Қарағанды облысындағы білім беру саласының алдында оқытудың сапасын арттыру және штаттық оқытуға қайта оралу сынды маңызды міндеттер тұр. Негізінде, пандемия салдарынан туындаған қиыншылықтарға қарамастан, аталған жүйені жетілдіруге айрықша көңіл бөлініп келеді.
Мысалы, биыл білім беру саласына 182 млрд теңге бөлінген. Бұл облыстың жалпы бюджетінің 40%-ын құрайды. Бұл туралы онлайн режімде өткен тамыз мәслихатында Қарағанды облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова мәлімдеді.
8 мектеп салынып жатыр
Қазіргі таңда Қарағанды, Жезқазған, Саран қалаларында, Жаңаарқа және Шет аудандарында төрт мектеп және төрт жапсарлас қосымша құрылыс, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында екі балабақша, сондай-ақ Сәтбаевта оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде. Облыс басшылығының мәлімдеуінше, жыл соңына дейін сегіз нысанды іске қосу жоспарланған. Бұдан бөлек, алдымыздағы 1 қыркүйекте облыс орталығында жаңа оқушылар сарайы айқара есік ашады.
Жаңа оқу жылына қарай 164 білім беру нысанында жөндеу жұмыстарының жүргізілгенін айта кеткен ләзім. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс атқарылды: барлық оқу орнында дабыл түймелері мен дауыстық ескерту жүйелері орнатылған. Мектептердің жартысынан көбі турникеттермен жабдықталған, сондай-ақ ол жерлерде арнайы күзет кезекшілік етеді. Қаңтар айынанбастап барлық бейнебақылау жүйесін жаңарту басталады. Ал балабақшаларда ата-аналар мектепке дейінгі тәрбие сапасын бағалайтын жаңа үлгі енгізілмекші.
Колледждердің әлеуеті күшейтіледі
Биыл Қарағанды облысының колледждерінде 10 жаңа мамандық ашылады. Айта кететін бір жайт, «Микроэлектроника және мобильді құрылғылар» және «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандықтары бойынша даярлық Қарағанды облысында ғана жүргізіледі.Есесіне, сұранысы төмен мамандықтар саны қысқарады. Интеграцияланған модульдік білім беру бағдарламаларын енгізу арқылы студенттер бірден-бір мамандықтың орнына бірнеше біліктілік алады. Колледждерде еңбек нарығын талдауға негізделген SKILLS-ID бағдарламасы енгізіле бастады.
Облыстың бас мұғалімі дуалды оқытуды дамыту бойынша жұмыстардың жалғасатынын айтады. Мысалы, қазірдің өзінде 360 кәсіпорынмен ынтымақтастық орнатылған.
Сонымен қатар ол биыл түлектердің қорытынды аттестаттауы алғаш рет WorldSkills стандарттарын ескере отырып, кадрларды даярлау сапасын бағалаудың жаңа құралы – демонстрациялық емтиханды қолдану арқылы өткізілгенін атап өтті. Аталған форматтағы емтихандардан 13 колледж базасында 630 студент өткен. SkillsPassport алған түлектер жас мамандардың мәліметтер базасына енгізілді, оған қызметкерлерді іздеу және іріктеу үшін жетекші кәсіпорындардың жұмыс берушілері қол жеткізе алады.
Өңір колледждері халықаралық компаниялармен де ынтымақтастық орнатқан. Ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірлесіп Саран көпсалалы колледжінің базасында «Шиналар өндірісі» жаңа мамандығы«Покрышкаларды құрастырушы-қалыптаушы», «Автокамералық агрегат машинисі», «Престеуші-вулканизаторшы», «Техник-технолог» біліктілігі бойынша құрылады.
Инклюзивті білім –ізгілікті қадам
Қарағанды облысында ерекше балаларға қажетті жағдай жасаған мектептер саны жыл сайын артып келеді. Мысалы, олардың қатары өткен оқу жылында 343-тен 370-ке дейін өсті. Жалпы, өңірде инклюзивті білім берумен қамту 73%-дықұрайды.
Г.Қожахметова психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметіне педагог-ассистенттердің 59 штаттық бірлігі енгізілгенін атап өтті. Аутистік спектрдің және ментальдық, мінез-құлықтық ауытқулары бар балалардың саны үнемі өсіп келе жатқаны ескеріліп, соңғы екі жылда облыстың 8 мектебінде инклюзияны қолдау кабинеттері ашылған.
Биыл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 207 педагог қолданбалы мінез-құлық талдауы бойынша оқудан өтеді. Бұл қосымша 500-ден аса баланы білім беру қызметтерімен қамтуға мүмкіндік береді. Жалпы, инклюзивті тәжірибе бойынша оқытудан өткен педагогтердің үлесі 32%-дан 60%-ға дейін өскен.
Қыркүйек айынан бастап Теміртауда 60 орындық оңалту орталығы жұмыс істей бастайды. Бұдан бөлек жыл соңына дейін облыс орталығында тағы бір психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес және Қарағанды мен Сәтбаев қалаларында екі түзету кабинетін ашу жоспарланған.
Ал облыс басшылығы жаңа оқу жылында балабақшалармен бөбекжайларды, үйірмелер мен секцияларды қолжетімді ету, инклюзивті оқытуды дамыту сынды міндеттерді қойып отыр.
Қарағанды облысы