Алматы қаласы жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкин Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде пандемия кезіндегі фельдшерлер жұмысының қиындығы мен оларға түсетін ауыртпалықтар туралы мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.
Андрей Ложкиннің айтуынша, жыл басында жедел жәрдем қызметіне орта есеппен 3200-ге жуық қоңырау түссе, қазіргі кезде жүктеме екі есе өсіп, күніне 6400-ге жуық адам қоңырау шалады.
«Ең жоғары көрсеткіш шамамен бір апта бұрын байқалды. Жедел жәрдем шақырған өтініштер саны 8 мыңға жетті. Сонымен қатар жедел жәрдем бригадаларының жүктемесі өсті, күніне шамамен 15 қоңырау түседі. Жыл басында күніне 8-10 қоңырау шалынатын. Қаланың жедел жәрдем қызметіне сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін және 18.00-ден 24.00-ге дейінгі қарбалас уақытта түрлі өтініштер түседі. Кейде шақыртуларға қызмет кешігіп көрсетіледі. Бастысы, пациент өміріне қауіп төнген шақыртуларға бірінші кезекте қызмет көрсетіледі», деді А. Ложкин.
Ол жедел жәрдемде жас мамандардың тапшы екенін айтады. Жалпы, жедел жәрдем қызметі тәжірибелі дәрігерлермен қамтылған.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, А. Ложкин жедел жәрдем шақырған кезде бастапқы автоматты сәлемдесу 17 секундтан 12 секундқа қысқарғанын мәлімдеді. Бұрын жедел жәрдемге қоңырау шалу қиын болғаны рас, өйткені байланыс арналары шектеулі, 30 ғана болды, резервте тұрғаны – 20. Бүгінде Алматыда жедел жәрдемнің 60 байланыс арнасы іске қосылған, диспетчерлер саны да ұлғайды – ауысымда 12 адамнан 16 адамға дейін бар.
Жедел жәрдем қызметінің 103 нөміріне хабарласа алмаған жағдайда деректерді автоматты түрде 112 қызметіне жіберуге болады.
А. Ложкин физикалық ауыртпалықтардан басқа, жедел жәрдем дәрігерлеріне моральдық жүктеменің артқанын атап өтті.