Ташкент әуежайына Кабулдан Германия, Ауғанстан және Еуропалық Одақ елдерінің азаматтары эвакуацияланып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазірге дейін 260-тан астам адам Өзбекстан астанасына жеткізілген. Кейін бұл азаматтар Lufthansa әуе компаниясының арнайы рейстері арқылы Франкфуртке ұшып кетеді.
Бұл жөнінде Германияның Өзбекстандағы елшілігі мәлімдеді. Бүгінгі күнге үш рейс жоспарланған. Ал Өзбекстанның азаматтық ұшақтары Ауғанстан әуе кеңістігін айналып ұша бастаған.
Күні кеше ғана Ташкент-Дели-Ташкент бағыты бойынша кезекті рейсін жасаған Uzbekistan Airways компаниясының әуе кемесі Үндістанға Ауғанстан арқылы емес, Иран арқылы жеткен. Салдарынан ұшу уақыты 2 сағат 30 минуттан 3 сағат 53 минутқа дейін ұзарды.