• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Экономика 25 Тамыз, 2021

Автонарықтың аяқ алысы қалай?

420 рет
көрсетілді

Қазақстанның автобизнес қауымдастығы­ның мәліметіне сүйенсек, осы жылдың 7 айында ел аумағында жалпы құны 371,4 млрд теңге­г­е 47 176 техника өндірілген. Бұл – 2020 жыл­дың қаңтар-шілдесіндегі көрсеткіштен 23,8 па­йызға жоғары.

Қауымдастықтың хабарлауынша, еліміздің автоөнеркәсіп саласы машина жиынтықтарының тапшылығына және Қытай арқылы тасымалданатын жүк жеткізілімдерінің шектелуіне байланысты қиындыққа тап болған. Дегенмен ресми деректер бойынша, автоөнеркәсіп машина жасау саласының 32 пайызын иеленіп, саланы дамытудың негізгі драйвері атанып отыр.

2021 жылғы қаңтар-шілдеде 40 674 жеңіл автомобиль (өсім 26,6 пайыз), 5 302 жүк көлігі (өсім 52,1 пайыз), 705 автобус (нәтиже 17,5 пайызға кеміген), 376 тіркеме және жартылай тіркеме, 119 басқа да мамандандырылған техника шығарылған.

Қазақстандағы кәсіпорындарда өндірілген ең танымал брендтер: Chevrolet (18 362 бірлік), Hyundai (14 322 бірлік), Kia (5 211 бірлік) JAC (3 253 бірлік), GAZ (2 456 бірлік), UAZ (940 бірлік), KAMAZ (824 бірлік), Lada (394 бірлік), Hyundai Trucks (301 бірлік) және Renault (294 бірлік).

Биыл 7 айдың қорытындысы бойынша Қоста­найдағы «СарыарқаАвтоПром» кәсіпорны 179,2 млрд теңгеге 28 670 техника (өсім 46,9 пайыз) өндір­д­і. Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan компания­сы жалпы құны 140,7 млрд теңге болатын 14 274 жеңіл автокөлік шығарды. Семейдегі «СемАЗ» кәсіп­орны 21,4 млрд теңгеге 2 476 коммерциялық техника (өсім 95 пайыз) құрастырды.

Бұдан бөлек Көкшетаудағы «КамАЗ-Инжини­ринг» компаниясы 824 жүк көлігін (өсім 60,9 па­йыз), Hyundai Trans Auto зауыты 496 жүк көлігі мен автобус (өсім 165,2 пайыз), Daewoo Bus Kazakhstan компаниясы 146 автобус шығарды.

Автомобильдер экспорты автоөнеркәсіпті дамы­ту­дың басым бағыты болып отыр. Ресей, Өзбек­стан, Қырғызстан және Беларусь мемлекет­теріне 30,6 млрд теңгеге 4 533 автомобиль жөнелтіл­ді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 27 пайызға жоғары.

Қазақстанда көлікті өндіруден бөлек, ескі көлік­терді жоюға тапсыру да қарқын алған. Дерек­терге сүйенсек, қазақстандықтар арнайы бағдарлама бас­тал­ған күннен бүгінге дейін 200 104 ескі көлікті жою­ға тапсырған. 2021 жылдың сегіз айында 25 958 жеңіл автокөлік, 9 219 жолаушы және жүк көлік­тері тапсырылған. Жеңілдік сертификаты бағ­дар­ламасы бойынша 2 315 ауылшаруашылық техни­касы қабылданған. Оның 1 830-ы – трактор, 485-і – комбайн.

Қазақстан бойынша ескі көлікті өткізуде Шым­кент қаласы көш бастап тұр. Аталған шаһар тұр­ғын­дары 38 496 көлік өткізген. Одан кейінгі орында Алматы, Тараз, Қарағанды, Павлодар қалалары жайғасқан.

Бағдарлама жүзеге асырыла бастаған уақыттан бері 54 700 жеңілдік сертификаты Қазақстанда құрас­ты­рылған 29 200 көлікті сатып алуға пайдалы­ныл­ған. Ескі көлігін жоюға тапсырған қазақстан­дық­тарға берілген өтемақы көлемі 28 млрд теңгені құрап отыр.

Еске сала кетейік, ескі көлікті жоюға қабылдау бағдарламасы 2016 жылдың қараша айында іске қосылды. Бағдарлама сұранысына қарай көлік қабылдау тәртібі электронды жүйеге ауыстырылды. Сонымен қатар автокөліктерге берілетін ақшалай өтемақы мөлшері ұлғайтылды. Жеңіл көліктер үшін 210 мың (72 АЕК), М2 және N1 санатындағы көліктерге 420 мың (144 АЕК) және М3 санаттағы техникаларға 630 мың (216 АЕК) теңгеге дейін өтемақы белгіленді.

Бұдан бөлек өткен жылдың қарашасынан істен шыққан ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жаратуға қабылдау бағдарламасы іске қосылды. Тапсырылған ескі комбайндар мен тракторлардың орнына жеңілдік сертификаттары берілді. Жеңілдік сертификатының номиналы ауыл шаруашылығы техникасының түрі мен жиынтығына байланысты 560 мың теңгеден 2 млн теңгеге дейін бағаланды.