Алдымен елімізде Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында ғана жүрек ырғағының бұзылысын коронарлық шунттау немесе жүрек ақауларын түзете отырып бір уақытта емдеу үшін ашық жүрекке криоаблация операциясы жасалатынын айта кеткен жөн. Жақында бұл мекеменің кардиохирургиялық операция бөлімі халықаралық сапа стандарттарына сәйкес жаңартылды.
«Операция жасау бөлімі жүрекке күрделі операциялық араласулар жасауға арналған жоғары технологиялық жабдықтармен жарақталды. 3D визуалдаудың мүмкіндіктері бар заманауи торакоскопиялық тіреу қондырғысы орнатылды. 3D визуалдауы бар жаңа аппаратураны пайдалану кеудені кеспей-ақ жүрек қақпақшаларына зақымы аз операция жасауға және коронарлық шунттауды орындауға мүмкіндік береді», дейді институттың басқарма төрағасы, Қазақ білім академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Роза Қуанышбекова.
Клиниканың бірінші басшысының сөзін жасанды қанайналым зертханасы бар кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Рүстем Төлеутаев қолдады. Рүстем Мұхтарұлының айтуынша, осындай операциядан кейін пациенттер кеудені стандартты кесетін кезде болатын ауырсынуды сезбейді, оңалу кезеңі жылдам өтеді, пациенттің бөлімшеде емделуі және жан сақтау мен қарқынды терапия бөлімшесінде емделу уақыты азаяды, қан кету көлемі төмендейді. Сонымен қатар пациенттер косметикалық әсер де алады.
Жаңа операциялық бөлмеде жарақаттанушылықты азайту мақсатында бір пациентті емдеу кезінде бір мезгілде екі түрлі тәсіл қолдану арқылы (эндоваскулярлық араласулармен бірге ашық операция) гибридті операцияларды жасау мүмкіндігі бар.
«Бөлімшенің дәрігерлері мен мейіргерлері өздерінің біліктілігін арттыру мақсатында үнемі білімдерін жетілдіріп, теориялық және практикалық дағдыларын арттырып отырады. Барлық қабылданып отырған кешенді шара жыл сайын диагностикалау мен емдеудің сапасын жақсартуға және пациенттердің денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді», дейді Роза Тохтанәліқызы.