Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінде озық ойлы оқушылар аз емес. Олар түрлі халықаралық ғылыми жобалар мен олимпиадалардан жүлделі орындарды иеленіп жүр.
Білім ордасының баспасөз қызметі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, зияткерлік мектептің оқушылары Біріккен Ұлттар Ұйымына «Тұрақты дамудың мақсаты – мемлекеттер арасындағы теңсіздікті төмендету» жобасын ұсынған екен. MINIBOSS халықаралық бизнес-мектебімен бірлесе әзірленген жоба әлемнің 150 елінен қатысушылар арасындағы үздік атанып, білім грантын жеңіп алды. Жалпы сомасы 3 мың еуро көлеміндегі білім беру гранты оқушыларға кәсіпкерлік негізін меңгеруге, сондай-ақ стартап идеяны іске асыруды бастауға мүмкіндік берді.
Ал 10-сыныптың оқушылары Әли Азаматұлы мен Әлия Діндербайдың жобасы да назар аударарлық. Олар қарт адамдарға арналған жоба әзірлеген.
– Жобаның басты идеясы – зейнет жасындағы адамдарды әртүрлі курсқа қатыстыру арқылы өзін өзі дамытуға үндеу. Білім беру, өнер және спорт ойындарына қатысты курстар мен шеберлік сыныптарын ұсынды. Жыл басында «Қарттар марафоны» жобасы ұлттық байқауда финалға шығып, халықаралық деңгейде ел намысын қорғау құқығына ие болдық, – дейді БҰҰ қолдаған білгір оқушылар.
Онлайн форматында өткен байқау қорытындысында атыраулық оқушылардың жобасы үздіктер қатарына қосылып, БҰҰ-ның алтын медалін жеңіп алды. Лайықты қарттықты қолдайтын әлеуметтік жоба өмір бойы білім алу және зейнеткерлерді қоғамдық өмірге тарту мүмкіндігі бар екенін дәлелдеп отыр.
Атырау облысы