Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен кеңейтілген көшпелі комитет отырысында Кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен бірлесіп Қазақстандағы шағын кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды.
Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен кеңейтілген көшпелі комитет отырысында Кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен бірлесіп Қазақстандағы шағын кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды.
Отырысқа қатысушылар шағын кәсіпкерліктің өзекті мәселелер мен әлеуметтік аспектілеріне баса назар аударды. Бұл ретте талқыланған тақырып экономика және қоғамның әлеуметтік өмірінде шағын бизнестің атқарар рөлі, сондай-ақ, шағын кәсіпкерлер жағдайына қатысты болды. Кәсіпкерлік мәселесіне қатысты Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы басқармасының төрайымы Гүлнәр Құрбанбаева депутаттарға баяндап берді.
Бүгінгі күнгі шағын кәсіпкерлікпен айналысушылардағы бірінші қиындық олардың кәсіпті жүргізуге білімі мен білігі жетпейтіндігі. Еңбеккерлердің құқын қорғау мен қамтамасыз ету, әлеуметтік кепілдіктер ұсыну, еңбекақыларын төлеу, жұмыс орнының сақталуы, әлеуметтік аударымдар мен басқа да міндетті аударымдар, уақтылы салығын төлеу сияқты мәселелер де жеткілікті.
Бүгінгінің тағы бір маңызды мәселесі – маман тапшылығы. Ол кәсіпкерлікті дамытуға қолбайлау болып отыр. Бүгінгі маман да басты проблемалардың бірі болып табылады. Шағын және орта бизнестің қаржы ресурстарына қолжетімділігі өзекті мәселелер қатарында. Кепілзатқа қойылатын орынсыз талаптар, банктік несиелердің пайыздық жоғары мөлшерлемелері бизнес-ахуалды жақсартуға кедергі болуда. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытуға өндірістің монополистерімен қарым-қатынас мәселесі де қиындық туғызуда. Олардың жыл сайын орынсыз өсіріп отырған тарифтері де мекемелердің үнемдеуіне әсер етуде. Салық, кеден, техникалық реттеуге қатысты да мәселелер баршылық екенін төрайым тізбелеп шықты. Оның айтуынша, өңір кәсіпкерлері мемлекеттік органдармен өзара әрекеттестікте бюрократиялық кедергілерге, сыбайлас жемқорлық әрекеттерге де жиі кезігеді (бюрократизм, қағазбастылық, сыбайлас жемқорлық және т.б.).
Бизнестің күрделі мәселелерін шешу мақсатында палата жанында Парламент депутаттары мен қадағалаушы органдардың қатысуымен Кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес құрылған. Қазіргі уақытта кеңес филиалдары Қазақстанның барлық өңірлерінде ашылған.
Отырыс барысында аймақтармен интерактивті байланыс болды. Павлодар, Өскемен, Орал, Ақтөбе және Қарағандының кәсіпкерлері депутаттарға өз мәселелерін айтып, пікір алмасты. Қызу талқыланып отырған өзекті мәселелер қатарында кәсіпкерлердің POS-терминалдарды міндетті орнатуы тақырыбы болды. Қазіргі уақытта POS-терминалдарды жаппай орнату әлеуметтік қиындықтар туындатуы мүмкін. Міндетті орнату талабы алдымен сауда саласында айналымы аз, өзін өзі жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлерге қойылуымен байланысты болып отыр.
Сондай-ақ, бизнесмендер басқа да бірқатар мәселелермен бетпе-бет келуде. Айтатыны, жалпы режімде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар терминалдарды 2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап орнатуы, ал арнайы салық режімінде жұмыс істейтіндер 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап орнатуы керек болатын. Алайда, мәлім болғанындай, терминал жабдықтары жетіспеуде, әсіресе, өңірлік жерлерде. Банктерге терминал орнатуға өтініш берген кәсіпкерлер әлі де өз кезегін күтуде. Бұдан өзге де мәселелер баршылық.
«Вайя-КА» ЖШС директорының орынбасары Дмитрий Долтестің айтуынша, банктер POS-терминалдарды тек айналымның минималды көлемі (айына 200-600 мың теңге) бойынша немесе ай сайынғы транзакциялар (шамамен 50 транзакция) санына қарай ақысыз негізде ұсынуда. Қойылған талаптарға сәйкес келмеген жағдайда банк үш ай аралығында кәсіпкерден POS-терминалдарды қайта алып, қызмет көрсетушілер тізімінен шығарады. Соңғы уақытта банктердің басым бөлігі POS-терминалдар ұсынуды тоқтатып, терминалдарды коммерциялық құрылымдардан сатып алуды ұсынуда.
Әлеуметтік-мәдени даму комитеті өткізген көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша іс-шарада бизнестің жоғарыда аталған мәселелерін шешу мақсатында Үкіметке заңнамалық мазмұнда нақты ұсыныстар дайындалатын болады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».