Шымкент қаласындағы шалғай орналасқан елдімекен тұрғындарын сапалы интернетке қосу мақсатында инвесторлар тартылды, деп жазады Egemen.kz.
Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің жазуынша, қалалық цифрландыру басқармасы Қаратау ауданына қарасты 4 мыңнан астам үйі бар Ақжайық шағынауданын оптикалық желі арқылы сапалы интернетпен қамту үшін бірқатар жұмыс атқарып, жеке инвесторлармен келісім жүргізген.
Бүгінгі күні, «i-LinkNet» ЖШС мекемесі шағынауданға талшықты оптика желісін толық жүргізді. Төрт мыңға жуық үйге 400 шақырымдық абоненттік кабель тартты. Өтініш қалдырған 400-ден астам отбасы жоғарғы жылдамдықты сапалы интернетке қол жеткізді.
Сонымен қатар, мердігер компания Достық шағынауданына да талшықты оптика желісін тартты. 2500-ге жуық үйге талшықты оптика желісі және 200 шақырымды қамтитын абоненттік кабель жүргізілді.
Аталған шағынауданның өтініш білдірген алғашқы 10 үйге интернет желісі қосылып, тұрғындардан қосымша өтініш қабылдау жүріп жатыр. Нақты өтінімдер берілген жағдайда, мердігер компания шағынауданды толыққанды талшықты оптика желісімен қамтамасыз етеді.
Бұдан өзге, алдағы уақытта Асар, Самал-3 және Нұртас шағынаудандарына да талшықты оптика желісі тартылады.