Екі мың жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһарында ерекше музей пайда болды. Олай дейтініміз, қала тұрғыны Михаил Платов отбасымен бірге үйінен музей ашқан. Платовтар талай уақыттан бері бес мыңға жуық құнды жәдігерлерді жинапты.
Музейде соғыс жылдарындағы экспонаттар да бар. Сондай-ақ мұнда музыкалық аспаптар, телефон, фотоаппарат, ыдыс, тіпті ойыншықтарға дейін қойылған. Үй ішінен ашылған музейде кеңес заманында сәнге айналған иіссуларға дейін сақталған. «Көне заттарды сақтау арқылы біз өткен тарихқа бойлаймыз. Сол кезеңдердің құндылықтарын еске түсіреміз. Өткен мен бүгінді салыстыруға ықпал етеміз», дейді қала тұрғыны Михаил Платов. Сондай-ақ, музей иесі кейбір жәдігерлерді сатып алса, кейбірін өзі тауып алған. Арасында сыйға алғандары да бар екен. «Мұның барлығы кішкене ғана қасық пен шанышқыдан басталған. Содан түрлі көне заттарды қоқысқа тастамай, жинай бердік. Кейіннен туыстарымыз бен таныстарымыз көмектесе бастады. Музейді аралау тегін. Әсіресе, жұртшылық соғыс уақытында қолданылған заттарды ерекше қызығушылықпен тамашалайды екен», дейді қала тұрғыны Светлана Платова.
Мұнда музей иелері үшін құнды дүние болып саналатын майдан солдатының күнделігі де бар екен. Платовтар алдағы уақытта музей аумағын кеңейтуді жоспарлап отыр. Ал бүгінде шағын бөлмедегі музейге жәдігерлердің бір бөлігі ғана қойылған.
Жамбыл облысы