Қостанай облысының тұрғындары карантин тәртібіне байланысты енгізілген шектеу талаптарын бұзуын тоқтатар емес. Мұны өткен аптаның соңында ұйымдастырылған рейд шаралары барысында облыс орталығы мен Қостанай, Амангелді, Науырзым аудандарында өтіп жатқан 5 той мен екі астың үстінен түскен мониторингтік топ ревизорлары айтып отыр.
Мысалы, Қостанайдағы «Вест» дәмханасының тыйым салынған уақытта жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Сондай-ақ сенбі күні облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінде 50 адамның қатысуымен өтіп жатқан үйлену тойы тоқтатылды. Ал Науырзым ауданындағы «Дархан» кафесінде 60-тан астамға дастарқан жайылып, ас берілген.
«Барлық деректер бойынша материал жиналды. Қазір құжаттарды облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жібердік. Аталған мекемелердің иелері ҚР ӘҚ кодексінің 425-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады», деп мәлімдеді полиция департаменті бастығының кеңесшісі Елена Кашарина.
Бүгінде той-томалақтың науқаны мейрамханаларда ғана емес, жалға берілетін жеке үйлерде де қызып тұр. Мысалы, әлеуметтік желідегі хабарламалардан құдалық, мерейтой сияқты отбасылық мерекелерді өткізетін кең коттедждердің неше түрін табуға болады. Мұндай үйлерге сыйып кететін меймандар кемі 50-ден басталып 60-70-ке дейін барады. Бір-екеуіне қоңырау шалып хабарласып көріп едік, алдағы сенбі-жексенбіде бос болмайтын болып шықты. Одан Урицк көшесіндегі №19/2 коттеджге қоңырау шалдық. Алдағы демалыс күндері бұл үй де бос емес. Бағасын сұрап едік, «жұмыс күндері тәулігіне 50 мың, сенбі жексенбі күндері – 70 мың теңге. Біздің коттедж қаланың орталығында, ыңғайлы жерде орналасқан. 50 адам сыяды. Қоршау биік, ешкім көрмейді. Аулаға 8 машина сыйып кетеді. Музыканы да айғайлатып қосып қоюға болады, бөлек караоке залы бар. Қаласаңыз аулада монша бар, бірақ ол үшін бөлек есеп айырысасыз» деп зуылдап қоя берді.
Жалпы, мониторинг тобы тамыз айының басынан бері қарай жүргізген рейд шаралары барысында карантин талаптарын бұзудың 121 дерегі анықталған. Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен жедел штаб отырысында да талқыланды. Штаб отырысы барысында Қостанай және Арқалық қалаларының, сонымен қатар Жітіқара және Қамысты аудандарының әкімдері өздері басқарып отырған өңірдегі эпидемиялық жағдай туралы есеп берді.
«Азаматтардың карантин режімін бұзу фактілері жүйелі түрде тіркеле бастады. Облыста 28 сәуір мен 20 тамыз аралығында көпшілік орындарға барған «қызыл» және «сары» мәртебесі бар 1 323-тен астам адам Ashyq қосымшасы арқылы анықталды. Құрметті облыс тұрғындары, өздеріңіз бен жақындарыңыздың денсаулығы үшін жауапкершілік көрсетіп, COVID-19-ға қарсы уақтылы вакциналаудан өтуді сұраймын», деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, бүгінге дейін облыстың 286 095 тұрғыны вакцинаның бірінші компонентін еккізген. Ал екінші компонентті 225 385 адам қабылдаған.