• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2014

Құқық бұзған полицей қызметінен қуылды

383 рет
көрсетілді

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол бергені үшін ішкі істер бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторы Б.Исмайылов қызметінен қуылды.

 

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылыққа жол бергені үшін ішкі істер бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің инспекторы Б.Исмайылов қызметінен қуылды.

«2013 жылдың 3 тамызында облыстық ішкі істер департаменті жол полиция басқармасы 2-взводының инспекторы А.Байсалов автокөлікті алкогольдік еліту жағдайында айдап келе жатқан Қ.Ертасовты тоқтатқан. Тексеру барысында оның автокөлік жүргізу құқығы жоқ екені анықталған. Нәтижесінде атал­ған азаматқа әкімшілік хаттама толты­рылған», – деді осыған орай аудан про­курорының көмекшісі Руслан Пірназар.

Ал әкімшілік құқық бұзушылық хаттамасы сол күні аудандық ішкі істер бө­лімінің жол полиция бөлімшесіне жет­кізіліп, әкімшілік тәжірибе инспек­­­­­то­ры Б.Исмайыловқа берілген. Ал Әкім­шілік Кодексінің 467-бабы 8-тар­ма­ғында мұндай тәртіп бұзушы­­лыққа сот санкция­сы арқылы он тәулікке қа­мау түріндегі жаза қолданылатыны көр­се­тілген. Сондай-ақ, осы Кодекстің 640-бабы 1-тармағында әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы хаттаманы дереу судьяға жіберілуі керектігі атап көрсетілген.

Алайда, аталған бап талабын өрескел бұзған бөлімше қызметкері Б.Исмайылов әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы сотқа жібермей, тартпасына тастай салған. Ол тек бұл оқиға жұртқа белгілі болып, шу көтерілгесін, арада екі ай өткен соң, 13 қазан күні ғана әкімшілік істі сотқа жолдаған. Соның өзінде жолданған істе көптеген кемшіліктердің болуы, онда Кодекстің 635-бабы талаптары сақталмауы себепті, ол аудандық соттың ұйғарымымен бөлімшеге кері қайтарылған.

«Азамат Қ.Ертасовқа қатысты әкім­­­шілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырғалы бері 2 ай бойы онда көрсетілген ақаулықтар мүлдем жөнделмей, әкімшілік іс еш қозғалыссыз бөлімшеде жатқан. Бұл жұмысқа жауапты әкімшілік тәжірибе инспекторы Б.Исмайылов өз көрсетуінде аталған кемшіліктерге жол беруін құқық бұзушыны 2 ай бойы таба алмағанымен түсіндірген. Ал Қ.Ертасов аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінде тілші болып қызмет етеді. Аталған газет бас редакторының мәліметіне сәйкес, ол 8-20 қыркүйек күндері аудандық ауруханада жатқанынан бөлек кездері жұмысында жүрген», – деді Р.Пірназар бұдан әрі.

Құқық бұзушының мемлекеттік белгісі Х 278 BDO «Volkswagen Passat» маркалы автокөлігі 3-4 тамыз күндері автотұраққа қамауға алынған. Бірақ Б.Исма­йылов көлікті мас күйінде айдаған Қ.Ерта­совтың соған қоса жүргізушілік куәлі­гінің жоқ екенін біле тұра, оған бір күннен кейін автомашинаны алып кетуге рұқсат берген. Сонымен қатар, инспекторда құқық бұзушыны іздестіргенін дәлелдейтін шақыру қағаздары, аудандық газетке жазылған қатынас хаты секілді құжаттары болмауы себепті, оның бұл әрекетіне дәлел жоқтығы айқындалған. Былайша айтқанда, іздестіргенінің өзі де жалған болып шыққан.

Осыған орай, аудандық прокуратура Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің об­лыстық департаментіне сыбайлас жем­­қорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзу­шы­лыққа жол бергені үшін аудандық ішкі істер бөлімі әкімшілік полиция бөлім­­шесінің әкімшілік тәжірибе инспекторы Б.Исмайыловтың жауапкершілігін шешу жөнінде ұсыныс енгізді. Ал істі қарау қо­ры­тындысымен аталмыш инс­пектор қыз­ме­тінен босатылды.

Құрыш НҰРЫМБЕТ.

Соңғы жаңалықтар