Осы жылдың наурызында кеме алты күн бойы арнаны толығымен жауып тастаған болатын, деп жазады Egemen.kz.
Egypt Today-дің хабарлауынша, әлемдегі ең ірі контейнерлік кемелердің бірі Ever Given Роттердамнан қайтып келе жатыр. 20 тамызда Суэц каналы арқылы өтуі керек. Канал бойындағы жол 10-12 сағатты алады.
Бұл жолы 400 метрлік кеме тағы да бағытынан жаңылып, қыстырылып қалмауы үшін канал бойымен екі буксирмен алып жүреді.
2021 жылы 23 наурызда Ever Given кемесі Суэц каналының оңтүстік бөлігінде қыстырылып қалып, алты күн бойы каналды толығымен жауып қалды. Салдарынан 400-ден астам кеме уақытынан кешікті. Бұл жағдай түрлі компанияларға үлкен шығын әкелді. Суэц каналы әкімшілігінің мәліметі бойынша, «кептелістің» салдарынан Мысыр күнделікті 14 миллион долларға жуық шығынға батқан.
Мысырдың экономикалық соты кемені келтірілген залалдың орнын және құтқару операциясының құнын өтегенге дейін қамауға алу туралы шешім шығарды. 7 шілдеде кеме каналдан шығып, Суэц каналы әкімшілігі мен кеме иесі бітімгершілік келісімге келгеннен кейін Роттердамға қарай бет алды.