Алдағы ақпан айында Ресейдің Сочи қаласында өтетін Қысқы Олимпия ойындары кезінде Қазақстанның 2017 жылы өтетін EXPO халықаралық көрмесі мен 2022 жылы Алматыда өтуі мүмкін келесі Қысқы Олимпиадаға дайындығы туралы таныстырылымы өтеді. Бұл туралы Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің баспасөз хатшысы Бақытбек Хамит хабарлады.
Оның айтуынша, таныстырылым фильмдер Сочидегі Қазақстанның баспасөз орталығында өтеді. Қазірден бастап агенттік осы шараға дайындық жұмыстарын жүргізуде. «2017 жылы Астанада EXPO халықаралық көрмесінің өтетінін білесіздер. Биыл көктемде көрме өтетін жерде құрылыс басталады. Қазір көрменің жобасы дайын. Осы жобаны Олимпиада кезінде шетелдіктерге тағы да таныстыруды жөн көріп отырмыз. Ал 2022 жылғы Қысқы Олимпиадаға келсек, әзірше ол қай елдің қаласында өтетіні белгісіз. Алайда қолда бар мәліметтерге қарағанда, осы күндері Алматы ең басты үміткер қалалардың бірі ретінде жиі аталып жүр. Біздің ел төрт жылда бір келетін Олимпиаданы қабылдауға үмітті. Біз Сочиде осы доданы өткізуге мүмкіндігіміз бар екенін көрсеткіміз келеді», дейді ол.
Дастан Кенжалин.
Дереккөз: Спорт және денешынықтыру істері агенттігінің баспасөз хатшысы Бақытбек Хамит.