БҰҰ «Талибан» қозғалысы өкілдерін ауғандарға берген уәдесін орындауға және олардың құқығын бұзбауға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
БҰҰ тәліптерді уәдесіне емес, «әрекетіне» қарай бағалайтынын айтты. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары кеңсесінің өкілі Руперт Колвилл соңғы бірнеше күнде «Талибан» шенеуніктері бірнеше мәлімдеме жасағанын айтты. Олар бұрынғы үкіметте жұмыс істегендердің бәріне рақымшылық жасауға уәде берді, сондай-ақ халықты әйелдер жұмыс істей алатынына, қыздар мектепке баратынына сендірді.
«Бұл уәделер орындалуы керек. Бүгінде бұрын болған жағдайды ескерсек, бұл мәлімдемелерге күдік туады. Соған қарамастан, уәде берілді және олардың орындалуы қатаң бақылауда болады», деді ол.
БҰҰ мәліметінше, «Талибан» содырлары Ауғанстанда адам құқықтарын өрескел бұзып жатыр. Әсіресе, әйелдер мен журналистер зардап шегеді, деді БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш. Ол «бейбіт тұрғындарға шабуыл жасау халықаралық гуманитарлық құқықты өрескел бұзу және соғыс қылмысы» деп баса айтты.Бұған дейін «Талибан» қозғалысының өкілі Забиулла Мужахид Кабулды басып алғаннан кейін топтың алғашқы баспасөз мәслихатында қазіргі «Талибанның» 20 жыл бұрынғыдан өзгеше екенін айтты.
«Ауғанстанда билікке қол жеткізгеннен кейін тәліптер адам құқықтарын, оның ішінде әйелдерді қорғауға уәде береді. Ешкім кек сақтамайды және жалпы күшті ислам мемлекет құру үшін өткеннің барлық қатесін есепке алмайды», деген болатын.