Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Тараз қаласында көптеген игі іс атқарылуда. Әсіресе, жергілікті тұрғындар тарапынан талай жылдан бері көтеріліп келе жатқан күрделі мәселелер оң шешімін табуда. Атап айтсақ, аулаларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.Аталған жұмыстардың бәрі де Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында іске асып отыр.
Биылдың өзінде облыс орталығында 30-дан астам көше жөнделуде. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 миллиард, 120 миллион теңге қарастырылған. Қазіргі кезде Тараз қаласындағы Б.Момышұлы көшесі күрделі жөндеуден өтіп, облыс орталығындағы көптеген көшелер мен бұрылыстарға да асфальт төселуде. Сонымен қатар Тараз қаласында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30 спорт нысаны салынуда. Оның ішінде 13 нысан «Таразға тарту» жобасы аясында ел игілігіне берілді. Ал 4 жаңа футбол алаңы мемлекет есебінен салынған. Сондай-ақ аталған нысандардың ішінде мұз айдыны, бокс сарайы, үстел теннисі мен гимнастика орталығы және өзге де нысандар бар.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, 30 балалар алаңы ашылады деп жоспарлануда. Оның ішінде 13 нысан «Таразға тарту» жобасы аясында ел игілігіне берілген. Ал 12 нысан мемлекет есебінен салынып жатқан болса, 5 нысан демеушілер есебінен салынуда. Алаңдар 2-7 жас, 7-14 жас және 14 жастан жоғары болып бөлінген. Қауіпсіздік үшін арнайы жабындылар төселіп, жаттығуға қажетті құралдар орнатылған. Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 30-дан астам көшені жарықпен қамтуға 200 миллион теңге бөлінген. Бұл қаражатқа биыл 34 көше жарықтандырылады. Әсіресе, балабақшалар мен мектептерге баратын жолдарға да баса назар аударылады.
Тараз қаласында 2021-2023 жылдарға арнайы жоспар бекітілген. Алдағы 3 жылда 207 нысан жарықтандырылса, ұзындығы 261,8 шақырым болатын 230 көше мен бұрылыс жөнделіп, 241 аула абаттандырылады.
Жамбыл облысы