Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасымен өткен ғасырдың 30-жылдарындағы саяси қуғын-сүргінді архив құжаттарының негізінде зерттеп, жазықсыз жапа шеккендерді толық ақтау жөніндегі комиссиялар жер-жерде жұмыс істеуде. Қызылордада да жыл басында өңірлік комиссия құрылып, оның жанынан қала және аудан орталықтарындағы жұмысшы топтары жасақталды.
Тұтқын ба, сатқын ба?
Осы күні комиссия мен оның жұмысшы топтары әр аптаның сәрсенбі және бейсенбі күндері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінің, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің облыс бойынша басқармасының және облыстық Полиция департаментінің архивтерінде сақталып тұрған құпия құжаттармен жұмыс істеуде.
Мысалы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарынан жасақталған облыстық жұмысшы топ ішкі істер департаментіндегі «ақталуға жатпайды» деген 12 қорды зерттеп, 1940-1950 жылдар аралығында сотталған азаматтардың үстінен қозғалған 70 істі қараған. Соның нәтижесінде 141 адам ақтауға ұсынылды.
– Бұлардың денін «Түркістан легионы» құрамында болғандардың, «Жапон шпионы» деген жаламен атылғандар мен Сыр өңіріне жер аударылған корей, немістердің үстерінен қозғалған істер құрап отыр, – дейді өңірлік комиссия мүшесі, тарих ғылымдарының кандидаты Уәлихан Ибраев. – Қазір «Түркістан легионының» құрамына кіргендерді зерттеудің арнайы әдіснамасы жоқ. Тіпті аракідік болса да «олар тұтқын ба, сатқын ба?» деген мәселе көтеріліп қалады. Неміс әскерінде тұтқында болған олардың кеңес әскеріне қарсы соғысқа қатысқан, қатыспағанын да анықтау қиын. Зерттеу кезінде олардың алғашқы тергеуде ештеңе мойындамағанын, кейіннен бәрін қолмен қойғандай қылып айтып бергенін байқадық. Тіпті көпшілігінің жауап алу кезінде орыс тіліндегі сауалдарға орысша жауап беріп, сотта аудармашы сұрағаны тергеудің заң талаптарына сай өткеніне күмән тудырып отыр. Жас жігіттерді алдап-арбап, тіпті жапқан жаласын ұрып-соғып мойындатуы да мүмкін. Легион құрамында болғандардың кейіннен партизан қозғалысына қосылып, жауға қарсы соғысқаны да есепке алынбаған.
Архив құжаттары арасында тұтқындар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген дін өкілдері туралы да деректер кездесіп қалады. Комиссия мүшелері көңілде еш дүдәмал қалмас үшін архив қорларындағы құжаттарды саралай отырып, власовшылар мен кәнігі баскесерлердің қылмыстық істерінен басқа құжаттарды құпиясыздандырған жөн деген пікірде.
Көтерілістер туралы көп дерек бар
Комиссия жұмысы барысында кеңес өкіметіне қарсы көтерілістер туралы естеліктер жинақталып жатыр. Сонымен қатар әлі ақталмаған азаматтардың жақын туыстарынан маңызды мәліметтер алынған.
Өңірлік комиссия облыс аумағында кеңес билігіне қарсы халық наразылықтарының да санын анықтау бағытында да біраз іс бітірді. Оның ішінде әміршілдік жүйеге қарсы бағытталып, Қазалы, Қармақшы, Тереңөзек аумағын қамтыған Қарақұм көтерілісінің орны бөлек. Шаруа жайымен көшіп-қонып жүрген шаруалардың бас көтеруіне кейінірек көршілес Ырғыз, Арал мен Қарсақпай тұрғындары да қосылған.
Комиссия мүшелері Қазалыдағы дәл осындай көтеріліске басшылық жасаған Ақмырза ишан сарбаздарына, Алаш қайраткерлеріне тағылған айыптарды да зерттеу үстінде. Жұмысшы топ архивтегі 1996 жылғы облыс аумағында қуғын-сүргін құрбандарының жерленген жерін анықтау жөніндегі комиссияның құжаттарында көрсетілген орындарда болды.
Көп жылдар бойы облыс орталығындағы Арай саяжайы аумағына, яғни репрессияға ілінгендер оққа байланған жерге ескерткіш қойып, еске алу шараларын өткізіп келдік. Құжаттарды зерттеу кезінде Бірқазан, Қарауылтөбе елді мекендерінің маңынан, Қызылорда қаласындағы Орал казактары қорымы жанынан тағы осындай орындар табылып отыр. Қорым жанында аласапыран заманда оққа байланған қырық молданың денесі жатыр деген дерек анықталып, қазір ол зерттелу үстінде.
– Жұмыс тобы Қожбан хан бастаған сарбаздар түгел жан қиған Қарақұм көтерілісінің соңғы ұрысы өткен Көжебай сайына, Қарауылтөбедегі Үшағашқа, Бірқазандағы Қоңыртөбеге ескерткіш орнатуды ұсынып отыр. Сонымен қатар саяси-қуғын сүргін құрбандары жерленген жерлерді анықтау үшін ҰҚК Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті архивінде 1991, 1996 жылдары жұмыс істеген комиссияның іс-құжаттары негізінде арнайы археологиялық экспедиция шығару керек деген пікірде. Білікті заңгерлермен бірлесе отырып, Қазақстан Республикасының 1993 жылы 14 сәуірде қабылданған «Жаппай саяси қуғын-сүргiндер құрбандарын ақтау туралы» Заңына өзгерістер енгізу қажет, – дейді Уәлихан Ибраев.
Жақын арада өңірлік комиссия мүшелері аудандарға сапарлап, саяси террор құрбандары атылған аумақтарды аралап, сол кезеңнің бір дерегін білетін көнекөздермен тілдесіп қайтпақ. Мұның бәрі жалалы болып, жан қиған ерлер есімін ортамызға оралту үшін, тарихи санамызды жаңғырту үшін керек.
ҚЫЗЫЛОРДА