Кеншілер астанасындағы орталық саябақтың сәні арта түсті. Белгілі кәсіпкер Нұрлан Смағұлов қорының қаржылай қолдауымен мұндағы «Нептун патшалығы» мен «Отбасы» мозаикалық мүсіндері қалпына келтірілді.
Бұл жобаға бастамашы болған Урбанистика орталығының мамандары іске кіріспес бұрын мүсін авторларының жазбаша келісімін алды. Тіпті мозаика авторларының бірі Виктор Аренттің өзі де бұл жұмысқа атсалысты.
Ұзақ уақыттан бері тұрған бұл мүсіндер әбден тоза бастаған-тұғын: жабынның бүтіндігі бұзылып, смальта бойымен жарықтар пайда болды, тұғырлары морып, блоктардың аражігінен шөп өсіп шыға бастаған еді.
Шеберлердің мүсіндерді қалпына келтіргені өз алдына, сонымен бірге мозаика орналасқан аумақ та ретке келтірілді. Қалалық әкімдіктің көмегімен шамдар орнатылып, қырлы тас төселді, жаяу жолдар салынды. Сондай-ақ мозаикалық мүсіндер маңына гүлзар жасалып, көшеттер отырғызылды, көгал шөп егілді. Автоматты суару жүйесі де орнатылды.
Қарағанды Урбанистика орталығының суретшісі және жетекшісі Шыңғыс Қасымов бұл мозаикалық мүсіндердің қарағандылықтар үшін ерекше мұра, естелік ретінде өте маңызды жәдігер екенін айтады.
– Қарағанды – монументалды өнердің саны мен сапасы жағынан ең бай облыстың бірі. Таяу арада Урбанистика орталығының сайтында облыстың барлық мозаикасы бойынша қысқаша сипаттамасы бар карта орналастырылатын болады, – дейді ол.
Орталық саябақтың ажарын аша түскен әрбір мозаикалық мүсіннің жанында QR-коды бар ақпараттық тақтайшалар орнатылды.
ҚАРАҒАНДЫ