Ақсу қаласының Алғабас ауылының тұсындағы жол бұрылысы арқылы Ақтоғай, Ертіс аудандарына бара аласыз. Бұрылыс бәленбай жылдан бері ой-шұңқырдан көз ашпай тұр. Жолсапарға шыққанда көзіміз көріп жүр. Алғабас ауылымен қатар көрші ауылдың әкімі Жеңіс Әбікеннің айтуынша, бұрылыс тіпті де жергілікті әкімдіктердің құзырында емес. Бұрылыс Екібастұзға, Баянауылға, Астанаға баратын жол өтетін айналма көпірге таяу жерде. Жарқыраған жарық шамдары жоқ көпір түнде көрінбейді.
Ақсу қаласының Алғабас ауылының тұсындағы жол бұрылысы арқылы Ақтоғай, Ертіс аудандарына бара аласыз. Бұрылыс бәленбай жылдан бері ой-шұңқырдан көз ашпай тұр. Жолсапарға шыққанда көзіміз көріп жүр. Алғабас ауылымен қатар көрші ауылдың әкімі Жеңіс Әбікеннің айтуынша, бұрылыс тіпті де жергілікті әкімдіктердің құзырында емес. Бұрылыс Екібастұзға, Баянауылға, Астанаға баратын жол өтетін айналма көпірге таяу жерде. Жарқыраған жарық шамдары жоқ көпір түнде көрінбейді. Көпірдің әр жаққа қарай жолдар өтетін айналасына күрделі жөндеудің жылдар бойы жасалмағаны көрініп тұр. Өткен жылы басталған Павлодар – Астана жолының құрылысы дәл осы ауылдың тұсынан өтеді. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаржы жоқ па, жолдың екінші бағыты жабық. Ал, әкімдері бар, басқарма басшылары бар әлі күнге дейін ауылдарға алып баратын бұл бұрылысты «сен жөнде, мен жөндемен» бір-біріне сілтеп отырған сияқты. Ауылдағы үлкен-кіші, кәрі-жастың, бала-шағаның амандығы – әкімдердің міндеті. Мың шұңқырлы бұрылыспен ауылдарға автобустар, жекеменшік таксилер жүретінін ескеру керек. Қазір екі күннің бірінде жол-көлік оқиғалары болып жатады. Жаман айтпай жақсы жоқ. Сондықтан, Алғабас ауылының жанындағы қауіпті бұрылысқа шұғыл жөндеу қажет. Жолдың бұрылысы екі аудан мен Ақсу қаласына ортақ. Біз хабарласқан Қанат Қашқиров басқаратын облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы «бұл бұрылыс біздің жол емес, облыстық маңызы бар жолдар қатарында жоқ», деп шықты. Жарайды делік, ой-шұңқырлы бұрылыс пен алып көпір Ерсін Сариев басқаратын еліміздің «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалына қарайтынын білдік. Олай болса, жылдар бойы күрделі жөндеу жүргізбей «Қазавтожол» АҚ қайда қарап отыр?..
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.