• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экология 18 Тамыз, 2021

Дала қыранына қамқорлық керек

578 рет
көрсетілді

Қазақстанда соңғы онжылдық ішінде дала қырандары күрт азайып барады. Қатары жыл санап сиреп бара жатқан қанатты жыртқыштардың бұл түрін орнитолог мамандар да ерекше қамқорлыққа ала бас­тады. Мәселен, шілде айында Қазақстан биоалуантүрлілікті сақ­тау қауымдастығының қызметкерлері Қостанай және Ақтөбе об­лыс­тарының оңтүстігіне дала қырандарына арналған 71 жасанды ұя орнатқан.

«Мұндай маңызды биотехникалық шара екі өңірдің де орнитофаунасын байыту мақсатында қолға алынып отыр. Бірнеше жыл бойы жүргізілген мони­торингтік жұмыстардың нәтижесінде, бұл өңірлерде жыл өткен сайын дала бүр­кітінің популяциясы төмендеп бара жатқаны белгілі болды.

Мысалы, Ал­тысай экологиялық паркінің аумағында 2020 жылы 6 қыран ұя салған еді, 2021 жылы соның біреуі ғана қалған. Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында 2020 жылы әр ұяда екі балапан болса, 2021 жылы бір балапаннан қалып отыр. Дала қы­рандарының 85%-ы біз­дің елімізде ұя салады. Сондықтан біз орнатып жат­қан жасанды ұялар бұл жырт­қыш құстар үшін өте маңызды», дейді Қазақ­стан биоалуантүрлілікті сақтау қауым­дас­тығының өкілдері.

Дала қырандарының өзге құстардан айырмашылығы, олар көбіне ұясын жерге, қалың шөптің арасына салады. Қыранның ағаштың немесе аласа төбенің басына ұя салуы өте сирек кездеседі екен. Осының салдарынан құстың ұясына қауіп те жиі төнеді. Қауіптің көбі, әсіресе, жазы құрғақ жылдары жиі орын алатын дала өртінен келеді. Мұндай алапат өрт кезінде жел өтіндегі әп-сәт­те қау ете қалатын қалың қурай­дың арасында орналасқан аядай ғана ұяның қызыл жалыннан аман қалуы екіталай.

Салдарынан қанша балапан қы­­ран қанат қағып, көкте еркін сам­ғап, биіктіктің құдіретін сезі­ніп үл­герместен дүлей өрттің ішінде тірідей жанып кетіп жатыр. Сондықтан ҚБСҚ мамандары қыран ұясын бүтіндей металл мен бетоннан жасап, оны өрт шалмайтындай қауіпсіз жерлерге орналастырған.

Ұя жерден екі метр биікте, ал кейбіреулері құстарға қо­лайлы болу үшін аласалау қара­ғаштардың басына қон­ды­рылған. «Құстардың жа­санды құрылыстарға ұя салатын әде­ті бұрыннан белгілі. Мәселен, Еуро­­пада өткен ғасырдың орта ше­­нінде сұңқарлардың шіркеу ша­тырла­рына ұялағаны тура­лы деректер құжат­талған. Сондықтан өздеріне жаңа «баспана» іздеп жүрген қырандар да біз орнатқан ұяларға қонақтап қалады деген үміттеміз», дейді мамандар.

Ұя жерден екі метр биікте, ал кей­біреулері құстарға қо­лайлы болу үшін аласалау қа­ра­ғаштардың басына қон­ды­рылған. «Құстардың жа­санды құры­лыстарға ұя салатын әде­ті бұрыннан белгілі. Мәселен, Еуро­пада өткен ғасыр­дың орта ше­нінде сұңқарлардың шіркеу шатырла­рына ұялағаны туралы деректер құжат­талған. Сондықтан өздеріне жаңа «бас­пана» іздеп жүрген қырандар да біз орнатқан ұяларға қонақтап қалады деген үміттеміз», дейді мамандар.

Ғалымдар дала қыранда­ры­ның мар­­шрутын ғарыштық тарат­қыштың кө­мегі арқылы анық­­тап отырады. Қыр­ғи тұ­қым­дас­тарына жататын дала қы­­ран­дарының ұшу бағыты 2018 жылдан бері трекер ар­қылы зерттеле бастады. Бүгінде да­ла қы­раны жойылу қаупі тө­ніп тұрған құс ре­тінде Қазақ­стан­ның Қы­зыл кіта­бына және IUCN халықаралық Қы­зыл тізі­міне енгізілген. Құстардың бұл түрін сақтап қалу туралы арна­йы бағдарлама жоқ. Алайда орни­толог­тардың мәліметінше, дала қы­рандары тез азайып барады. Мәселен, 2005-2015 жыл­дар ара­лы­ғында қырандар мекендейтін өңір­лердегі ұяба­сар­лардың саны екі есеге де­йін кеміп кеткен. «Оларды қа­лай сақтап қалуға болады?» де­ген мәселеге шындап зер сала бастаған ғалымдар әуелі қы­рандардың мау­сымдық көшу жо­лын мейлінше тиянақты зерт­теп алу керек деген ұйға­рым­ға тоқтап отыр. Осылайша, Қа­­зақстан биоалуантүрлілікті сақ­тау қа­уымдастығы Ресейдің қа­натты жыртқыштарды зерттеу және қорғау желісі мен «Сі­бір экологиялық орта­лығы» қа­уымдастығымен бір­лесіп, да­ла қырандарына таңба салу жө­нін­дегі жобаны жүзеге асыра бас­тады.

2018 жылдың жазында мамандар Орталық Қазақстанға аял­­даған дала қыранының 5 ба­ла­панына ға­рыштық тарат­қыш құрылғы – тре­кер қыстырады. Бұл құрылғы дала қыраны­ның ұшу бағытын бір­неше жыл бо­йы үзбей бақылауға мүмкіндік береді. Қанаты қатайып қалған төрт балапан сол жылы күз­ге қарай оңтүстікті бетке алып, ал­ғаш рет өздерінің ұзақ сапарына шы­ғады. Оларға тағылған ғарыштық тарат­қыштар шағын әрі жеп-жеңіл, құс­тардың ұшып-қонуына еш кедергі келтірмейді. Кішкентай рюкзакқа ұқсайтын бұл құрылғылар күні бойы немесе Гринвич уақыты бойынша таңғы 9-дан күндізгі 2-ге дейін 12 рет қырандардың қай жерде ұшып жүргені туралы мә­лімет жіберіп отырады. Құстарға трекер қыстыру арқылы ғалымдар дала қыран­дарының қозғалысы қонған, ұя салған және қыстап қалған жері туралы дәл ақпарат ала алады. Сонымен қатар олар мекендеген жерлердің қай­сысы қауіпсіз екенін, қай жерлерде қауіп­сіздік шараларына көбірек көңіл бөлу керектігін біліп отырады.

Үш жылға созылған бақы­лау жұ­мыс­та­ры ба­ры­сында ор­нитолог­тар өзде­рі таңбалап жіберген қыран­дар­дың бір маршруттың бойымен ғана ұшатынын анықтаған. Нәти­жесінде, Орталық Қа­зақ­­станнан ұшқан қы­ран­дар не­гі­­зінен екі миграциялық ба­ғыт­ты пайдалана­тыны белгілі болып отыр. Олар – Афро-Еуразия жолы мен Орталық Азия жолы. Бірін­шісінің ұшу жолы негізінен Қа­зақ­стан ­мен Ресейдің оңтүстігі арқылы өтіп, Шығыс Африка мен Таяу Шығысқа дейін созылады. Ал Орталық Азия жолы Арк­тика мен Сібірден басталып, одан кейін Қазақстан ар­қы­лы Оңтүстік Азияға барып тоқтайды. Бұл екі маршрут, Аф­рикаға немесе Сауд Арабиясына ұшып бара жатқан құстардың бір тобы Үндістанға немесе Пәкістанға бет түзеген екінші тіз­бекпен кездескенде, Орталық Қазақстанда түйіседі екен.

Биыл сәуір айына қарай таң­­ба­ланған төрт қыранның үшеуі Қазақ даласындағы туған ме­кендеріне қайта оралды. Ал ғалымдар «Кенже» деп атап кеткен төртінші қыран, өкі­­­нішке қарай, Үндістанда, өзі­­нің Пешавар қыстауында адам қолынан қаза тауыпты. «Кен­жеден» түскен ең соң­ғы белгі 2021 жылдың 24 қаң­тарында тіркеліпті.

Кенже қыран Үндістанға 2020 жыл­­дың 24 желтоқсанында ұшып кел­­ген. Тура бір ай өткен соң, қыран құс ра­­дар­дың аясынан ізім-қайым жо­ға­­лады. Ал бірнеше күннен ке­йін Дау Лал Бохра халық­аралық таби­ғат қор­ғау одағының қыз­меткері қы­ранның өлексесін тауып алған. Кейі­нірек құс­тың Джунджхуну ауда­­нындағы Бисау мекенінің маңында қас­көй біреудің қо­лынан өлгені белгілі болды.

Дала қырандары ұя басу кезінде ғана емес, қоныс ауда­ру кезінде де, сон­дай-ақ өздері қыстап қалған ме­кенде де төтелей төнген қауіп-қа­тер­ден арылмайды. Қазақстанда қы­­ран­дардың біразы электр тарату же­лілеріне соғылып, тоқ ұрып өледі екен. Өйткені елі­мізде ЭТЖ-нің жеке­леген учас­келері ғана құстардан қорғайтын сенімді құрылғылармен жаб­дықталған. Мамандардың пікірінше, қырандарға оларды аңға, демалысқа пайдалану­шылар тарапынан төніп тұрған қауіп-қатер аз емес. Сондай-ақ әсіресе қуаңшылық жылда­ры жиі­леп кететін дала өрті қа­натты жырт­қыштардың көбе­юі­не үлкен кедергі келтіріп отыр.

Қырандар ұшып өтетін өз­­ге елдер­дің аумағында да та­са­да тосып тұрған тосын қауіп көп. Мысалы, Моңғолия мен Қытай арқылы қоныс ауда­ра­тын шығыс популяциясы алқаптардағы ты­ңайтқыш және кеміргіштерге қар­сы қол­данылатын химикат­тардан көп зиян шегеді. Үндістанның үс­тімен ұшқан қы­рандардың қа­засы көбіне электр желі­лерінен болады екен. Ал Шығыс Афри­каның бірқатар елінде жыртқыш құс­тарды жаппай аулау кең етек алған.