«Қазпошта» шетелдік және отандық электронды сауда алаңдарымен серіктестікті белсенді дамытуда. Енді қазақстандықтар OZON интернет-дүкеніне берген тапсырыстарын өздеріне ыңғайлы пошта бөлімшелерінен ала алады. «Қазпошта» шетелдік ірі маркетплейспен ел аумағына интернет-тапсырыстарды жеткізу бағытында тиісті келісімге қол қойды.
Тараптардың келісіміне сәйкес, OZON өз клиенттерінің тапсырыстарын Ресейден «Қазпоштаның» сұрыптау орталықтарына жеткізеді. Одан кейін ұлттық пошта операторы сәлемдемелерді еліміздің қалалары мен ауылдарына жолдайды. Сәлемдемелер Қазақстан аумағындағы 2 мың пошта бөлімшесі арқылы беріледі. Ыңғайлы пошта бөлімшесін клиенттің өзі тапсырыс беру барысында таңдай алады.
– Біз әлемдегі өзгерістер мен клиенттердің сұранысын ескереміз. Пандемия бұрын басталған процестерді дамыта түсті. Мәселен, электронды сауда мен онлайн-сервистердің белсенділігі артты. Бұл бағытта инфрақұрылымы кең және қалыптасқан логистикалық тізбегі бар «Қазпошта» да жақсы дамып келеді. Электронды сауданы дамыту және клиенттерге қолайлы жағдай жасау мақсатында отандық және шетелдік электронды сауда алаңдарымен әріптестік орнаттық. Ірі маркетплейстердің біріне айналған OZON компаниясымен де серіктестігіміз жемісті болатынына сенеміз, – дейді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев.
«Қазпошта» дәстүрлі қызметтер тізімін сақтай отырып, сұранысқа ие жаңа сервистерді енгізуде. Оның ішінде компания электронды сауданы дамыту үшін отандық интернет дүкендерге Өзбекстанға бағытталған пошта жөнелтілімдерін жеткізуді, жүк тасымалдауды, фулфилмент-орталықтар қызметтерін іске қосуды қолға алды. Сондай-ақ клиенттерге кэшбэк-сервистер мен Post.kz сайтындағы «Маркетплейстер сөресі» арқылы тиімді онлайн-сатып алуды, тапсырыстарды еліміздің ең шалғай ауылдарына дейін жеткізуді ұсынып отыр.
– «Қазпоштамен» ынтымақтастық орнату Қазақстан бойынша клиенттер үшін жеткізу шарттарын жедел жақсартуға мүмкіндік береді. Енді республиканың ең шалғай өңірлеріндегі клиенттер OZON-дағы тапсырыстарын үйіне жақын бөлімшеден ала алады. Логистиканы одан әрі дамыту бізге OZON-дағы миллиондаған тауарды Қазақстанға жеткізу мерзімін бірнеше есе қысқартуға жол ашады, – дейді OZON компаниясының халықаралық бизнес жөніндегі директоры Степан Гусамов.