2020-2021 жылғы жылу маусымының қорытындысы бойынша тұтынушыларға 415 млн теңгенің жылу ақысы қайтарылады. Бұл туралы ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушы Асхат Жапсарбай мәлім етті, деп жазады Egemen.kz.
«Комитет пен оның аумақтық бөлімшелеріне 2020 жылға инвестициялық бағдарламалар мен тариф сметаларын орындау туралы 1 203 табиғи монополия субъектісінен 2 341 есеп келіп түсті. Оның ішінде бүгінгі күні 798 субъектінің 1 389 есебі қаралды. Қолда бар есептерді талдау нәтижесінде 266 субъектінің өз міндеттемесін орындамағаны анықталды. Осыған байланысты елдің барлық өңірлерінде жалпы сомасы 10,2 млрд теңгеге уақытша өтем тарифтері бекітілді. Бұл тарифтің өсуін тежейтін тетік екенін айту керек», деді ол орталық комуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Комитет төрағасының міндетін атқарушы есептер әлі қаралып жатқанын еске салып, уақытша өтем тарифтерінің сомасы әлі көбеюі мүмкін екенін айтты.
Сонымен қатар Асхат Жапсарбай 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымында тұтынушыларға 415 млн теңгеден астам қаражат қайтарылатынын хабарлады.
«Қаражатты қайта есептеу тұтынушының жеке шотында көрініс табады және жаңа жылыту маусымы басталғаннан бастап аванс (сальдо) түрінде жеке жолмен жазылады», деп түсіндірді комитет басшысы.