• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2014

Инновациялық заң жобасы – технологияларды мемлекеттік қолдаудың тетігі

260 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекші­лі­гі­мен палатаның кезекті жалпы отырысы­ болып өтті. Оты­рыс­ты­ ашқан спикер Елбасы Жолдауы депу­таттық корпус үшін зор жауапкершілік жүк­тей­тін­дігін ерекше атады.

 

Кеше Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекші­лі­гі­мен палатаның кезекті жалпы отырысы­ болып өтті. Оты­рыс­ты­ ашқан спикер Елбасы Жолдауы депу­таттық корпус үшін зор жауапкершілік жүк­тей­тін­дігін ерекше атады.

Жолдаудың «Қазақ­стан-2050» ұзақмерзімді стратегияны жү­зе­ге асыру жолдарын ғана емес, ел дамуының барлық басым бағыттары бойынша нақты мін­деттерді айқындайтынын жет­кізген палата Төрағасы Жолдау­дан кейін Мәжіліс бюросында кешенді шаралар жоспары қа­ралғандығын алға тартты. «Бұл ең алдымен, инновациялық индустрияландыру саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағыт­та­ла­ды. Соның бірін біз осы отырыста қарайтын боламыз. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешенін жаң­ғырту, шағын және орта бизнесті дамыту, денсаулық сақтау саласын жетілдіру мәселелері, білім мен ғылым, азаматтарды әлеуметтік қорғау салаларындағы заңнамалар тиісті деңгейде қамтамасыз етіледі», – деді Нұрлан Зайроллаұлы.

Бұдан кейін депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерді қарады. «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» және оған ілеспе заң жобасы бойынша баяндаманы Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жасады.

Министр Қазақстанда жаңа технологияларды дамытатын не­гізгі екі инновациялық кластер болса, соның біреуі «Назарбаев Университеті» екенін тілге тиек етті. Ал екіншісі Алматыдағы ин­новациялық технологиялар паркі болып табылады. Президент Жарлығымен құрылған «Алатау» паркі индустрияландыру аясын­да жаңа қарқынмен жұмыс істеуге кірісті. Ә.Исекешевтің сөзіне қарағанда, қазір дамудың бір кезеңі аяқталып, екіншісі басталған. Олай болса, заң жобасы­ «Алатау» паркінің дамуына оң ықпал етуі тиіс. 2010 жылы Елбасы «Алатау» ақпараттық технологиялар паркінің алдына бірқатар міндеттер қойған-ды. Содан бергі төрт жылда аталған парк белсенді дами түскен. Қазіргі таңда парк­те жұмыс істейтін 152 компания тіркеліп отыр. Шағын және орта компаниялардың 70 пайызы IT технологиясы бойынша жұмыс істеуде.

Бұл ретте, ұлттық капиталдың көлемі 10 пайыз екендігі де атап көрсетілді. «Паркте 46 млрд. теңгенің жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда. Мыңдаған жоғары білікті жұмыс орындары ашылады. Сонымен қатар, паркте қызмет етіп жатқан компаниялар 2010 жылдан бері өздеріне берілген жеңілдіктерге қарамастан, салық түрінде қазынаға 3 млрд. теңгеден астам қаржы құйды», – деді Әсет Өрентайұлы. Тағы бір белгілі болғаны, 140 гектарды құрайтын парк аумағындағы инфрақұрылымдық және өзге де жұмыстарды қамтитын екін­ші кезең 2015 жылы толық аяқталуы тиіс. Парк аумағында қазір «Логиком», «Қазақтелеком», «КБТУ», «ҚазМұнайГаз» және өзге де компаниялар құрылыс жұмыстарына кірісіп кеткен.

Қосымша баяндама жасаған Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мейрам Пішембаев заң жобалары 12 жұмыс тобының, комитеттің кеңейтілген және дөңгелек үстел отырыстарында жан-жақты тал­қыға салынғандығын жеткізді. Палата төрағасы заң жобалары бойынша былай деді: «Инновация барлық жаңа өнеркәсіптік өнді­рістің негізі болуы үшін ғылым­ның, өндіріс пен бизнестің күшін біріктіруге тиіспіз. Заң жобасы осы мақсатты көздеп отыр және құ­жат жаңа технологияларды мем­лекеттік қолдаудың тетігі болып табылады».

Депутаттар бірқатар сауалдар қойып, өз ойларын ортаға салғаннан кейін заң жобалары бірінші оқылымда мақұлданды. Жалпы, заң жобасы «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластерінің құқықтық мәртебесін, «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық ай­мағын басқару ерекшеліктерін ай­қындайды. Бұл ретте, «Инновация­лық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының басқару органын коммерциялық емес ұйымға – дербес кластерлік қорға қай­та ұйымдастыру көзделеді. Парктің дербес кластерлік қорына шетелдік жұмыс күшін тартудың жеңілдетілген рәсімі белгіленеді әрі технологиялар паркінің әлеуетті қатысушыларына қойылатын талаптар айқындалады. Және де «Инновациялық технологиялар паркін» дамыту аясында ғылымды, білімді және өндірісті интеграция­лау шаралары қарастырылады. Іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеудің басым бағыттарын дамыту көзделеді.

Жалпы отырыста, сондай-ақ, жаңа редакциядағы «Ішкі істер органдары туралы» және оған ілеспе заң жобалары екінші оқылымда қаралып, мақұлданды. Жаңа редакциядағы заң жобасы 9 бөлімнен тұрады. Құжаттың бас­ты бағыттарының бірі – қоғамдық бақылауды азаматтардың құқы мен бостандығын қорғаумен айналысатын ішкі істер органдарының қызметіне беру. Бұл ретте Ішкі істер министрлігінің және өңірлік ішкі істер департаменттерінің жанынан қоғамдық кеңестер құ­рылады. Және де ішкі істер орган­дарының жұмысындағы арнаулы қағидаттарды қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұлар – адам­ның және азаматтың құқығын сақтау және сыйлау, ашықтық, жа­рия­лы­лық, азаматтық қоғам институттарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және ішкі істер органдарының бірегей жүйесімен өзара іс-қимылда болу.

Заң жобасы ішкі істер органдары қызметкерлеріне азаматтарды куәлік етуге мәжбүрлеуге, күш қолдануға және құқыққа қайшы әрекеттерге тікелей тыйым салатын нормамен қамтылған. Қоғамда кеңінен талқыға түскен полицейлердің атыс қаруын қолдануға қатысты мәселесі де қарастырылып отыр. Қызу пікірталас тудырған ішкі істер органдары қызметкерінің ату қаруын ескертусіз қолдану құқығы қамтылған норма заң жобасынан алынып тасталғандығын жеткізген Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Нұрлан Әбдіров тиісінше ішкі істер органдарының қызметкерлері бірқатар әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етілетініне назар аударды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар