Шымкент қаласындағы Инвестициялық штабтың кезекті отырысында қаладағы шағын және орта бизнестің даму мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, «Өңірлік брендтерді дамыту» жобасы, «Іскер қала» өңірлік бағдарламасы бойынша ұсыныстар айтылды, деп жазады Egemen.kz.
«Аталған жобалар бойынша қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков баяндады», деп жазады Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша, бүгінде «Бастау Бизнес» курсын бітіргендерге қолдау жеткілікті. Оларға негізінен үш бағытта – өнеркәсіп, сауда және қызмет көрсету, агроөнеркәсіп кешені бойынша түрлі жеңілдіктер ұсынылған.
Шаһарда шағын және орта бизнес тиімділігін арттырудың кешенді шешімдері қолға алынды. Соның бірі – кіші индустриалды аймақтар құру. «Бастау Бизнесте» оқыған кәсіпкерлерге кіші индустриалды аймақтан орын ұсынылды. Басты артықшылығы – дайын сауда орындары, жеңілдік шарттарымен жалға алу және инфрақұрылымның қолжетімділігі.
Сондай-ақ, өңірлік брендті дамыту аясында франшиза жобаларының тиімділігін арттыру көзделген. Франшиза – дайын бизнес. Онда кәсіпті толық сүйемелдеу мүмкіндігі бар.
Штаб отырысында шағын және орта бизнесті дамытуда «Іскер қала» өңірлік бағдарламасын қабылдау, өңірлік бағдарлама қорын қалыптастыру бойынша қаржы көздерін қарастыру, «Бастау бизнес» курсын жергілікті бюджеттен қаржыландыру бойынша ұсыныстар талқыланды.
Жалпы 2021-2023 жылдары қалада 1000 сауда нүктесімен өңірлік 50 брендті қалыптастыру (3000 жұмыс орны), 500 жеке кәсіпкерлік нысаны бойынша 4 кіші индустриалды аймақ құру (2,5 мың жұмыс орны) жоспарланған. Сонымен қатар, 30 кооператив ұйымдастырып, шаруа қожалық санын 600-ге жеткізу назарда болады. Жұмыс орнының саны – 1,5 мың.
Айта кетсек, бүгінде шаһарда 69,5 мың шағын кәсіпкерлерік нысан жұмыс істейді: Абай ауданында – 24 177, Әл-Фараби ауданында – 16 551, Еңбекші ауданында – 16 151 және Қаратау ауданында – 12 651 нысан бар.
Белсенді шағын және орта бизнес нысандарының санын биыл 71 мыңға жеткізу көзделген. Ал 2023 жылы 83 мыңға жеткізу жоспарланған. Биыл қаңтар-наурыз айында 222,1 млрд теңгенің өнімі шығарылған.