Семейдегі Шәкәрім даңғылы бойындағы тоғыз қабатты үйдің қабырғасына Алаш Орда көсемінің портреті жазылды. Менмұндалаған муралдағы Әлихан бейнесі «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп семейлік басшылардың рухын жанып тұрғандай көрінді. Иә-иә, дәл солай.
Төбемізден намысты жанып, Алаш Орда көсемі қарап тұрғанда, орталықтағы Морозов, Терещков, Фрунзе, Щорс, Красногвардейский секілді идеологиялық тұрғыда ескіріп кеткен көше атаулары да ауыстырылуы тиіс. Семейдің сырт жағындағы шолақ көшедегі Әлиханның есімі орталық көшелердің біріне берілсе, Абай елі алақайлап сүйінші сұрасар еді. Алдыңғы жылдары орталық алаңға тұлға мүсіні қойылғанда, өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанғандай қуанған едік.
Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына орай алып портретін Қазақ инновациялық заң университетінің ұжымы қалаға сыйға тартты. Оқу орны басшылығының айтуынша, екі-үш ай дайындалып, екі апта ішінде көркем мурал Шәкәрім даңғылы, 15 үйдің қабырғасына жазылды. Муралды Erudit Group компаниясының тапсырысымен кәсіби суретші Александр Романов салып шықты.
– Оқу орын ұжымына ризамын. Мурал салынған ауланы абаттандыруға да зор үлестерін қосты. Ал Әлиханның бұл суреті аулаға ғана емес, қалаға көрік беріп тұрады деген сенімдемін. Екінші жағынан өсіп келе жатқан ұрпақ бабаларының кім екенін біліп өседі, – дейді портреттің авторы А. Романов. Айтқандай, университет ұжымының ұйытқы болуымен Шәкәрім даңғылы, 15 үйдің ауласы да абаттандырылды. Тағы бір сүйіншілі жаңалық, жуықта университетке Әлихан Бөкейханның есімі берілуі мүмкін.
Семей