• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
01 Мамыр, 2010

ТАГИЛЬ ЕГІЗДЕРІ

659 рет
көрсетілді

Ауылға көгілдір көктем келді. Талдардың діңіне су жүгіріп, бұталар бүршік атты. Жасыл масаты­ның бетіне сары моншақ шашып жібер­гендей, бақ-бақ гүл де енді көтеріл­ген көкпен бірге ашы­лып, көздің жауын алады. Мал да, жан да жады­рап, көктемнің қуанышын сезініп жүр. Жер қарай­ғалы Тагиль ауыл­дық округінің әкімі Сағын­бай Сүн­детәлин­нің сенбілігі көбейіп тұр. Есігі­нің алдын, қора-қопсысын таза­лап, тырбан­ған жұрт. Әр аула­дағы сыпырындыны, қураған шөпті өртеген оттың түтіні көкке түп-түзу көтері­леді де, ауыл үстінде торғын­данып тұрып ала­ды. Тоңы кетіп бусанған топырақтың, көк торғын түтіннің иісі мұрынды емес, жүректі қытық­таған­дай. Тагиль ауылдық округі­не қарай­тын Тагиль, Соналы, Ер­маков елді мекен­дерін ортада балығы шоршыған Сарыкөл көлі бөліп жатыр. Осы үш ауылдың арасы тақтайдай тегіс дала, шоқ-шоқ қайың. Әр шоқ ағаш өз атымен аталып, Көл­де­нең, Бұзау жеген, Кәрікөң, Көк терек, Ұялы болып жалғаса береді. Енді бүршік жарып, сырға­сын тағынған қайың тоғайы алыс­тан көк сағым түске енген. Егіс даласында соқа­сын сүйреткен алып тракторлар жыл құсындай тізбек­теліп көрі­неді. Табиғаттың өзі шебер сал­ған сурет мұнда келген адамның көзін тойды­рып, көңілінде жатта­лып қалады. Таңда­ны­сын жасыра алмаған­дарға осы ауылдың әкімі Сағын­бай Қасен­ұлы­ның жауабы даяр. –Тагильге берген тәңірдің сыйы– табиғат­тың әдемілігі ғана емес. Біздің ауылдық округте 27 жұп егіз туған. Осыған сенесіз бе? – Енді анау-мынау емес, ауылдың әкімі айтып тұрса, қалай сенбессің. Сонда осы көлді қоршап жатқан үш ауылдың қайсысы “чемпион”? – Тагиль ауылы “чемпион”. Мұн­дағы жең­ге­леріміз бен келін­деріміз дүниеге 17 жұп егіз сәби әкелген. Соналыда 6 жұп егіз, Ер­маковте 4 егіз бар. Сонда барлығы 27 болып тұрған жоқ па? Бұрын осында Жаңатілек деген қазақтың ауылы болған. 1956 жылы Ресейдің Нижний Тагиль қаласы­нан келген жастар шаруашы­лық­тың атын “Тагильский ком­сомо­лец” қойып алған. Содан бері ауыл Тагиль атанып кеткен. Осы ауылда егіздің жиі туатыны біраздан белгілі болса керек. Аудандық перзент­ханада бір әйел егіз тапса, жұрт “Тагильден бе екен?” деп сұрай­тын көрінеді. Тіпті екі рет егіз сәби көрген отбасылар да бар. Тыңға қандай ұлт келмеді дейсің. Орыс өз алдына, украин, неміс, башқұрт, татар, әзірбайжан... Егіздердің ұлты да әр түрлі. – Ең кішкентай егізіміз Әділ мен Азғар мамыр айында бір жасқа толады. Айтпақшы, осы әзірбайжан Ахмедовтердің отбасы ауылға Тор­ғай­дан алдыңғы жылы көшіп келген бола­тын. Былтыр Сұбхан­ның келіншегі Инесса келін шекесі торсықтай егіз ұл тапты, – дейді Сәкең. – Мен немерелерімді бір-бірінен әлі күнге дейін ажырата алмаймын. Екеуін үйде келін ғана айыра алады. Мен даладан келген сайын немере­лерімді кезек-кезек иіскедім деп ойлап жүріппін, сөйтсем келінім Инесса: “Ата-ау, неге Әділді ғана сүйе бересіз, Азғарды да қолыңызға алып қой­саңыз­шы”, дейді,– деп Жәңгір ақсақал кеңкілдеп күледі. Досановтар отбасында өсіп жатқан егіз ұл – Талғат пен Азамат осындағы орта мектептің сегізін­ші сыныбында оқиды. Бірі-бірінің аузы­нан түскендей. Екеуі де оқу үздігі. Ұстаздары мен дос­тарының айтуынша, олардың бірінің мінезі ашық, бірі тұйық болғанымен, екеуі де спортшы, тарих, география, орыс тілі пәндерін ұнатып, басым­дық береді. Ал татар Мамаевтар­дың егіз қыздары Ирина мен Кристина қазір Қостанай қаласын­дағы экономикалық колледж­дің студент­тері. Оларды алғаш көрген кісі өз көзіне өзі сенбей, кідіріп қалары сөзсіз. Екі қыз­дың үстінде бірдей ақ жейде, шаштарын бірдей етіп тараған, бірдей аяқкиім киген. Қас-қабақ, кірпік, көзқарас, жымиысы –бәрі бірдей-ау. Ал енді ажыратып көр. Екеуі де мың бұралып билей­ді, өнерлі. Облыстық орыс драма театры­ның бас режиссері Алек­сандр Лиопа театрға келген қос мон­­шақ­тай егіз қызға қарап: “Қыз­дарым, кейін күйеу балалар екеуің­ді қалай ажыратып алады?” – депті. Ауыл әкімі Сағынбай Сүндет­әлин – Сона­лы­да туып-өскен азамат. Көп жыл мұғалім, мек­теп директоры болған. Ауыл әкімі қызметіне кел­гелі де 12 жыл. Осы аймақтың әр адамы түгілі, әр талына дейін біледі, аядай ғана үш ауыл­дағы бала-шағаға дейін атымен атап береді. Әр егіз өмірге келгенде сәбилерді тіркеу рәсімін жасайды. Қазағы, орысы, башқұрт-татары бар ауыл болып шілдехананы тойлайды дүрілдетіп. Сәкеңнің егіздерді “зерттеп” жүрген де жайы бар. – Егіздердің арасынан жаман­дық, бұзақылық шыққан емес. Олардың арасында спортшылар, өнерпаздар жеткілікті, түрлі маман­дық иесі бар. Балалардың көбі ер­жетті, азамат болды, өздері де бір-бір шаңырақ иесі. Енді олардың өз отбасында егіз сәбилер дүниеге ке­ліп жатыр. Мысалы башқұрт Мингазов Миниярдың Гүлнара, Гүл­сара деген егіз қыз­дары тұрмыс­та. Соның Гүлсарасы соналылық Майдан деген қазақ жігітіне тұр­мыс­қа шыққан болатын, қазір қос қарадомалақ жүгіріп жүр,–дейді ауыл әкімі Сағынбай Қасенұлы. – Менің енем, күйеуім Серік­байдың анасы Зинаида Ивановна украин қызы. Егіз ұл­дарым­ның бірі Бақтияр сол Зина әжесіне тарт­ты, өзі де, шашы да сары, ал Данияр менің анама, нағашы әжесіне ұқса­ды, атжақты қараторы. Сырт пошы­мы әртүрлі болғанмен, екеуі­нің мінезі ұқсас, бірін-бірі іздеп тұрады,–дейді қазір кол­леджде оқитын егіздердің анасы Алмагүл Шектібаева. – Егіздердің ең кішісі бір жасқа толады екен. Үлкені қай жаста?–дейміз әкімге әуес­тікпен. – Егіздердің ең үлкені Соналы ауылында туған Біржан-Жәмила Қожалиновтер болатын. Олар қар­тайып, бұл өмірден өтті. Айтпақшы, егіздердің басым көпшілігі аралас некеден немесе түрлі ұлттар бар отба­сында туған. Қай­мағы бұзыл­маған Сона­лыда аралас некені баста­ған осы Біржан атамыз болыпты. Кемпірі Мария әжеміз былтыр ғана сексен­нен асып қайтты, арулап қойдық. Украин қызы еді. Ұлы Отан соғысы­на қатысқан Біржан ата­мыз елге аман оралады. Соғыстан кейінгі жылдары үш айлық курсты оқу үшін Украинаға бір нәрсесі ұмыт қал­ғандай тағы барады ғой. Ол кісі орысшаға шорқақ екен, оқуда біраз қиналса керек. Сонда осы Мария әжеміз жанып тұрған қыз екен, екі иығына екі кісі мінгендей сымбатты қазаққа орысша үйретіп те, күйеуге шығып та үл­геріпті. Екі ға­шық қол ұстасып, Соналыға кел­мей ме. Ауылды иіріп ұстайтын шалдар Бір­жанның бұл қылығын жақтыр­мапты. “Мұрнын шоштитып, көзін көкшитіп кімді әкелгенсің?” деп жі­гіт­ті ортаға алыпты, келінге түк­сиіп қарап­ты. Бірақ екі жас шал­дар­дың алдынан өтпей, “үнде­мей құты­­лыпты”. “Қарадомалақтар ал­дары­­нан жүгіріп шыққанда ауылдың шал­дарына менен жақсы келін бол­май қалды ғой”, деп әжеміз күліп отыра­тын таза қазақшасы­мен, – дейді Сәкең. Тың жерлер көтерілгенде Сона­лы­ның жігіт­тері қалыңдықты Бір­жанға ұқсап, сонау Украи­на­дан әкелмепті. Тыңға келген “комсо­мол­калар” қазақ­тың табалдырығын келін болып аттаған. Эстон қызы Людмила Валентиновна мен сона­лы­лық озат механизатор, кейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депу­тат болған Тараш Төле­генов той жасап, неке суын ішті. Солардан туған Ұлтуған бүгінде Біржан мен Марияның шаңы­рағын ұстап отыр. Орыс, эстон екі құдағи да қазақтың салт-дәстүрін ұстан­ды. Тіпті, Мария әжеміз ораза тұтты. Енді оның ұлы Болат пен келіні Ұлтуғаннан туған немересі Ермек өзбек қызы Гүл­бахорға үйленді. Осы мидай араласып кеткен ұлттардың барлығы да Біржан­ның шаңырағында қазақша сөйлейді. Соналы демекші, осы Соналы­ның жалғыз үй орысы бар. Нинель Сергеевна әжей он бала тауып, тәрбиелеп өсірген. – Тыңнан бері қанша жыл өтті, жарты ғасыр­дан асты ма? Осында қазақтардың ара­сында тұрып келе­міз. Балалардың бәрі қазақша сөй­лей­ді. Қазақтар соғымға шақырса, біз де шақырамыз, Наурызды бірге тойлаймыз. Дима деген балам осы ауылдағы Есеттің қызы Динара­мен көңіл қосып, үйленді, немерем бар. Келінім қолымда. Динараны аларда құда түстік, олар да бізді құда деп күтті. Қазақтармен төскейде малы­мызды ғана емес, жастықта басы­мызды да қосып, тағдырлас болып жатырмыз,–дейді Нинель әжей қария­лылық танытып. Егізден Нинель әже де құрала­қан емес. Тагиль округіне қарасты Ермаков шағын ауылындағы бела­рустардың алты жасар Миле­на-Милана деген егіз қыздары осы Нинель әжеге шөбере болады. – Егіздердің неге Тагильде көп туатыны бүгінгі ғылымдағы жұмбақ, – дейді ауыл әкімі Сағын­бай Қасенұлы әзілге ерік беріп. Расында, сырттай қарағанда Тагильдің басқа ауылдардан айыр­масы жоқ. Жұрттың қорадағы малы – күнкөрісі. Егін егетін 144 шаруа қожалы­­ғы ауылдың әлеуметтік-экономикалық тұтқасын ұстап отыр. Ауыз судың тапшылығы, жайылым­ның тарлығы, шөптің қымбаттығы сияқты өзгеге ортақ проблемалар мұнда да бар. Дегенмен, ауыл­дас­тар­дың белсенділігі мен ынтыма­ғынан ауыл­дың ішкі қуаты сезілмей қалмайды. Тагиль­де ересектер мен балалардың екі футбол коман­дасы ауданда ешкімге жүлде берген емес. Тагиль­діктер шетінен арқасы дуыл­даған футбол жанкүйері. Қазағы да, орысы да, татары да, бас­қасы да шетінен әнші екенін қайтерсің. Жас­тарын қойып, кәрі әжелер ансамбль құрып алған. Сарыкөлде мере­ке­лерді тагильдіктер сияқ­ты түрлендіріп жіберетіндер кемде-кем. Қор­жы­ны қаржыға орта демесең, ауылдың қожасы – Сағынбай әкім. Өткен Құрбан айтта ол құрбан шалғандарды ерінбей санап шықты. Тагильде – 67, Соналыда – 43, кішкентай ғана Ермаковте 7 түтін құрбан шалыпты. Қойды қазақ сойғанмен, оны көрші-көлем жейді, дастарқан жайылған жерде жақсы тілек айтылады. Бұл ауыл­дың тоқтығын ғана емес, ынтымағын көрсетеді. – Ауылдағылар маған не мәсе­ле­мен кел­мейді дейсің. Басы ауы­рып, балтыры сыздаса да, қарға адым жерге баруға көлік таппаса да, ең арғысы, үйде ыдыс-аяқ сылдыраса да маған ке­леді. Бірақ, ұлттық негізде мәселе қараған емес­­пін. Ал кімнен туса да егіздер Алланың бергені, олардың бәрі де Тагильдің тұрғыны, елдің байлығы, – деп қайырды сөзін мықшеге әкім. Осымен біздің әңгіме де тәмам. Назира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Тагиль ауылдық округі.