Қостанай облысында жергілікті әкімдіктің атын жамылып бизнес нысандарды аралап жүрген жалған тексерушілер пайда бола бастады. Олар карантин талаптарын бұздың деген желеумен кәсіпкерлерді қорқытып, өздерінің бұл заңсыздыққа көз жұма қарағаны үшін олардан ақшалай сыйақы талап етеді екен.
Кәсіпкерлер күмәнді «тексерушілердің» іс-әрекеті туралы әлеуметтік желілерге жазып, облыстық кәсіпкерлер палатасынан араша сұрауда.
Алайда жалған тексерушіні әшкерелеудің жолы оп-оңай болып шықты.
– Барлық рейдттер міндетті түрде infokazakhstan.kz сайтында тіркеледі. Мониторингтік топтың құрамы мен тексерілетін нысан да осы сайтта көрсетілуге тиіс. Тексерудің заңды, не заңсыз екенін былай тексеруге болады. Ол үшін актіде көрсетілген QR-кодты сканерлеу қажет. Бар болғаны осы, кәсіпкер осылайша өзіне келіп тұрғандардың нағыз тексерушілер немесе алаяқтар екеніне оп-оңай көз жеткізе алады, – деді Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім бастығы Роберт Юсупов.
Естеріңізге сала кетсек, мониторингтік топтардың жұмыс алгоритміндегі мұндай талаптар шілденің бірінен бастап пайда болған. Енді infokazakhstan.kz платформасының көмегімен бизнес нысандарды тексеруге шыққан әр топтың қызметін, олардың құрамында неше адам барын, жоспар бойынша қандай нысандар тексерілетінін, олардың нәтижесіне дейін бақылап отыруға болады.
Қостанай облысы