2021 жылғы 19 тамызда Шолпан-Ата қаласында (Қырғыз Республикасы) Еуразиялық Үкіметаралық кеңес отырысы аясында Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев Қырғызстан Республикасының Ауыл, су шаруашылығы және өңірлерді дамыту министрі А. Жаныбековпен кездесті, деп жазады Egemen.kz.
Кездесуде Сырдария, Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде биылғы жылдың вегетациялық кезеңінің барысы, сондай-ақ Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясы бойынша ынтымақтастық шеңберіндегі өзекті су шаруашылығы мәселелері, оның ішінде Шу өзеніндегі «Чумыш» су торабын басқару және пайдалану режимі туралы келісімді талқылау бойынша кеңес өткізу қажеттігі талқыланды.
Тараптар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін суармалы сумен қамтамасыз ету бойынша қабылданған бірлескен күш-жігерді оң бағалады және Шу өзені бассейніндегі мемлекетаралық объектілер бойынша су берудің келісілген кестесін сақтауға келісті.
Сондай-ақ, қазақстандық тарап Шу өзенінде су бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуге байланысты Чумыш гидротехникалық торабын басқару және пайдалану режимі туралы келісімді әзірлеу және оған қол қою қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты, қырғыз тарапына құрылған жұмыс тобы шеңберінде Келісім жобасын талқылауға кірісуді және бірінші отырысты 2021 жылғы қыркүйек айында өткізуді ұсынды.
Тараптар өзара сыйластық және тату көршілік қағидаттары негізінде жан-жақты ынтымақтастықты тереңдетуді жалғастырады.