Нұр-Сұлтан қаласындағы Өзбекстан елшілігінде баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында Өзбекстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев бірқатар маңызды мәселеге тоқталды.
Елшінің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстанның аумағында фармацевтикалық өнеркәсіп ашу мәселесі қаралып жатыр. Сондай-ақ С.Ниязходжаев коронавируспен күресте Өзбекстан мен Қазақстанның өзара байланысына ерекше тоқталды.
«Екі елдің Денсаулық сақтау министрліктері індетті жеңу жолында өзара тәжірибе алмасты. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі Өзбекстанға барып, елдегі эпидемиялық жағдайды жақсартуға қатысты екіжақты кеңес өтті. Одан бөлек, пандемия өршіп тұрған сәтте бауырлас қазақ елі өзбек бауырларына гуманитарлық көмек көрсетті. Сәйкесінше біздің ел де Covid-19-бен күресте Қазақстанға қол ұшын созды. Бүгінде екі ел арасында аталған бағытта өзара тәжірибе алмасу жалғасып келеді. Соның бірі – қазіргі таңда Өзбекстан мен Қазақстан аумағында фармацевтикалық кәсіпорын ашу мәселесі қаралып жатыр», деді Саидикрам Ниязходжаев.
Елшінің айтуынша, биылғы 6 ай ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 1,9 млрд долларға жетті. Аталған елде акционерлік қоғам үлесі бойынша қазақстандық өнеркәсіптер алғашқы орында тұр.
«Екі ел Үкіметі қабылдаған өзара келісімнің нәтижесінде екіжақты тауар айналымының қарқыны артып келеді. Бұған дейін Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы тұрақты деңгейде болды. Атап айтар болсақ, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 3 млрд-тан астам долларды құрады. Биыл 6 айдың ішінде екі ел арасындағы тауар айналымы 1,9 млрд АҚШ долларын құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41,3 пайызға жоғары. Қазіргі уақытта Өзбекстан республикасы аумағында Қазақстан капиталының қатысуымен 858 өнеркәсіп жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 431 өнеркәсіп екіжақты капитал (50/50) көмегімен жұмыс істеп тұр және 427 өнеркәсіп таза қазақстандық капиталдың есебінен өндірісін жалғастырып жатыр», деді Өзбекстан елшісі.
Баспасөз мәслихатында Саидикрам Ниязходжаев Өзбекстанды мекендеген қазақтардың жай-күйіне тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда елде 800 мыңнан астам қазақ тұрып жатыр.
«2018 жылы Қазақстанда Өзбекстан Республикасы жылы аталып өтті. Айтулы жыл аясында Қазақстанда түрлі бағыттағы 90-нан астам іс-шара ұйымдастырылды. Сәйкесінше, 2019 жылы біздің елде Қазақстан жылы аталып өтілді және оның аясында 80-нен астам іс-шара өтті. Екіжақты өткен іс-шаралар саяси, ағарту, мәдени және гуманитарлық бағытқа арналды. Өкінішке қарай, 2020 жылы пандемияға байланысты екіжақты іс-шараларды тоқтата тұруға тура келді. Дегенмен, екі ел арасындағы өзара байланыс тоқтаған емес.
Қазіргі таңда Өзбекстанда 822 мың қазақ өмір сүріп жатыр. Олар Өзбекстан елінің дамуына өз үлесін қосуда. Біздің елде 400-дей мектеп қазақ тілінде білім беріп жатыр. Сонымен қатар Өзбекстанның 7 жоғары оқу орнында гуманитарлық және техникалық мамандықтар қазақ тілінде оқытылады. 1992 жылдан бері Өзбекстанның 30 облыс орталығында қазақ мәдени орталығы жұмыс істеп тұр», деді елші.
Саидикрам Ниязходжаевтың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, 630 қандасымыз көрші өзбек елінің мемлекеттік наградаларын иеленген. Елші бауырлас Қазақстанмен аталған бағыттағы достық қарым-қатынас жалғаса беретінін атап өтті.