Қытай көлік министрлігінің хабарлауынша, Нагчу қаласы мен Тибет автономды ауданының астанасы Лхасаны жалғайтын әлемдегі ең биік автокөлік жолы пайдалануға берілді. Өткен сенбіде Нагчу мен Янгбажаин арасындағы 227 шақырымдық соңғы учаске ашылып, автобан толықтай іске қосылды.
Орташа биіктігі 4500 метрден асатын, 295 шақырымға созылатын Нагчу-Лхаса автокөлік жолы – Пекин мен Лхасаны байланыстыратын экспресс жол бөлігі. Сондай-ақ Лхаса мен Тибеттің солтүстігін байланыстыратын бірінші магистраль.
Осылайша, Лхаса мен Нагчу қаласы арасындағы жолды жүріп өту уақыты алты сағаттан үш сағатқа дейін қысқарды. Министрлік өкілдерінің айтуынша, Тибетті Қытайдың солтүстік-батысындағы Цинхай провинциясымен байланыстыратын жолдың мүмкіндіктері мол. Сонымен қатар қауіпсіздік деңгейі де жоғары.