Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауын оқығанда өрбіген ой
Халқына – бегі, бегіне – халқы сенген ел ұзақ жасайды.
Күлтегін.
Қазақстанның бүкіл халық сайлаған тұңғыш және қазіргі Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдына ұлы мақсаттар қоя білетіндігіне және оны жүзеге асыра алатындығына көзіміз анық жетіп, көңіліміз әбден сенді. Ана жылы «Қазақстан-2030» Стратегиясы жарияланғанда бәріміздің болмаса да біразымыздың көңілімізде үміттен гөрі күдіктің басым болғаны ащы да болса ашып айтар шындық. Бүгін сол ұлы міндеттің өзі еңсерілді. Бұл ұлы саясаткердің алдына ұлы мақсаттар қойып, оны жүзеге асыруының анық бір айғағы емес пе?!
Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауын оқығанда өрбіген ой
Халқына – бегі, бегіне – халқы сенген ел ұзақ жасайды.
Күлтегін.
Қазақстанның бүкіл халық сайлаған тұңғыш және қазіргі Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алдына ұлы мақсаттар қоя білетіндігіне және оны жүзеге асыра алатындығына көзіміз анық жетіп, көңіліміз әбден сенді. Ана жылы «Қазақстан-2030» Стратегиясы жарияланғанда бәріміздің болмаса да біразымыздың көңілімізде үміттен гөрі күдіктің басым болғаны ащы да болса ашып айтар шындық. Бүгін сол ұлы міндеттің өзі еңсерілді. Бұл ұлы саясаткердің алдына ұлы мақсаттар қойып, оны жүзеге асыруының анық бір айғағы емес пе?!
Енді «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға кірістік. Аса салмақты бұл ұлы стратегияның орындалатынына сенімдіміз. Ол сенімнің кепілі – Нұрсұлтан сынды кемел ойлы кемеңгер басшы және ел бастаған еріне сенген еңбеккер Ел!
Дамыған 30 елдің қатарына кіру жоспарын ұсынған биылғы Жолдаудың басты бір ерекшелігі – Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың бағытын белгілеп, бағдарын бекем бекітіп берді. Осы тұста Мемлекет басшысының алдағы 35 жылда алар асуларымызды жеті «бесжылдыққа» бөлуі, соған орай нақты міндеттер қоюы, халықты бір мақсат, бір мүдде, бір болашаққа бағыттауы – адастырмас ақ жол.
Биылғы он сегізінші Жолдаудың алтын діңгегі, темір қазығы – Мәңгілік Ел! Бұл ұлттық ұлы идея елді бір мақсат, бір мүдде, бір болашаққа біріктіріп, жаңа асуларға бастайды. Өткен жылғы Жолдаудың өзегі «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» – Мәңгілік Ел идеясының берік іргетасы болатын. «Мәңгілік Елді» нығайту, Қазақстанның Тәуелсіздігін мәңгілікке жалғастыру бір мақсат, ал, өркендеген, еркін елде өмір сүру – бір мүдде, тәуелсіз Қазақ Елінің өркендеуі – бір болашақ. Биылғы Жолдаудағы сөзін: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті», деп бастаған Президент өткенге шолу, болашаққа барлау жасап, бағыт-бағдар бере келіп жасаған түйіні де алшы түсер асыққа құйған қорғасындай көкейге қона кетті: «Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.
«Қазақстан-2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, қадірлі халқым!
Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын!» деген түйіннің халықты ерен еңбекке жұмылдырып, Мәңгілік Елдің іргетасын бекіте түсері хақ.
Президент Жолдауында ақиқатқа айналған арман да, бүгіннен де нұрлы болашақ та адастырмас ақ жол, жарық жұлдыз болып жарқырап тұр. Бұл аса құнды құжатта айтылғанның бәрі де салмақты, бәрі де аса маңызды. Жолдауда халыққа деген мемлекет қамқорлығы нақты көрініс тапқан.
Мәселен, Жолдауда атап айтылған: «Бұл – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру қағидаты. Қарапайым адамдардың әлеуметтік көңіл-күйі біздің басты мақсатқа ілгерілеуіміздің маңызды индикаторы болуға тиіс», деген сөздерге сай Президент Үкіметке үлкен міндеттер жүктеді. Олар: «Үкіметке азаматтық қызметшілер еңбекақысының жаңа үлгісін әзірлеуді және 2015 жылғы 1 шілдеден бастап енгізуді тапсырамын. Ол қызметкерлердің еңбекақыларын денсаулық сақтау саласында – 28, білім беру саласында – 29, әлеуметтік қорғау саласында 40 пайызға дейін арттыруды қамтамасыз етуге тиіс.
Мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемін Үкіметке 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 пайызға арттыруды тапсырамын. Мүгедектер бірлестіктері қызметінің құқықтық базасын жетілдірген жөн.
Үкіметке «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілерінің еңбекақысын 2015 жылғы 1 шілдеден бастап – 15 пайызға, ал 2016 жылғы 1 шілдеден бастап – тағы 15 пайызға арттыруды қамтамасыз етуді тапсырамын» деген сөздер «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыратын Қазақстан азаматтарына деген қамқорлықтың айқын бір көрінісі.
Жолдауда атап айтылғандай: «Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың перзенті» жас ұрпаққа үлкен үміт артқан Президент осыған орай былай деді: «Әсіресе, жастарға мынаны айтамын: «Бұл Стратегия сіздерге арналған.
Оны жүзеге асыратын да, жемісін көретін де сіздер. Өз жұмыс орындарыңызда отырып, осы жұмысқа әрқайсыңыз атсалысыңыздар. Немқұрайлылық танытпаңыздар.
Елдің болашағын барша халықпен бірге жасаңыздар».
Биылғы Жолдауда жастарға деген қамқорлық: «Жетекші университеттерді академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіруге жоспарлы түрде кірісу қажет. Үлгерімі жақсы студенттер мен оқушыларды қолдаудың тиімді жүйесін жасау қажет деп санаймын. Үкіметке 2016 жылы 1 қаңтардан бастап стипендиялар мөлшерінің 25 пайызға өсірілуін қамтамасыз етуді тапсырамын», деген жолдарда айқын аңғарылып тұр.
«Экономика және онымен байланыстының бәрі де мәдениетке бағынышты» (Кобо Абэ). Көркем әдебиеті мен мәдениеті дамыған елдің идеялар отанына айналатындығы шығар күндей шындық. Осыны бәрімізден де жақсы білетін Президент биылғы Жолдауында: «Жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін берген жөн. Мәдени саясаттың ұзақ мерзімді тұжырымдамасын әзірлеу қажет. Онда қазақстандықтардың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыруға, заманауи мәдениет кластерлерін дамытуға бағытталған шаралар белгілеу керек» деп қадап айтты. Осыған орай бізге – жазушыларға үлкен міндет жүктеледі. Рухани құндылықтарды жасаудың алғы сапында болу – қаламгер қауымының қасиетті борышы. Рухани құлдыраудың соңы құрдымға кету. Ең бай мемлекет Римнің түбіне жеткен де осы.
Өз басым Жолдаудағы: «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналады. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», деген жолдарды оқып қатты тебірендім. «Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалатынын ұлттың ұлы ұстазы Ахаң – Ахмет Байтұрсынов баяғыда айтқан. «Ана тілі – халық болып жасалғаннан бері оның жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерек» (Жүсіпбек Аймауытов). Қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдің бірі әрі бірегейі. «Білімділіктің ең басты факторы – туған тілінде сөйлеу мен оны сыйлаудан басталады», депті Гегель. «Ана тілін шекараны қорғағандай қорғау керек! (Петр Вяземский). Алайда, кейбір асыра сілтеушілер сияқты көше демократиясымен емес, Елбасы өз Жолдауында айтқан қамқорлық, нақты іс арқылы қорғау керек!
Президент Жолдауында айтылғандай, ғылымды қаржыландыру көлемі бұдан былай жалпы ішкі өнімнің ең кем дегенде 3 пайыз деңгейіне дейін ұлғайтылады. Сүйінші сұрауға тұрарлық жаңалық қой бұл! Ғылым салаларын әлемдік стандарттарға жауап беретін жоғары деңгейге жеткізбей инновациялық-индустриялық бағдарламаны дамыту мүмкін емес. Міржақып Дулатов кезінде былай деп жазды: «Тіршілік – бәсеке жарыс. Дүние – бәйге үйлестіруші. Озғанға қарай бәйге береді. Жарыстың алды болып келген бәйгенің алдын алады, ортасы болып келген ортасын алады, соңында қалған бәйгеден тіпті құр қалады. Осылай болған соң адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейді. Озғанның ісі қай орында да болса, үстіне түсіп, қалғанның ісін баспақшы». Ғасыр басында айтылған бұл сөз, бұл ой ескірген жоқ. Өмірдегі бәсеке, жарыс бүгін тіпті қызып тұр. Ал, осы әлемдік жарыста озудың кілті – ғылым. Олай болса, Елбасы өз Жолдауында уақыт алға қойған ұлы міндеттің бірін тамыршыдай тап басып тұр.
Биылғы – 2014 жылғы Жолдаудың 10 бағытында:
«Бесінші. Тиімді жер нарығы құрылады. Ауыл шаруашылығы жерлері бұдан былай тек инвестиция салу және озық технологияларды ендіру шартымен ғана жалға беріледі, бұл отандық ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттырады» делінген. Осы бір аз ғана сөзде аса салмақты ой, салиқалы саясат жатыр. Әлихан Бөкейхановтың сөзімен айтсақ: «Мемлекеттің негізгі арқа сүйер тірегі – Жер. Ол болмаса мемлекет болмақ емес. Жер, жер және Жер. Жерсіз Отан жоқ». Замана өрті Жерді де өртей бастады. Өртегені емей немене байшыкештер жерді сатып алып, оны игермей қаңтарулы атқа ұқсатып қойды. Үндістердің ақылман ағасы Сиэтл Дювамиш 1885 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Франклин Пиерске жазған хатында былай депті: «Жер – адамның мүлкі емес, адам Жердің мүлкі. Жер – менің халқыма, яғни бөбегіне жүрегі елжірей еміренетін Ана!» Жүрек тебірентетін бұл сөздер Жер-Ананың қадір-қасиетін айқындап тұрған жоқ па?! «Унесенные ветром» («Жел айдаған») романында айтылғандай: «Жер! Бұл жалғанда сол үшін ғана жанталасып еңбектенуге, соғысуға һәм өлуге болады, өйткені жер ғана мәңгілік».
Қара жерді қадірлемегенді қарғыс атады. Алла тағаланың қаһарына ұшырамайық десек Жер-Ананың қасиетін ұғып, киесінен қорқып, қадіріне жетейік. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөз Жер-Анаға жүрмейді. Жер-Ананы қадірлеуді жапон жұртынан үйренген жөн. Президент Жолдауында айтылған Жер-Ана жайлы толғау осындай сан тарау ойға жетелейді.
Президенттің халыққа Жолдауында айтқан сөзінің бәрі маңызды. Оның әр тарауы емес, әр сөйлемінің салмақтылығы сонша Жолдауды талдауға бір мақала аз.
Елі – еңбеккер, ері кемеңгер елдің Президент айтқандай: «Дамуы жедел, келешегі кемел болары» айдан анық. «Мәңгілік Ел» алыстағы қол жетпейтін арман емес, жақын да жарқын, ұлы да нұрлы болашақ!
Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.
АЛМАТЫ.