«Жойылсын жалғыз сөз – соғыс деген...». Осы бір ғана өлең жолы бүкіл адамзаттың бар арман-тілегін арқалаған аңсарлы тіркес десек, еш қателеспеген болар едік. Шіркін, жер әлем бірер сәтке болсын бейбітшіліктің бесігінде бейқам тербеліп тұрар ма еді?
Шіркін, бар адамзат бірер сағатқа болсын қару асынбай, қан жалдамай, қайғысыз қара суды қалжыңдасып отырып ішер ме еді? Шіркін, шіркін... Бірақ соғысты доғармақ тұрмақ, осынау қиял құсымыздың өзінің қанатын көзді ала бере қия қоймақшы қара ниет жүректер ізгіліктің ту сыртынан кірпік қақпай өшпенділікпен бағып тұрған жоқ па?
Жалпы, кез келген зұлматқа әр адам әртүрлі қарсылық білдіреді. Негізі сол соғыс тақырыбын қанша қозғағың келмегенімен, іргеңдегі майдан өртінің қызыл жалыны жаныңды қайтсе қақтайды. Оның ар жағында соғыс дегеніңіз жалпы жалғыздың мүддесі үшін бейкүнә миллиондаған жанның мерт болуы ғой.
Біз осы ретте отыздан енді асқан түрік азаматы, әуесқой фотограф Угур Галленнің еңбектері туралы жазуды жөн көрдік. Жалпы, Угурдың ұстанған негізгі бағыты екеуін ешқашан қиюластыруың мүмкін емес құбылыстарды, тағдырларды, оқиғаларды шендестіруінде жатыр.
Галлен галереясына үңілген адам бір сәтке болсын тәубеге келеді. Себебі жай күнде сенің елеуге де тұрмайтын бақытың біреудің өмір бойы қолы жетпеген баға жетпес байлығы екенін ұғасың. Жай күнде адам өзін өмір бойы арқалап жүрген екі аяғының қадірін біле бермейді. Ал Угурдың жұмысы Алланың сол берген әр хикметіне шүкіршілікті ұғындыру.
Қиялы жүйрік қырағы көз Угур жалпы, біз айтып отырғандай қайнаған от пен қаңғыған оқтың ортасында жүрген фотограф емес. Ол негізінен Орталық Азияда, оның ішінде Ауғанстанда еш басылмай келе жатқан соғыс өртіндегі жантүршігерлік суреттерді бейбітшілік бесігінде тербелген еуропаның жып-жылы фотоларымен шендестіреді. Былайша айтқанда, бір ғана суреттен сіз адамзат басындағы ең жиіркенішті зұлымдық пен риясыз тап-таза көңілдерді қатар аңғарасыз. Аңғарасыз да аңырып тұрып қаласыз. Байлық пен жоқшылық, соғыс пен бейбітшілік, аңғалдық пен арамзалық жалпы, қатар жүретіні белгілі. Алайда олардың барлығы өзің сияқты адамдардың басынан өтіп жатқанын шын түйсінгенде жаныңды қоярға жер таппай кетесің...
Әлем журналистеріне берген сұхбаттарында Галлен өзін фотограф емес, «цифрлы қылқалам шеберімін» деп таныстырады. Онысы дұрыс. Себебі біз жоғарыда айтқан қарама-қайшы фотоларды бүгінгі тілмен бейнелегенде, коллаж арқылы қиюластырады. Бұл іспен Угур 2014 жылдан бері шұғылданып келеді екен. Бүгінде оның жұмыстарын әлем қалт жібермей қадағалап отыр. Ауған жеріндегі қазіргі саяси ахуал Угурдың оқырмандарының санын тіпті арттырып жіберген. Дәл қазіргі уақытта Галленнің инстаграмдағы оқырмандарының саны 1 млн-нан асып түсті.
Жалпы, Галлен бұл жұмыстары арқылы дамыған мемлекеттер мен артта қалған бейшара елдердің арасындағы алшақтықты ашық көрсеткісі келетіндей. Дүниенің бір бұрышында бір жұтым суға зар болып, шөлден өліп жатқан халықтардың бар екенін, сондай-ақ дүниенің келесі бір бұрышында баласының тойына тікұшақпен ақша шашып жатқан ашкөз байлардың да өмір сүріп жатқанын бір объективке сыйғызған оның картиналары жүрегіңді шынымен солқ еткізеді.
Өнер әлдеқашан оянбастай қалың ұйқыға құлаған ұятты оята алуымен де өнер-ау... Ең ғажабы, Угурдың өздеріңіз көріп отырған картиналарын түсінуге я түсіндіруге ешқандай ортақ тілдің қажет еместігі. Жүрегі бар жан өзі-ақ сөйлетеді. Жүректің тілі – жалпы адамзаттың тілі. Угурдың әр суреті бізді осы тілде сөйлестіреді. Тілден бөлек Галлен галереясы әлем діндерін де біріктіріп жібергендей. Мұсылман баласы мен христиан баласы ар алдында бірдей жауапты. Оның картиналарындағы оқиғаларға бәріміз де жауаптымыз.
Угурдың да айтпағы, біздің де көкейіміздегі асыл арман – әлемде тыныш, бейбіт заманның бір сәтке де болса орнауы. Мейірімнің үстемдік құрып, қайырымды қолдар жер бесікті әлдилей тербетіп тұрса!