Әлемдегі коронавирус пандемиясы қайта қарқын алып барады. Маусымның ортасында індет жұқтырғандар саны азайғандай көрінген. Бірақ шілдеден бастап науқастар саны күннен-күнге көбейе түсті.
Осылайша, жер-жаһанда «жаман тұмауды» жұқтырғандар саны 208 миллион адамға жетті. Өкінішке қарай, соның 4,3 миллионы бақиға аттанды. Қазіргі таңда індет жұқтырғандар бойынша АҚШ тізімнің басында тұр. Бүгінге дейін аталған елде 37,5 миллион адам қауіпті дерттің тырнағына іліккен. 637 мың адам қайтыс болған.
Мұхиттың арғы бетінде жаппай вакцина салдыру нәтижесінде елдегі эпидемиялық ахуал тұрақтанғандай көрінген. Бірақ екпеге сенбейтіндердің кесірінен ауырғандар саны қайта көбейіп барады.
АҚШ денсаулық сақтау жөніндегі ұлттық институтының директоры Фрэнсис Коллинз пандемияның одан әрі өршуі мүмкін екенін айтып отыр. Оның болжамына сүйенсек, алдағы уақытта АҚШ-та күніне 200 мың адам вирус жұқтыруы мүмкін. Қазіргі таңда елдегі індет жұқтыру көрсеткіші 120 мың шамасында тұр. Бұл шілденің басындағы көрсеткіштен 7 есе көп.
«Алдағы екі аптада күніне 200 000 адам науқастануы мүмкін. Мұндай жағдайға қайта келетінімізді ойламағанымызды ескерсек, жүрегіміз ауырады. Осы орайда, вакцина салдырмаған америкалықтарды екпе алуға шақырамын. Біз тамызда емес, қаңтар, ақпанда вакцина салдыруды аяқтап қоюымыз керек еді. Өкінішке қарай, «Дельта» штамы кең тарап, екпе алмаған 90 миллион адамға қауіп төндіріп тұр», дейді Ф.Коллинз.
«Коронавирустың отаны» атанған Қытай бұған дейін індетті ауыздықтағандай көрінген. Бірақ мұнда да «Дельта» штамы дес бермей барады. Былтыр Бейжің билігі ішкі жалпы өнім көлемі өскенін мәлімдеген. Бірақ вирустың жаңа түрі ел экономикасын бәсеңдететін түрі бар.
Қазірдің өзінде Қытай экономикасының өсуі баяулап қалды. Мысалы, шілдеде сауда-саттық 8,5 пайызға өскен. Бұл былтырғы осы уақытқа қарағанда көп. Ал маусымда сауда-саттық 12,1 пайызға өскенін ескерсек, жаңа штамның зияны анық аңғарылады.
«Дельта» штамының таралуына байланысты Қытайда шектеу шаралары күшейтіле бастады. Сондай-ақ елде 18 жасқа дейінгі балаларға да вакцина салу белсенді жүргізіліп жатыр. Коронавирус вакцинасының 60 миллионнан астам дозасы 12 жастан 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерге үлестірілді. Бұл туралы ҚХР Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясы хабарлады. Балаларға Sinovac және Sinopharm компанияларының препараттары салынады. Sinopharm фармацевтикалық концерні өзінің вакцинасын үш жастан асқан балаларға сынаудың бірінші кезеңін өткізіп үлгерді. Компания сәбилерге арналған препарат қауіпсіз деп мәлімдеді.
Аустралияда бірнеше күн қатарынан коронавирустық инфекция жұқтыру санының рекордтық өсуі тіркелді. Ел билігі санитарлық шектеулерді күшейтті. Аустралияның ең үлкен қаласы Сиднейде науқастар саны ұлғайды. Мельбурнде түнгі коменданттық сағат енгізіліп, індеттің өршуіне байланысты шаһардағы локдаун тағы екі аптаға ұзартылды.
Қатарынан үшінші апта қатаң шектеу шаралары жарияланған Сиднейде коронавирустың үшінші толқыны жүріп жатыр. Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының премьер-министрі Глэдис Бережиклиан Сиднейде соңғы тәулікте індеттен жеті адам қайтыс болғанын мәлімдеді. Бұл – осы айдағы антирекорд.
Бережиклианның айтуынша, Жаңа Оңтүстік Уэльсте 478 адамның дертке шалдыққаны анықталды. Бұл да пандемия басталғаннан бергі бір күндегі ең жоғары көрсеткіш. «Дельта» штамының қаупі жас талғамайды. Мәселен, Сидней билігі коронавирусқа шалдыққан 15 жастағы баланың қаза тапқанын растады.
Сиднейде локдаунды сақтамағаны үшін айыппұл көлемі көбейтілді. Үйден 5 км-ден астам қашықтыққа себепсіз кетіп қалған тұрғындар 5 мың аустралия доллары көлемінде айыппұл төлейді. Полицейлермен қатар, мегаполисте 800 әскери қызметші ережелердің сақталуын бақылайды.
Моңғолияда Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырудың 180 мыңнан астам расталған жағдайы тіркелгенін хабарлады. Соңғы тәулікте 6530 ПТР-тестілеу өткізілген. Соның 1 402-і оң нәтиже берді. 9080 пациент медициналық мекемелерде емделіп жатыр. 191 науқастың жағдайы өте ауыр. Бұдан бөлек тағы 2 953 адам – ауыр жағдайда. Жалпыұлттық вакциналау науқанында ересек тұрғындардың кем дегенде 60 пайызына екпе салынады.
Иран Ислам Республикасының билігі коронавирустың таралуына қарсы күрес аясында бүкіл ел бойынша алты күндік локдаун енгізді. Үкімет індеттің бесінші толқынын жариялады. Иранда келесі аптада кезектен тыс демалыс белгіленді. Сонымен қатар коронавирустық жағдайдың ушығуына байланысты провинциялар арасында жүріп-тұруға екі апталық тыйым жарияланды.
Францияда коронавирусқа қарсы вакциналауды немесе теріс ПТР-тестін растайтын «санитарлық рұқсат беру» жүйесі қалпына келтірілді. Жүйедегі ақау 13 тамызда жұма күні анықталды. Бұған SI-DEP порталы серверлерінің шамадан тыс жүктелуі себеп болған.
Вьетнамның ең ірі қаласы – Хошимин әкімшілігі қатаң шектеу шараларын бір айға ұзартты. Қоғамдық орындарда адамдардың жиналуына тыйым салу, дәрі-дәрмек, азық-түлік және бірінші кезекте қажетті тауарлардан басқаны саудалайтын сауда кәсіпорындарының жұмысын тоқтату тәрізді шаралар қабылданды. Қала тұрғындарына аса қажет болмаса өз үйлерінен шықпауға нұсқау берілді.
Филиппинде коронавирустың жаңа жағдайларының саны бойынша антирекорд тіркелді. Осылайша, бір күнде 14 749 адамның науқастанғаны анықталды.
Израиль премьер-министрі Нафтали Беннет 50 жастан асқан тұрғындарды тезірек үдете вакцина ектіріп, Pfizer-дің үшінші дозасын алуға шақырды. Вакциналау қарқынын тоқтатпау үшін екпе салатын орталықтар шабат діни рәсіміне қарамастан, тәулік бойы, аптасына жеті күн жұмыс істейді. Сенбіде діни дәстүрлер бойынша еврейлерге жұмыстан бас тартуға нұсқау беріледі.
Токиода Паралимпиада ойындарының ашылуы қарсаңында эпидемиялық жағдай ушықты. Жазғы Паралимпиада 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында өтеді. Сонымен қатар ел астанасында бір тәулік ішінде 4 989 жаңа жағдай анықталды. Сарапшылар коронавирусқа қатысты жағдай бақылаудан шықққанын айтады. Жапония билігі денсаулық сақтау саласына құлдырау қаупі төніп тұр деп алаңдайды. Токиода 1 қыркүйекке дейін төтенше жағдай режімі жарияланды.
Ресейде коронавирустан көз жұмудың антирекордтық көрсеткіші тіркелді. Өткен тәулікте вирус жұқтырған 815 науқас қайтыс болды. Бұл – 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. SARS-CoV-2 – ден қайтыс болу деректерінің басым бөлігі Мәскеуде тіркелді. Шаһарда күніне 59 адам о дүниеге аттанады. Өткен тәулікте инфекция жұқтырудың 22277 жағдайы анықталды. Эпидемия басталғаннан бері Ресейде SARS-CoV-2 вирусы 6 557 068 адамнан табылды. Өлім-жітімнің жалпы саны 168 864-ке жетті.
Германияда індетке шалдығудың апталық көрсеткіші соңғы тәулікте 100 мың тұрғынға шаққанда 27,6-дан 30,1-ге дейін ұлғайды. Жалпы, вирус 3 810 641 адамның бойынан анықталды. Коронавирустық пандемия басталғалы 91 853 адам қайтыс болған.
Ұлыбритания Денсаулық сақтау басқармасы 23 тамыздан бастап 16-17 жастағы жасөспірімдердің бәріне вакцина салуды бастайтынын мәлімдеді. Денсаулық сақтау хатшысы Саджид Джавидтің айтуынша, жасөспірімдерге қыркүйек айында мектеп қайта ашылғанға дейін иммунитет қалыптастыруға екі апта мүмкіндік берілмек.
Джавид екпе алған он мыңдаған жастарға алғысын білдірді.
«Еліміз бойынша коронавирусқа қарсы ұжымдық иммунитетті құруға көмектескендеріңіз үшін рахмет!», деді ол. Сондай-ақ екпе алмағандарды вакцина салдыруға шақырды.
«Өтінемін, кешіктірмеңіз. Тезірек вакцина алыңыз, сонда вирустан қорықпай, қалыпты өмірімізді жалғастыра аламыз», дейді ол. Үкімет NHS-пен «вакцинаны алуды мүмкіндігінше жеңілдету үшін» тығыз жұмыс жасайтынын мәлімдеді. Гонконг үкіметі 20 тамыздан бастап АҚШ, Испания және Франция секілді 15 мемлекетті «орташа қауіптен» «жоғары тәуекел» деңгейіне көтеретінін айтты. Яғни бұл елдерден келген меймандар карантинде ұзағырақ отырады.
Үкімет Бангладеш, Камбоджа, Франция, Грекия, Иран, Малайзия, Нидерланд, Испания, Шри-Ланка, Швейцария, Танзания, Таиланд, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері мен АҚШ-тан келгендердің барлығы жаңа шектеулерге ұшырайтынын жеткізді.
Гонконгта бүкіл әлем бойынша ең қатаң талаптар қойылған. «Қаупі жоғары» елдерден келгендер міндетті түрде 21 күн карантинде болуға тиіс. Тіпті вакцина алса да бәрібір.