Түркия Республикасындағы табиғи өрттерді сөндіруге аттанған ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары өз миссиясын сәтті аяқтады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Орман алқабына жайылған өртті сөндіру үшін қазақстандық құтқарушылар 8 тәулік бойы ауқымды жұмыс атқарды. 16 құтқарушы мен екі тікұшақтан құралған арнайы топ жалпы көлемі 300 тоннадай болатын 80 циклды су шашты. 18 тамыздағы жағдай бойынша бекітілген аумақта өрт толық сөндірілген.
ҚР ТЖМ арнайы тобының жеке құрамы олардың алдына қойылған міндеттерді толық көлемде орындады және бүгінгі күні қазақстандық экипаж ұзақ қашықтықта ұшуға дайындалуда. 20 тамыз күні Түркия уақыты бойынша таңғы сағат 06:00-де Даламан қаласының әкімдігі және Түркия Республикасы Ауыл және орман шаруашылығы министрлігінің өкілдері қазақстандық құтқарушыларды шығарып салады деп жоспарланған.