• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Тамыз, 2021

Отбасылық агрессор ойлансын десек...

419 рет
көрсетілді

Соңғы төрт жылда «Жан-Сая» дағдарыс орталығына көмек пен қолдауға мұқтаж 1500-ден астам әйел араша сұрап келген. Бүгінде қоғамда  отбасылардың шырқын бұзған агрессорлардың әрекетіне тоқтау болмай тұр.

«Орталыққа шағым айта келген әйелдердің әрқайсысының мінезі де әртүрлі болып келеді. Олар­дың арасында мінезі сал­мақты, жуас, көнгіш жандар да, ержүрек, өз ойын ашық ай­та алатын тік мінезділер де кезде­седі. Олардың қатарында аз қам­тыл­ған, көпбалалы, сонымен бірге мүмкіндігі шектеулі балалардың асыраушылары, әлеуметтік жағ­дайы орташа немесе ауқатты отба­сының мүшелері де бар.

«Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болмас үшін өзіңді төмен ұста, кішіпейіл, кешірімді бол», деп жататындар аз емес, бірақ мұндай жағымсыз жағдайға әрқайсымыз тап болуымыз мүмкін екенін тәжірибе көрсетіп отыр», дейді «Жан-Сая» дағдарыс орталығының маманы Айжан Шакенова.

2017 жылдан бергі аралықта бұл орталық мамандарынан қолдау сұрап келетін жандар легінде толас жоқ. Олар мамандар кеңесіне жүгіне отырып, агрессорлық қысымнан арашалаудың жолын іздейді. Айжан Шакенованың айтуынша, жайлы мінез, тұрмыстың жақсы әрі төмендігі отбасылық зорлық-зомбылықтан сақтануға кепіл бола алмайды.

«Олай болса, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болмас үшін не істеу керек?» деген сауалдың туындауы заңды. Бұл сауалға жауап бермес бұрын оның пайда болу себептеріне барынша үңілгеніміз жөн.

«Зорлық-зомбылықты істеу кімнің таңдауы? Бұл жерде қан­дай жағдай орын алса да, өзгенің денсаулығына зақым келтіріп, ар-ожданын таптау заң тұрғысы­нан да, адамгершілік тұрғысынан да ойға қонымсыз. Сонымен, агрессордың зұлымдық жаса­уына жәбірленушінің іс-әре­кеті түрткі болды дегенмен, түп­кілікті себебі онымен байла­нысты емес. Яғни зорлық-зом­былықтың тамыры тереңде жа­тыр. Неліктен агрессор қаты­гез­дікке жол береді? Біздің тәжі­рибемізде ең көп кездесетін екі себеп бар. Бірінде ішімдік пен нашақорлыққа құмарлық агрессияның рационалды емес жолмен сыртқа шығуын туын­датса, екінші жағдайда агрес­сор­дың кішкентай ке­зінен отбасында­ғы зорлық-зом­былықтың куәгері немесе тіп­ті жәбірленуші бол­ғаны анық­талады. Мұнда зорлық-зом­былықтың айқын көрініс табуы міндетті емес. Ол ата-ана, не өзге отбасы мүшелерінің ара­сындағы келеңсіз қарым-қаты­нас арқылы да бейнеленуі мүм­кін. Бірлік-берекесі жоқ, бір-бірін құрметтеп, сыйламайтын отба­сында болашақ агрессордың тәрбиелену ықтималдылығы өте жоғары. Орталықта аналары­мен бірге тұратын балалардың көзге ерсі көрінетін кейбір мі­нез-құлықтары мен әрекеттері ­агрессор болып саналатын өз­ге отбасы мүшелерінен проек­цияланғаны байқалады. Мұндай балалар бей­саналы түрде агрессияны қа­лыпты жағдай ретінде қабылдай бастайды. Әлбетте, психологпен жұмыс барысында бұл көзқа­рас өзгеріп, балаларда жанашыр­лық пайда болады», деп атап өтті Айжан Шакенова.

Бүгінде тұрмыстық зорлық-зом­былық нақты бір отбасының ғана емес, бүтіндей қоғам дертіне айналып барады. Орталық мамандары тұрмыстық зорлық-зомбылықты азайту үшін бұл мәселеге көз жұмып қарау­дан арылу қажеттігін алға тар­тады. Осы орайда Айжан Ша­кенова: «Көп жағдайда агрес­сор­лар өздерінің қиянат келтіріп жатқандарын, әрекеттері бұ­рыс екенін жеткілікті деңгейде ұғын­байды. Ал егер қоғамда зор­лық-зомбылыққа деген тө­зімсіздік қалыптасса, егер біз­дер жәбірленушіге «сен өзің кінә­лісің» немесе «ұят бола­ды, шыда» деуді доғарып, агрес­сорлардың іс-әрекетін, қаты­гездігін, өзін-өзі ұстай алмауын сынға алатын болсақ, адамдар өзгелерге қиянат келтірерде мың толғанар еді», дейді. Сол се­бепті де «Жан-Сая» дағдарыс орта­лығы тұрмыстық зорлық-зом­бы­лықты қайта криминалдауды қолдайды.

Агрессор зұлым әрекеттері үшін жауапты болатынын біл­генде ғана өз мінез-құл­қын бақылап, күш көрсетуін тыя бастайды. Қоғам болып ба­ла­ларымызға өзгелерді кем­сі­тіп, оларға күш көрсету дұ­рыс еместігін түсіндіруіміз ке­­рек. Мемлекет тарапынан кө­мекке үміттенуге болаты­нын, жалпы тұрмыстық зор­лық-зомбылық қоғамда жағым­сыз қабылданатынын жетік түсі­­нетін ұрпақты өсіріп, зор­лық-зомбылықсыз қоғамды қалып­тастыру маңызды. Сондай-ақ балаларға жас кезінен ненің дұ­рыс, ненің бұрыс екенін ажыра­туды үйреткен жөн. Өкінішке қарай, кейбіріміз осының бәрін айтып түсіндіргеннен бұрын баланы қатыгез қарым-қатынасқа шыдауға үйретіп аламыз. Сол себепті де, бой жетіп, ер жеткен балалар кейде тұлғаның аг­рессияға бейімділігін немесе өзінің жәбірленуші болуға бе­йімділігін ертерек анықтай алмай қалады. Негізінен, әлеуетті агрессорды әрекеттеріне қарап алдын ала тануға болады. Ол туралы ғаламтор кеңістігінде де, әлеуметтік желілерде де ақпарат көп. Ең бастысы, біреумен қа­рым-қатынаста өзіңізді үне­мі кінәлі сезінсеңіз және маза­сыз­дық, ашу, ұялу сезімдерін бас­тан өткерсеңіз, онда қарым-қа­тынасты жалғастыру-жалғас­тырмау қажеттігі туралы ойлан­ғаныңыз жөн.

Қорыта келгенде, тұрмыстық зорлық-зомбылықты тыю үшін қоғамдағы оған деген төзім­сіз­дікті қалыптастырып, заң­на­ма тұрғысынан зорлық-зомбы­лық үшін жауапкершілік пен жазаны қатаңдатқан абзал. Осын­дай кәсіби кеңестерімен бө­ліс­кен орталық маманы Айжан Шакенова жас ұрпақтың дұ­рыс қарым-қатынас жасаудағы және психологиялық сауаттылық біліміне жеткілікті деңгейде кө­ңіл бөлу тұрмыстық зорлық-зом­былық құрбаны болмауда қа­перде ұстайтын басты талап екенін айтады.

 

АЛМАТЫ