• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2014

Елордаға жүктелген міндет жүгі салмақты

356 рет
көрсетілді

Кеше Астана қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауының еліміз үшін стратегиялық маңызын саралаған қала активінің кеңейтілген мәжілісі болып өтті. Онда Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов баяндама жасады.

Кеше Астана қаласы әкімдігінің мәжіліс залында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауының еліміз үшін стратегиялық маңызын саралаған қала активінің кеңейтілген мәжілісі болып өтті. Онда Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов баяндама жасады.

«Биылғы Жолдау біз үшін орталық ойды саралап, оның әрбір түйінін жаңалап тұрған, халық болып бірігіп, қоғам болып жұмылып атқарар ең басты құжат... Сөз жоқ, осынау тұтас халқымыз үшін ортақ тарихи жолда ел ордасы Астанаға жүктелетін міндеттің орны айрықша, жүгі салмақты болмақ. Мұны Елбасы өз Жолдауында қаламымен қадап, шешімімен шегелеп берді», деп бастады баяндамасын Иманғали Тасмағамбетов. Одан әрі баяндамашы инновация, ғылыми қамтымды экономика, агроөнеркәсіптік кешен, энергетикалық және көліктік салалардағы инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік саладағы қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы қазақстандықтардың әлеуетін ашу сынды Елбасының Жолдауында жүктелген нақты тапсырмаларды жіктей келіп, Астананың таяу болашақтағы даму бағдарына кеңінен тоқталды.

Жолдауда Үкімет биыл ІЖӨ өсімін 6-7 пайыз деңгейінде қамтамасыз етуге тиісті екендігі атап көрсетілген болатын. Әкімнің айтуынша, соңғы жылдары қала экономикасының өсімі шамамен тұрақты түрде 7 пайыз деңгейді көрсетіп келеді. Алдағы уақытта еліміздің бас қаласында жалпы өңірлік өнім өндіру көлемінің өсімін 8-9 пайызға жеткізу үшін толық экономикалық мүмкіндіктері бар. Жолдауда атап көрсетілгеніндей, 2050 жылға таман елімізде ІЖӨ көлемін жан басына шаққанда 4,5 есеге ұлғайтып, қазіргі 13 мың доллардан 60 мың долларға дейін арттыру мәселесі көзделген. Бүгінгі нақты есептік көрсеткіштер бойынша, Астанада 2017 жылға қарай бұл көрсеткіш 4,7 миллион теңге немесе 30 мың долларға жететін болады.

Еліміздің болашақ даму белестерін айқындаған бұл Жолдауда 2050 жылға қарай еліміз бойынша еңбек өнімділігін 24,5 мыңнан 126 мың долларға дейін арттыру міндеті қойылған. Елордада бұл көрсеткіш қазіргі күннің өзінде адам басына шаққанда 36 мың доллардан айналып отыр. 2016 жылы қаладағы Индустриялық парк аумағында жаңадан 30 өндіріс орны іске қосылып, индустрияландыру картасы аясындағы кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істей бастағанда және №3 ЖЭО-ның алғашқы кезеңі іске қосылғанда бас қаламыздағы еңбек өнімділігі жан басына шаққанда 42 мың АҚШ долларына жеткізілетін болады.

Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов Жолдауда жүктелген міндеттерді орындау индустриялық-инновациялық бағ­дар­ламаны ойдағыдай жүзеге асырып, шағын және орта кәсіпкерлікті жүйелі түрде дамытуды жалғастыруға тікелей байланысты екендігін ерекше атап көрсетті. Қазір Астанада 598 гектар аумақта қанат жайған Индустриялық парк сәтті де табыс­ты жұмыс істеуде. Мұнда инвесторларға қолайлы техникалық жағдайлар жасалған. Паркте жалпы инвестициялық көлемі 181 миллиард теңгені құрайтын 49 жоба жүзеге асырылуда. Оның 19-ы қазірдің өзінде белсенді түрде жұмыс істеуге кіріссе, қалған 30-ы іске қосылу үстінде. Жалпы, Индустриялық парктегі аталған жобалардың барлығы 2016 жылға қарай толық жүзеге асырылатын болады. Сол кезеңде елорда жоғары көрсеткіштері бар әлеуетті әлеуметтік-экономикалық ахуалға қол жеткізеді. Тек 2017 жылдың өзінде Индустриялық парк аумағындағы кәсіпорындардың жыл сайын өндіретін өнімі 150 миллиард теңгені құрайтын болады. Мұнда 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, қала бюджетіне 70 миллиард теңгеден астам кіріс кіреді. Осы бір өндіріс ауқымы артқан индустриялық ортада тауарлар мен көрсетілетін қыз­мет­тердегі қазақстандықтардың үлесі 70 пайызға жетеді деп күтілуде.

Президент Жолдауында «Орта және шағын бизнестің үлесі артқан сайын Қа­зақстанның дамуы да орнықты бола тү­седі» деген қағидат нақты көрініс тапқан, деді одан әрі баяндамашы. Бүгінгі күні Астананың жалпы өңірлік өнім өндіру көлеміндегі қызмет көрсету саласының үлесі 60 пайыздан асады. Осы салада 190 мың адам жұмыс істейді, бұл бас қаладағы еңбекке жарамды адамның бестен екі бөлігі, деп жалғастырды сөзін қала әкімі. Бүгінде жұмысын белсенді жүргізіп келе жатқан шағын кәсіпкерлік субъектілердің саны – 47 мың. Қаламызда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау жүйелі жолға қойылған. Тек «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде ғана 2017 жылға қарай шағын кәсіпкерлік субъектісінің саны 54 мың бірлікке дейін арттырылмақ. Бүгінгі таңда қала алдында тұрған басты міндеттердің бірі – 2020 жылға қарай жалпы өңірлік өнім өндіру көлеміндегі қызмет көрсету сала­сы­ның үлесін 80 пайызға дейін жеткізу.

Мемлекет басшысы биылғы Жол­дау­ында ел азаматтарының әлеуметтік жағ­дайына қолайлы үш маңызды міндетті атап көрсетті, деді баяндамашы. Оның айтуынша, мұндағы ең салмақты міндет – қызмет көрсету сапасын арттыру. Бұл – Жолдауда атап көрсетілген халықтың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін жеткізуге тікелей ықпал ететін міндет. Бұл ретте ең алдымен, балалардың денсаулығын жақсартуға барынша басымдық беру қажет. Осы салаға жауапкершілігі жо­ғары, білікті дәрігерлерді тартып, жаңа әдіс­темелер енгізу барынша маңызды. Осыған байланысты қала әкімі қалалық денсаулық сақтау басқармасына Елбасы алға қойған тапсырмаларды іс жүзіне асыру үшін тиісті тараптармен бірлесе отырып кешенді бағдарлама әзірлеуді тапсырды.

«Көріп отырсыздар, Елбасының биылғы Жолдауы – мемлекетіміздің стратегиялық жолын ғана емес, тұтас халқымыздың «мәңгілік өсіп-өркендеуге», деген талассыз ұмтылысын қордалайтын құжат. Қоғамның «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген керекті сауалына Елбасының деректі жауабы. Болашағымызға бағдар беретін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін жасампаз идея», деп атап көрсетті Иманғали Тасмағамбетов. Қазақ­станның экономикалық, әлеуметтік, ин­тел­лектуалдық әлеуетіне әр қазақ­стан­дық сеніммен қарауы керек. Оған негіз жоқ емес. Еліміз тәуелсіз әрі қарқынды да­му жолын таңдады. Оның түп тамырын­да бейбітшілік пен алға ұмтылу құндылықтары қатар жатыр. «Мәңгілік Ел» еліміздің ұлттық идеясы – іргелі еліміз бен кемел келешегіміздің түп қазығы, деп қорытындылады «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдаудағы асқаралы мақсат-міндеттерді саралауға арналған қала активінің алқалы жиынындағы сөзін қала әкімі.

Елбасының «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында айтылған мақсат-міндеттерді саралаған қалалық активтің осы алқалы жиналысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің кафедра меңгерушісі, профессор Ғарифолла Есім, «Nazarbayev University Research and Innovation System» (NURIS) мекемесінің бас директоры Қанат Байғарин, Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Мейірбек Мәжитов, «Астана қаласының бас жоспары ҒЗЖИ» ЖШС директорының орынбасары Гүлнәр Құсайынова және басқалар сөз сөйлеп, күн тәртібіндегі маңызды мәселелерге байланысты ойларын ортаға салды.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Астана.

––––––––––––––––

Суреттерді түсірген

Ерлан ОМАРОВ.

Соңғы жаңалықтар