• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
22 Қаңтар, 2014

Футбол: Қазақстан Еуропа чемпионатын өткізуге үмітті

426 рет
көрсетілді

Польшаның Вроцлав қаласында Еуропа шағын футбол федерациясының (EMF) кезекті отырысы өтті. Оған «Қазақстан әуесқой футбол лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Жарылқасынов бастаған қазақстандық делегация қатысты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.

Отырысқа Еуропадан жалпы саны 32 елдің өкілдері қатысып, әуесқой футболшылардың жарыстарын дамытуға арналған мәселелерді талқылады. Сонымен бірге жиынға қатысқан футбол мамандарының ішінде Дүниежүзілік шағын футбол федерациясының президенті Филип Джуди бастаған делагация да өз ойларын айтып, пікірлерімен бөлісіп отырды. Жалпы, жиынға қатысушылар елішілік турнирлер мен жарыстарды, құрлықтық чемпионатты дамытуға баса назар аударды. Соның ішінде біздің елдің өкілдері 2015 жылы әуесқой футболдан Еуропа чемпионатын Астанада өткізу туралы ұсынысын жасады. Бұдан басқа келесі жылы өтетін құрлықтық бәсекені Германия, Италия мен Израиль елдері де өткізуге үмітті екендерін жасырмады.

Жақында біз осы жиынға қатысып, Қазақстан атынан келесі жылы Еуропа чемпионатын өткізуге өтініш берген «Қазақстан әуесқой футбол лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Жарылқасыновпен хабарласып, отырыста қаралған мәселелер туралы сұрастырғанымызда ол бізге былай деді: « Біздің ел 2015 жылы Астанада әуесқой футболшылар арасында Еуропа чемпионатын өткізуге өтінішін берді. Бұл бәсекені біз алдымен елімізде футболды дамытуға, халық арасында саламатты өмір салтын насихаттауға, жастарымыздың футбол ойнап, көбірек спортпен айналысуы үшін жасап отырмыз». Сонымен бірге ол құрлықтық доданы жылдан-жылға сәулеті мен дәулеті дамып келе жатқан Астананы Еуропа елдеріне, бүкіл әлемге көрсету үшін де өткізгісі келетіндерін айтты. «Мұндай жарыс елімізде бұрын-соңды болмаған. 2015 жылы Еуропа чемпионатының қай елде өтетіні 31 наурыз күні белгілі болады. Біздің ойымызша, Астанада құрлықтық доданы өткізуге мүмкіндік бар. Өйткені, Қазақстан Еуропа шағын футбол федерациясының құрамына кірген 2012 жылдан бері әуесқой футболды дамытуға бар күш-жігерін салып келеді.  Мұны қазір бәрі мойындап отыр. Сол кезден бастап «Қазақстан әуесқой футбол лигасы» қоғамдық бірлестігінің жыл сайын ұйымдастыратын турнирінің жеңімпазы Еуропа чемпионатына қатысуда.  Мәселен, астаналық «Сайран» командасы 2012-2013 жылдары «Қазақстан әуесқой футбол лигасы» өткізетін турнирдің жеңімпазы ретінде екі жыл қатарынан құрлықтық чемпионатқа қатысып, ойын өрнегімен жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді. Енді биыл «Семей» командасы Қазақстан атынан Еуропа чемпионатына қатысады. Бұл команда былтыр әуесқой футболшылар арасында өткен турнирдің жеңімпазы атанған», деді ол.

 Ерлан Жарылқасыновтың айтуынша, қазір Қазақстан Еуропа шағын футбол федерациясының рейтингінде 32 елдің арасында 9-орында тұр. Осының өзі де 2015 жылы елімізде құрлықтық чемпионатты өткізуге мүмкіндік береді, дейді ол.

Дастан Кенжалин.

Дереккөз: «Қазақстан әуесқой футбол лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Жарылқасынов.

Соңғы жаңалықтар