Ақтөбеде қоғамдық көлік жүргізушілері тасымалдаушы компанияға ескертпеспен жұмысқа шықпай қалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бүгін жолға 137 автобус шығуы керек еді. Еш себеп айтпай 80 жүргізуші жұмысқа шықпай қалды.
№24, 26, 15, 7, 11 секілді бағыттар тоқтап тұр. Хабарлама да бермеді. Негізі олар электронды билет енгізген соң екінші деңгейлі банк арқылы банк картасын ашуы керек еді. Кейбірі бұдан бас тартты. Өйткені несие қарызы, алименті бар, салықты төлемеген. Ал банк картасы бар адамдар жалақысын алып отыр. Шынына келгенде, бәрінің картасы жоқ деп айта алмаймын. Кейбірі бір-бірін қолдап, бүгін жұмысқа келмеді», деді «Автопарк» ЖШС директорыАғарыс Тілеулесов.
Оның айтуынша, электронды билет төлем жүйесі енгізілгенімен, табыс артпаған. Техникалық қажеттілік, салық пен жанар-жағармай, жүргізушілердің жалақысын көтеру кірісті арттыруға мүмкіндік бермеген.
«Қазір жүргізушілер 120-300 мың теңге аралығында жалақы алады. Олардың еңбекақысы жұмыс жүктемесіне қарай есептеледі. Екі ай мүмкіндік берілді. Банк картасы болмаса енді қолма-қол бере алмаймыз. Қазір 40-50 пайызы жалақы ала алмай жүр», деді Ағарыс Тілеулесов.
Таңертең жүргізушілердің жұмысқа шықпай қалғанын естіген еңбек инспекциясының өкілдері де серіктестікке барды.
«Бүгін тасымалдау компаниясының жұмысшыларынан арыз-шағым түспеді. Дегенмен жүргізушілер жұмысқа шықпай қалған соң себебін білуге келіп тұрмыз. Себепсіз, негізсіз жұмысқа келмесе, тәртіптік жаза қолданылуы мүмкін. Оның төрт түрі бар. Тіпті жұмыстан шығаруға құқылы», деді облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Искарин.