• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 22 Тамыз, 2021

Хакім Хазірет

526 рет
көрсетілді

Биылғы мамыр айында ел газетінде «Кеңес заманында қажыға барған» атты («Егемен Қазақстан» 03.05 2021. ж) Нүркей қажы Биғабылұлы туралы мақаламыз жарық көрген еді. Сол қасиетті сапарға елімізден Нүркей қариямен бірге Хакім Омарұлы мен Еркін Қозыбаев деген тағы екі қазақ азаматы да аттанған. Жуырда осы дүниені газеттен оқып, суреттен әкесінің бейнесін көрген Хакім қажының қызы Хамида апай хабарласып, сол кездегі түрлі кедергіге қарамастан екі мәрте қажылыққа барған әкесі туралы айтып берді.

Саналы ғұмырын дін жолына арнаған Хакім хазірет 1906 жылы Бурабайдың баурайындағы Қосдәулет ауылында өмірге келіп, атасы салған медреседе сауатын ашқан. Жалпы, Қосдәулет деген кісі өз заманының ауқатты, жақсы-жайсаңдармен сыйлас, беделді бегі болған. Оның баласы Ахметжан сол кезде Мысырдан оқып, 1905 жылы әкесінің мешітінде жәдит оқуын ұйымдастырған. Ал Қосдәулеттің екінші ұлы Омар қажы 1908-1906 жылдары Көкшетау уезінің оқу бөлімімен келісіп, өзінің және көршілес ауылдағы қазақ балаларына орыс тілі мұғалімін алдырып, орысша оқытқан.

Кеңес өкіметі орнағасын большевиктер ел ішіндегі дәулеттілер мен діни тұлғаларды қуғындағаны анық. Дәл осы жылдары хазіреттің әкесі Омар қажыға да жазықсыз жала жабылып, ол кісі қолынан қаза болады. Осы оқиғадан соң қажының әулеті жан-жаққа бас сауғалайды. Хакім шешесін алып, алдымен Омбыдағы нағашыларына барады, одан Хабаровск асып, ақыры Қарағандыға келеді. Мұнда да біраз түртпекті көріп, 1935 жылы Семейге тұрақтайды.

Жасынан арабша, жәдитше, орысша оқыған иманды азамат 1948 жылы Семей қаласының мешітіне имамдыққа сайланып, осы қызметті өмірінің соңына дейін, яғни 26 жыл мүлтіксіз атқарды. Сол кездегі Орта Азия және Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының мүфтиі Зияудин Бабаханов хазіреттің білімі мен парасатын жоғары бағалап, оны 1948 жылы аталған Діни басқармасына мүше етіп, Қазақстан бойынша тексеру комитетінің төрағалығына тағайындайды.

Дінге теріс қараған кеңестік кезеңде имандылығы мен ұстанымынан тайқып көрмеген табанды тұлға мұсылманның бес парызының бірін өтеу үшін жоғары жауапты мекемелерге үзбей хат жаза жүріп, ақыры рұқсатын алып, алғашқы қажылыққа 1954 жылы барады. Одан кейін екінші рет, яғни 1965 жылы тағы да жолы түседі.

Сондай-ақ дін қайраткері қоғамдық қызметке де белсенді атсалысып, Ислам дініне байланысты халықаралық конференциялар мен мазмұнды жиындарда баяндама жасап, салмақты сөз сөйлейді. Мәселен, 1956 жылы Үндістанда өткен Әлемдік бейбітшілікті қорғауды қарусыздандыру конгресіне Орта Азиядан жоғарыда есімі аталған бас мүфти Зияудин Бабаханов пен Хакім Омарұлы ғана барып, қатысқан. Осыдан-ақ ол кісінің білігі мен беделін байқауға болады. Сонымен қатар Ливан, Франция секілді бірқатар шет мемлекетке сапарлап қайтқан.

Атеизм дәуірлеген тұста ислам дініне қарсы мерзімді баспасөзде жағымсыз мақала жазғандарға Хакім қажы дәлелді пікірлерімен байыпты жауап беріп отырған.

Кезінде еліміздегі Дін істері агенттігінің төрағасы болған, белгілі азамат Қайрат Лама Шариф Хакім Омарұлының Кеңес Одағы кезіндегі атеистік идеологияның дәурені жүрген шақта дінді қорғап еңбектер жазып, қазақ жерінде исламның сақталуына үлкен үлес қосқан тұлғалардың бірі дейді. «Осындай қиын-қыстау заманда исламға қызмет ету мақсатында Семей өңірінде 1948 жылдан бастап өмірінің соңына дейін 26 жыл имамдық қызмет атқарды. Қажылық ғибадатын орындау үшін қасиетті Меккеге екі рет барды. Жұма, айт намаздарына, қадір түніне, мәуліт күндеріне арналған уағыз-насихаттарын, өзге діни мазмұндағы еңбектерін ана тілінде жазып қалдырды. Ол өзінің білімділігі, терең ой-парасаты мен адалдығының арқасында тек Қазақ жерінде ғана емес, бүкіл Орта Азияда танымал тұлға болды» деп айтады.

Хазіретке 1974 жылы тамыздың ортасында Ташкент қаласында өтетін әл-Бұхаридің 1200 жылдық мерейтойына арналған халықаралық конференцияға қатысып, баяндама жасауға ұсыныс түседі. Өкінішке қарай, ол кісі оған үлгермей, 2 тамызда дүниеден озады. Алайда конференцияда Еуропа, Азия, Африка және т.б елдерден келген қауым совет заманының сұрқия саясатынан сескенбей асыл дінімізді қызғыштай қорыған Хакім қажы Омарұлын еске алып, дұға бағыштаған.

Өмірде жетпіс жылға жуық ғұмыр кешіп, ізгілікті із қалдыра білген текті тұлғаның өнегелі жолымен жүрген алты баласы да жоғары оқу орнын бітіріп, елге хал-қадерінше еңбек етті. Қазір олардан тараған немере-шөберелерді қосқанда Хакім қажының шаңырағы іргелі әулетке айналды. Тағдырдың түрлі бұралаңында атамызға сенімді серік бола білген зайыбы Тотыкамал әжеміз 2002 жылы 84 жасында Алматыда қайтыс болды.

Биылғы Ұлыстың ұлы күнінде Семей шаһарындағы Дальный кентінде ашылған 400 адамға арналған жаңа мешітке Хакім хазірет Омарұлының аты беріліп, дін қайраткерінің есімі ұлықталды.