• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тәуелсіздік 24 Тамыз, 2021

Бейбітшілік пен келісімнің 30 жылы

1134 рет
көрсетілді

Елордадағы Достық үйінде Конституция күніне арналған «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – бірлік, бейбітшілік пен келісімнің 30 жылдығы» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы сараптамалық кеңесінің мүшелері, зиялы қауым мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. Жиын барысында азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, Ата Заңның нормаларымен бекітілген теңдік, бірлік, заң үстемдігі қағидаттары туралы мәселелер қозғалды.

Сондай-ақ Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы елдегі этносаралық, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету саласындағы маңызды жетістіктері талқыланды.

Дөңгелек үстелді ашқан Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты дирек­торының орынбасары Айгүл Сәдуақасова Қазақстан ұстанған саясаттың маңызына тоқталды.

«Көпэтносты, азаматтық, мәдени, тілдік болмысымыз Қазақстанның бір­тұ­тас халқының бірегей, ерекше келбетін құрайтынын түсінеміз. Азаматтық ұлт­тық бірегейлікті қалыптастыру секілді про­цестердегі өзгерістер туралы сөз қоз­ғалғанда оның бәрі біртұтас халықтың, бір елдің азаматтары деп сеніммен айтамыз. Әлемде болып жатқан жағдайларға қарамастан, Қазақстан халқының бірлігі – біз үшін маңызды фактор. Сондай-ақ Тәуелсіздігіміздің 30 жылында қалыптасқан әл-ауқат пен жағдайды сақтаудың маңызды шарты», деді ол.

Спикер сондай-ақ биыл Қазақстан үшін ерекше жыл екеніне атап өтті. «Егемен­дігіміздің 30 жылдығын атап өтеміз. Сонымен қатар осы уақытта жет­кен же­тіс­тіктерімізді саралап, алдағы жолда қандай мақсаттарымыз тұрған­дығын еске салу ойымен жиналып отырмыз. Қазақстан – ерекше ел. Әрдайым біз осыны мақтанышпен айтамыз. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері бірізділік пен реформалар жолын таңдап, оның негізгі конституциялық қағидаттарын сырт қалдырған емес», деді А.Сәдуақасова.

Бұдан кейін сөз алғандар елдегі тілдік саясаттың дамуы жөнінде сөз қозғап, халық бірлігінің маңызына екпін берді. Мәжіліс депутаты Юрий Ли білім беру жүйесіндегі үштілділіктің тиімділігіне тоқ­талды.

«Конституцияда барлық азамат тең деп жазылған. Мемлекеттік жал­пыға міндетті білім беру стандарттары­на жүгіне аламыз. Онда білім беру принципі үш тілді екені анық көрсетілген. Әріп­тестерімнің күнделікті өмірде қазақ тілін көбірек қолдану туралы айтқан­дарын қолдаймын. Корей этносында мемлекеттік тілді үйренудің тұтас бағдарламасы жүзеге асырылды. Конституциямыз барлық азаматты тіл­дік, мәдени және басқа да лауазымдарына қарамастан қорғайды», деді Юрий Ли.

Ол Қазақстанда ұлтына қарамастан, кез келген адамның бизнесте де, мемле­кеттік қызметте де ілгерілеуіне мүмкіндік беріл­гендігін атап айтты. Елімізде барлық дерлік этностардың өкілдері мемле­кеттік биліктің түрлі деңгейінде еңбек етіп,  мемлекеттік тапсырмаларды орын­дауға атсалысып келеді. Бұған қоса, мем­лекеттік тілмен қатар, орыс тілі де барлық жерде қолданылады.

Спикер еліміздің Конституциясында қазақстандық этностардың тілін, мәдениеті мен дәстүрін дамытуға барлық жағдай қарастырылғандығына кеңінен тоқталды. Тіліне, жынысына, нәсіліне және басқа да белгілеріне байланысты кез келген кемсітушілікке тыйым салынғандығына назар аударды. Еліміздің білім беру стандарттары барлық этносқа өздерінің мәдени-тілдік қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіндік беретінін баса айтты.

«Тіл мәселесі, ұлттық мәселе мүлдем көтеріліп отырған жоқ», деді Юрий Ли.

«Литуаника» қоғамдық ұйымының төр­ағасы Виталий Тварионас Қазақ­стандағы этносаралық қатынастар туралы әңгімеледі. Оның айтуынша, Қазақстан халқы Ассамблеясы Қазақстандағы этнос­аралық қатынастардың толеранттылығы мен әл-ауқатын қолдау мен нығайтуда үлкен рөл атқарады.

«Тәуелсіздіктің 30 жылындағы Қазақ­стандағы этносаралық қатынастар тұрақты деп айта аламыз. Бұл тарихи мұрамен байланысты. Сондай-ақ Үкіметтің жемісті жұмысы. Қоғамдық қызмет барысында кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпіріне бардым. Елімізде 1000-нан астам этномәдени бірлестік бар, олар үшін өз әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін сақтауға қолайлы жағдайлар жасалған. Мысалы, Достық үйлері жемісті жұмыс істейді. Сондай-ақ осындай қиын кезеңде еріктілер қозғалысы өзін жақсы көрсетті. ҚХА жанында қайырымдылық жүйесі бар, яғни қазіргі жағдайда біздің меценаттар көмекке мұқтаждардың барлығына көмектеседі. Мұның бәрі бір нәрсені көрсету үшін емес, бәрі шын жүректен жасалған», деді Виталий Тварионас.

Мәжіліс депутаты Наталья Демен­тьева еліміздегі тілдік ахуалға кеңінен тоқталды.

 «Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Елбасымыздан бастау алған басты құндылық ұлтаралық, этносаралық келісімді сақтап, әрі қарай келесі ұрпаққа жеткізу – міндетіміз. Оны жоғалтуға хақымыз жоқ. Өйткені келесі ұрпақтың алдында жауап береміз.

Орыс халқының өкілі ретінде екі халық­тың, қазақ пен орыстың тағдыры тарихи тұрғыда баяғыдан-ақ бірге өріл­ген­дігін айта аламын. Ондаған жылдар бойы біздің тағдырымыз, өмірі­міз, мәдениетіміз бір-бірімен бірігіп кетті. Сондықтан Қазақстанда орыстар нашар тұрады немесе олар қысым көріп жатыр деу – дәлелденбеген, даурықпа сөз», деді Мәжіліс депутаты.

Ресейде туғанымен отбасылық жағ­дайға байланысты ата-анасымен Жамбыл облысына қоныс аударған Виктория Трегубова елімізде тілге байланысты кемсітушілік жоқ екенін айтады. Тіпті мемлекеттік тілді жетік білген өзге ұлт өкілдері қазақтардың арасында өте абыройлы екеніне назар аударды.

«Қазақ тілін, қазақтың салт-дәстүрін білгендіктен, сыйлағандықтан болар, ешқашан қысым көрген емеспін. Керісінше, сыйлайды, құрметтейді, дәріптейді, әрқашан қолдау көрсетеді. Сондықтан айтарым, қазақ тілін білгенің – сол ұлттың тілін, салт-дәстүрін, халқын сыйлағаның. Жалпы, қазақ халқы әрқашан да өзге ұлт өкілдеріне қонақжайлық танытады. Әлі күнге дейін тілін білмесең де қамқорлықпен қарайды. Қазақ тілін үйренемін десеңіз де еш қиындық жоқ. Барлық жағдай жасалған, мектептен бас­тап тегін курстар да бар. Ниеті бар адам мемлекеттік тілді үйреніп алады», деді Виктория Трегубова.

Іс-шараға қатысушылар мемлекеттік тілді білудің маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда тұратын бүкіл этнос өкілдері Конституция аясында қорғалғанын тағы бір мәрте еске салды.