Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев мегаполистегі емханалар мен ауруханаларды модернизациялау мәселелері туралы баяндады, деп жазады Egemen.kz.
«Біз емханалар мен стационарларға күнделікті мониторинг жүргіземіз. Екі ай ішінде жеке қорғаныс құралдары мен дәрі-дәрмектердің болуын тексереміз. Бұл халаттар мен қорғаныс құралдарын жеке қаржыға сатып алу туралы ақпарат жалған. Егер бұл факт расталса, мен шығынның өтелетініне кепілдік беремін», деді Н. Табынбаев.
Алматыдағы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы туралы айтқан ҚДБ басшысы соңғы екі жылда жергілікті атқарушы органдардың коронавируспен күреске үлкен қаржы бөлгенін атап өтті.
«Өткен жылы 20 миллиард теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынды, оның ішінде 2 МРТ аппараты, 2 томография, 250-ден астам ӨЖЖ аппараты, 150-ге жуық High flow аппараты, 17 медициналық мекемеге медициналық газ жүйесі орнатылды. Барлық емханалар зертханалық диагностикалық қондырғылармен жабдықталған. Эндоскопиялық қондырғылар да сатып алынды, өйткені олар коронавируспен ауыратын науқастарға өте қажет. Қосымша медициналық төсек-орындар, мониторлар, шприцтер және науқастарды емдеуге қажетті барлық заттар алынды», деді Н. Табынбаев.
Жедел жәрдем қызметі мен перзентханалардың материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Жедел медициналық көмек пен диагностикаға 130 жаңа көлік сатып алынды. Алматыдағы инфекциялық ауруханалардың жабдықталуы 98%-ды құрайды.
Сондай-ақ ҚДБ басшысы жергілікті атқарушы органдар тегін пайдалануға берген жұқпалы аурулар ауруханаларының жеткілікті жабдықталуы туралы хабарлады.
«Біз инфекциялық стационарлар ретінде педагогикалық колледждің жаңа жатақханасын, Асфендияров атындағы медициналық университеттің жатақханасын, сондай-ақ Халық Арена ғимаратын пайдаланамыз», деді Н. Табынбаев.