Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Нұрлан Алдабергеновті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Н.Алдабергенов Президентті электр стансалары мен өңірлік электр желілік компанияларға олардың өндірісті жаңғырту туралы инвестициялық міндеттемелерін орындаулары бойынша жүргізілген тексерістің қорытындылары туралы хабардар етті. “AES” компаниясына қарасты Шүлбі және Өскемен ГЭС-терінің міндеттемелері орындалмағаны, сондай-ақ құны 1,5 миллиард теңгені құрайтын бірқатар өзге электр стансалардың инвестициялық міндеттемелері орындалмағаны анықталды.
Әңгімелесу барысында сондай-ақ, энергиямен қамту мәселесі талқыланды. Агенттік тарапынан электр энергиясына арналған дифференциалды тарифтер енгізілген. Бұл заңды тұлғалардың энергияны тұтыну көлеміне тікелей байланысты болмақ. Қазіргі уақытта тарифтердің екі деңгейлі жүйесі жұмыс істеуде, таяу екі-үш жылда үш деңгейлі жүйені енгізу жоспарланып отыр.
– Президент дифференциалды тарифтерді қолдануды дамыту, соның ішінде тұрғындардың суды тұтынудағы үнемшілдігін ынталандыру үшін оны сумен қамтуға енгізу туралы нақты тапсырма берді, – деді Н.Алдабергенов.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Сырбар” сыртқы барлау қызметінің директоры Аманжол Жанқұлиевті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
А.Жанқұлиев ведомствоның одан әрі қалыптасуына бағытталған ұйымдастыру мәселелерінің шешімі туралы баяндады.
Кездесу барысында сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын мерекелеудің аясында сыртқы барлау ардагерлеріне құрмет көрсетуді ұйымдастыру іс-шаралары туралы әңгіме болды.