
көрсетілді

Ауғанстанда билік ауысып жатыр. «Талибан» қозғалысы демалыс күндері Кабулға басып кірді. Осыдан кейін президент Ашраф Ғани елден кетті. Сарапшылар АҚШ әскерін елден шығарып, Ауғанстан билігінің тез арада құлауына президент Джо Байденді кінәлауда.

Тәлібтер қалалардың бірінен соң бірін басып алып, ел астанасына жақындағаннан-ақ ауған халқының мазасы кетті. Әсіресе шетелде оқып келген, көзі ашық тұрғындар мүмкіндігінше елден қашуға тырысты.

Әйтсе де, Ауғанстан ішкі істер министрі Абдул Саттар Мирзаквал «Талибан» таяған кезде бейнеүндеу жолдап, Кабулдың транзиттік үкіметке бейбіт жолмен берілетінін мәлімдеді.

Ауғанстан қалаларын шетінен бағындырған «Талибан» ел астанасы маңына жеткенде дамылдаған. Өйткені Кабул үкімет әскерінің бақылауында қалған жалғыз қала еді. Сөйтіп, тәлібтер мәлімдеме жасап, ауған астанасына шабуылдамайтынын айтып, билікті қан төкпей беруді сұрады.

Көп ұзамай-ақ Ауғанстан президенті Ашраф Ғани Facebook-тегі парақшасында неліктен билікті өткізіп, елден кеткен себебін түсіндірді. Оның айтуынша, мұндай қадамға баруы – елде қантөгіс болдырмауды көздегендіктен.

«Бүгін мен қиын таңдау жасадым. Ол сарайға басып кіруге ұмтылған қарулы тәлібтермен бетпе-бет кездесу немесе соңғы 20 жылымды қорғауға арнаған тамаша елімді тастап кету. Егер Ауғанстанды тастап кетпесем, тәлібтер Кабулға шабуыл жасар еді. Бұл бейбіт тұрғындардың қаны төгілуіне әкеліп соғар еді», деп жазды Ашраф Ғани.

Al-Jazeera телеарнасының хабарлауынша, Ашраф Ғани мінген ұшақ Тәжікстанға бет алған. Онымен бірге ұшақта Ғанидің әйелі, кеңесшісі және кеңсесінің директоры бар. Содан кейін Ғани Ташкентке бет алмақ. Ал елдің вице-президенті Амрулла Салех елде қалғанын мәлімдеді. Twitter-дегі парақшасында ол ешқашан «Талибан» содырларының алдында бас имейтінін жазды.

Сарапшылар Ауғанстан билігінің тез құлауына Ақ үй басшысы Джо Байденді кінәлап отыр. Ол, әсіресе, америкалық сарбаздарды әкетуге келіскеннен кейін елшілік қызметкерлері мен АҚШ азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмағаны үшін сынның астында қалды.

Билік «Талибан» қолына өткен соң Кабулда дүрбелең басталды. Бұл көрініс дүйсенбі күні де жалғасты. Бейнежазбадан адамдар ұшақ бас­пал­­дағына көтеріліп, ұшып кетуге ты­ры­­сып жатыр. АҚШ әскері оларды тоқтату үшін аспанға оқ атқан. Reuters агенттігінің хабарлауынша, рейстер дипломаттарды, шетелдік қызметкерлерді және жергіліктіелшілік қызметкерлерін әкетуге арналған.

АҚШ билігі елшіліктегі барлық қызметкерді көшіріп әкетті. Осыған байланысты Ақ үй қосымша 5000 әскер жұмылдырған. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Нед Прайс  мәлімдеме жасады.

«Біз қазір елшіліктің барлық қызмет­кері қауіпсіз жерге эвакуацияланғанын растай аламыз. Олар Хамид Карзай халықаралық әуежайында орналасқан. Олардың қауіпсіздігін АҚШ әскері бақылап тұр», деді Н.Прайс.

«Талибан» өкілі Ауғанстанда 20 жылға созылған соғыс аяқталғанын айтты. Қозғалыс саяси кеңсесінің өкілі жексенбіде Al-Jazeera Mubasher телеарнасына берген сұхбатында Ауғанстанда соғыс аяқталғанын және биліктің түрі мен режімі жақын арада белгіліболатынын жеткізді.

United Airlines жексенбі күні кешке «Талибан» Кабулдағы президент сарайын бақылауға алғаннан кейін Ауғанстанның әуе кеңістігін пайдаланбайтынын, кей рейстердің бағытын өзгертетінін хабарлады.

Emirates Airlines Кабулға баратын рейстерді тоқтатты. «Кабулға баратын билеті бар тұтынушыларға қызмет көрсетілмейді», деп хабарлады Emirates өзінің веб-сайтында.

CNN арнасының хабарла­уын­ша, Ауғанстан активтерінің «басым көп­ші­лі­гі» елде жоқ, сондықтан тәліб­тер­дің қолына түспейді.

АҚШ бастаған 60-тан астам мемлекет бірлескен мәлімдеме жариялады. Онда Ауғанстаннан кеткісі келетін ауғандықтар мен халықаралық азаматтардың кетуіне рұқсат берілуі керек екені айтылған. Сонымен қатар әуежайлар мен шекара бекеттері ашық қалуы тиіс.

БҰҰ басшысы адам құқықтарының өрескел бұзылуы мүмкін екені туралы ескертеді. Бас хатшы Антониу Гутерриш Ауғанстандағы жағдайға түсініктеме беріп, «адам құқықтарының өрескел бұзылуына» байланысты «жүздеген мың» адамның қашып жатқанын мәлімдеді.