Пандемия кезінде жүрісінен жаңылып, табысынан айырылған кәсіпкерлер көп болды. Қолға алған жобасын пышыратып алғандар қатарында «Бастау Бизнес» жобасының түлектері де жоқ емес. Кәсіпкерлік негіздерін енді-енді меңгеріп, ел қатарлы табыс табуға кіріскен жоба түлектері күтпеген жерден қиындыққа тап болғаны белгілі. Мемлекет қолдауының игілігін көрген оларға тағы да бір мүмкіндік беріліп отыр. Қысқасы, індет қысқан күрделі кезеңде зардап шеккен жоба түлектері төмен пайызбен несие рәсімдей алады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықовтың айтуынша, өңірлерде жұмыс істейтін микроқаржы ұйымдары 15 шілдеден бастап өтінімдерді қабылдауда. Бүгінде жалпы сомасы 3 млрд теңгені құрайтын 600-ге жуық өтінім келіп түскен.
«Бастау Бизнес» жобасының түлектері мемлекет қолдауын әрдайым сезініп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес биылғы және өткен жылдағы оқуға қатысқандарды қаржыландыруға жеткілікті көлемде қаражат бөлінді. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе құрылған, тек жоба түлектеріне ғана қызмет көрсететін 15 микроқаржы ұйымы жылына 6 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен несие береді. Сонымен қатар несиені өтеу кезінде демалыс кезеңі де қарастырылған. Бұл қаражат «Бастау Бизнес» қатысушыларына ғана мақсатты түрде жұмсалады. Мұны жобаның кезекті бір артықшылығы десе де болады. Биыл 22,5 млрд теңге көлемінде жобаларды қаржыландыру қарастырылған», дейді Н.Әбілшайықов.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы микроқаржыландыру және жобаларды сүйемелдеу департаменті директорының орынбасары Ринат Кемешовтің айтуынша, несие алу үшін «Бастау Бизнес» жобасының сертификаты және кепіл мүлкіне қажетті құжаттар керек. Сондай-ақ банктерде мерзімі өткен берешек болмауы қажет.
«Кепіл ретінде салынғанына 50 жылдан асқан тұрғын үйлер, сондай-ақ коммерциялық мақсаттағы жер учаскелері қабылданады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістіктер мен жайылымдар, жылжымалы мүлік қосымша кепіл ретінде қабылдануы мүмкін. Несие жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Микрокредитті 5 жылға дейінгі мерзімге рәсімдеуге болады. Ал мал шаруашылығы саласындағы жобаларға арналған микронесиенің ең ұзақ мерзімі – 7 жыл», деп нақтылады Р.Кемешов.
Белгілі болғандай, ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың өкілдеріне 2,5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде несие рәсімдеуге мүмкіндік бар. Бұл дегеніміз – 7 292 500 теңге. Қалалар мен моноқалалардың тұрғындарына 18 960 500 теңгеге дейін (6,5 мың айлық есептік көрсеткіш) несие алуға болады. Шымкент, Ақтау және Атырау қалаларына белгіленген ең жоғары сома – 8 мың айлық есептік көрсеткіш немесе 23 336 000 теңге.
Атап өтерлігі, несие рәсімдеу кезінде ешқандай салалық шектеулер жоқ. Оны айналым қаражатына да, мал жемдеуге де пайдалануға болады. Алайда микронесие тұтынушылық мақсатқа, бұған дейін алған несиелерді өтеуге, несие берешегін қайта қаржыландыруға, жылжымайтын тұрғын үйге, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін сатып алуға жұмсалмауы керек.
«Биыл «Бастау Бизнес» түлектерінің өз ісін ашуы нәтижесінде бюджетке 1,5 теңге млрд салық түсті. Мемлекет тарапынан берілетін несиелер 5 мыңға жуық жаңа кәсіпорынның ашылуына ықпал етеді деп күтілуде. Сонда шамамен 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Алға қойылған жоспарлар орындалса, салық төлеушілердің де қатары көбеймек», дейді Н.Әбілшайықов.
Деректерге сүйенсек, 2017-2020 жылдары «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 151 528 жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерген. Олар 4 жылда 44 362 жобаны іске қосыпты. 60 мыңға жуық жұмыс орны құрылған.
Жобалардың 36 пайызы шағын несиелердің көмегімен, қалған 64 пайызы «Еңбек» бағдарламасы аясындағы гранттық қаржыландыру есебінен жүзеге асырылған. Олардың 59 пайызы немесе 26 132-сі ауыл шаруашылығы саласына қатысты. Ал қызмет көрсету, сауда және өндіріс салаларының үлесі – 41 пайыз немесе 18 231 жоба.
Былтырғы эпидемиялық жағдайға байланысты «Бастау Бизнес» жобасы онлайн форматқа ауыстырылғаны белгілі. Қазір онлайн оқыту арнайы әзірленген Atameken Academy платформасында жүргізілуде. Биыл 30 мың жұмыссызды оқыту жоспарланған. Олардың ішінде NEET санатындағы жастар, жас отбасылар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мүшелері, еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі жандар бар.
«Atameken Academy платформасындағы оқу 26 сәуірде басталды. Бүгінге дейін төрт оқу курсы тәмамдалды. Барлығы 30 188 адам оқып шықты. Осы жылдың 16 тамызында соңғы – бесінші лектегі оқу басталды. Дегенмен біз қазірдің өзінде-ақ жоспарды толық орындадық. Бұған өңірлердегі оқуға деген нақты қажеттілік себеп болды», дейді Н.Әбілшайықов.
«Бастау Бизнес» жобасының Павлодар өңіріндегі бизнес-тренері Ақмарал Сайтқұлованың айтуынша, жобаға қатысу үшін алдымен Жұмыспен қамту орталығына барып тіркелу шарт.
«Оқу мерзімі – 21 күн. Осы уақыт аралығында қатысушыларға 50 бейнежазба көрсетіледі. Олар түрлі бағыт бойынша 12 модульдік сабақ өтеді. Әсіресе менеджмент, маркетинг, салық салаларына басымдық беріледі. Электронды коммуникациялар туралы да айтылады. Ең бастысы, қатысушылар бизнес-жоспар жасауды үйренеді», дейді А.Сайтқұлова.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл оқуды аяқтағандардың 19 261-і немесе 64 пайызы – жұмыссыз, 8 733-і немесе 29 пайызы – өзін өзі жұмыспен қамтығандар, 2 194-і немесе 7 пайызы – ісін жаңа бастаған және нақты кәсібі бар кәсіпкерлер.
Қатысушылардың 14 756-сы әлеуметтік осал топтарға жатады. NEET санатындағы жастардың үлесі – 8 630 адам. Кәсіпкерлік негіздерін меңгергендердің 3 446-сы – көпбалалы отбасылардың өкілдері, 1 902-сі – аз қамтылған отбасыдан шыққандар, 778-і – еңбекке қабілетті мүгедектер.
Биыл оқу курстарынан соң 8 469 жоба жүзеге асырылды. Бұл осы жылға арналған жоспардың 94 пайызын құрайды.